Қысы-жазы сырттан келетін тауарларын сататын саудагерлердің көкөністерінен гөрі жергілікті бағбандардың өнімдеріне сұраныс көп. Жергілікті жерде өсірілген көкөністердің дəмі де ерекше! Көкөніс өсіруші ағайынды Зүлфиевтерді ауданда танымайтын адам жоқ шығар. Бірнеше жылдан бері бау-бақша шаруашылығымен айналысатын олар аудан жұртшылығын қысқы азықпен қамтамасыз етіп отыр.
25 шілде күні аудандық редакция ұжымы Құлынжон ауылдық округіндегі көкөніс өсіруші ағайынды Зүлфиевтердің шаруашылығына іс-сапармен барды. Биыл шаруашылықтағы 60 гектар жер телімге 50 гектарға жүгері, 4 гектарға орамжапырақ, 2 гектар сәбіз, 1 гектар 20 соттық жерге қияр және 2 гектарға күнбағыс егілген,- дейді бақшашы.
Жазда қияр мен қызанақ сатса, күз айларында ауылдастары Тоғай өндірген қырыққабат пен жүгеріні нарық бағасынан төмен бағада сатып ала алады. Өнім бағасы базардағыдан әлденеше рет арзан. Аудан әкімінің тапсырмасымен сенбі күндері Көкпекті, Самар ауылдық округтерінде өтетін жәрмеңкеге Т.Зүлфиев 50 қап қияр апаруды жоспарлап отыр. Ауыл жұртшылығына бұл дәруменді өнім қолжетімді бағада сатылатын болады.
Қыс бойы және келесі өнімге дейін жететін қор Бастаушы ауылындағы көкөністерді сақтау қоймасында сақталады. Еңбек адамды қанағатшыл болуға үйретеді, қарапайымдылық пен парасаттылық та еңбектен бастау алады. «Адамның бақыты еңбегі мен ісінде, жүрек қалаған, көңіл түскен істі істеген адам ешқашан жалықпайды, шаршамайды» - дейді, бүгінгі кейіпкерлеріміз. Көкпекті халқын көкөніспен қамтып отырған Зүлфиевтар жанұясы аудандағы еңбекқор адамдардың өнегелі үлгісіне айналған. Бақша өсіру - ата кәсіп 5 ұл тәрбиелеген,1 немеренің атасы. Тоғай Зүлфиевпен жары Михрибану Зүлфиева бүгінде бір ауданның халқын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «ағайынды Зүлфиевтар» атты шаруа қожалығын құрып, кәсіпті өркендетіп отыр. Сұлтан, Құдірет, Фархад, Азамат, Жахангір есімді бес ұлы әкесінің жанында сүйікті іспен, табысты кәсіппен шұғылданады.
- Шаруаны 2014 жылы бастадық. Құлынжон ауылдық округінен аздаған жер алып, оны отбасымызбен өңдедік. Ауыл жерінің топырағы бау-бақша дақылдарын өсіруге қолайлы. Әртүрлі көкөністерді еге бастаған соң, оны сатуды да қолға ала бастадым. Бүгінде көкөністерімізді Өскемен қаласы мен аудан тұрғындары сатып алады. Жер - тіршілік көзі, су - өмірдің нәрі. Бұл жердің топырағы дәнді дақыл өсіруге икемді емес деп ойлайды, алайда ептілік таныта білген адам топырақтан толағай өнім ала алады. Тәжірибесі мол бақшашы көп өнім жинаудың жалпы технологиясын да игеріп үлгерген. Шаруаның айтуынша, көкөніс тұқымы алдымен үй маңындағы жылы орында өсіріледі, ал тұқым Алматы қаласынан сатып алыныпты. Тұқым алуға 3 млн. 740 мың теңге жұмсалды. – Дән платмасса құтыларға егіліп, маусым бастал-ғанша ұсталады. Үй маңында шағын жылыжай бар. Қияр, орамжапырақ. қызанақ сынды көкөністерді наурыз айынан бастап-ақ өсіре бастаймыз. Ал күн жылынған кезде көшеттерді егістікке апарып отырғызамыз. Үстіне целлофан жабылады. Одан ары арамшөптерді жұлу, арық қазу арқылы суғару, бақша зиянкестеріне қарсы дәрілеу жұмыстарының барлығы дерлік техниканың көмегінсіз қолымен атқарылады. Табиғи тыңайтқыш қолданамыз, - дейді қожалық басшысы. Яғни, шаруа жаз қамын қыста ойлайтын көрінеді. Бақша өсіруші көктемде көшетін егіп, жазда оны бағып-қағып, күзде сатып рақатын көрсе, қыста оның жемісін жеп демалады. Күзде берекелі өнім алып, қысқа қажетті көкөніс қорын қамдап аудан халқының таршылық көрмейтіндігін айтады. Жер мен елдің жайын білетін, шаруа алдағы жоспарын айтып, өз ойымен бөлісті. Бүгінгі күні шаруашылықта ескі ЮМЗ тракторы ғана бар, алдағы уақытта техникалық базасын нығайту, көкөніс түрлерінің аумағын көбейту, көкөніс танаптарын сумен қамтып отырған арықты тазарту сияқты жоспарлары бар. Еңбек еткен адамның ырысы мол болады. Жергілікті өнім сапалы болумен қоса, бағасы да қолжетімді. Демек, табысын қағазбен емес, қолымен тапқан қарапайым шаруалардың ісі берекелі, нәсібесі ризыққа толы болсын демекпіз!
Барлығымыз да тосап қайнатып, қияр, қырыққабат тұздап қыстың қамына кірісудеміз. Дəруменге бай көкөністерді осы сенбіде өтетін ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне келіп, ағайынды Зүлфиевтардың экологиялық таза, дәруменге бай өнімдерін қолжетімді бағада сатып алуға асығыңыздар.
Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.