Ауылдық округтерге жұмыс сапарын аяқтаған аудан әкімі Асхат Смаилов шағын ауылдардың тірлігімен танысуын бастап кетті. Маслихат хатшысы Талғат Сармановпен бірге Егінбұлақ, Қарғалы-Комсомол, Шәріптоғай, Толағай және Көкжота ауылдарында болды. Шағын ауылдардағы үлкен тірлікке куә болып, аталмыш елді мекендердің түйінді мәселелерін шешу бо-йынша бірқатар маңызды міндеттер жүктеді.
Көп жағдайда назардан тыс қалып қоятын шағын ауылдарды бір шолып, ауыл ақсақалдарымен сәлемдесіп қайтты. Тіршілік қамына кіріскен ел азаматтарының арқасынан қақты. Ауылдағы ағайын атқамінер азамат барған бойда қолдары жетпей жүрген істі тындыруға қолқа салды. Әкім де қарап қалмады. Қиюы келген істі қиыстыратынын, сондай-ақ қаржы қамбасына салмақ түсіретін жұмыстың ойда жүретіндігін ашық айтты. Сондай-ақ әр ауыл тұрғындарымен кездесу сәтінде Асхат Сайдахметұлы бізде кері кетудің емес, алға жылжудың көрінісі барын жеткізді.
Егінбұлақ ауылына апаратын жолдың жөндеу жұмыстарын бағамдап, ауыз су мәселесін шешу бойынша тапсырма берді. Бұрынғы мектеп ғимаратының аумағындағы құдыққа су сору құрылғысы орнатылып, электр желісімен қамтамасыз етіледі. Шағын ауылда үлкен тірлік жасап жатқан Егінбұлақ тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Шәріптоғай ауылындағы жылыжайда болып, іскер азаматша Гүлнәр Сарымсақованың еңбекқорлығына тамсанып, кәсібі жергілікті билік тарапынан қолдау табатынына сендірді. Шәріптоғайдың жылыжайында өсірілген гүлдер ауданды абаттандыруға қызмет ететін болады.
Көкжалдай көкпаршы азаматтарымен елге танылған Көкжота ауылына табан тіреген аудан әкімі жергілікті халықтың берекелі бірлігіне дән риза болды. Тұрғылықты мекені ат төбеліндей шағын ауыл болса да үлкендерінің ақылына жүгіне отырып, жастарды бірлікке тәрбиелеп отырған ауыл азаматтарының бұл тірлігі елжандылықтың белгісі. Халқымыз «Ауылын көріп, азаматын таны» демей ме, өз күштерімен мешіт тұрғызып, ауылды абаттандыруды жоспарлаған көкжоталық азаматтардың құлшынысы жоғары.
Асхат Сайдахметұлы облыстық спартакиадада аудан намысын қорғап, мерейімізді үстем еткен көкпаршы жігіттермен танысып, жылқыларын ұстап отырған қора-жайларын көрді. Қанат Биқатов жетекшілік ететін көкпаршылар қазіргі күні ескі қорада жылқыларын ұстап, додаға жалдамалы көлікпен жетуге мәжбүр. Аудан басшысы жуық арада аталмыш мәселе оңынан шешіліп, ауданда ат спорты мектебін құру туралы жоспарын айтты. Көкпаршылар мен атбегілер штаттық жұмысқа алынады. Көкпарға түсетін мықты жылқылар сатып алынып, көлік жағы қарастырылады.
Ауыл мектебінде жеңімпаз көкпаршыларға сый-құрмет көрсетіліп, кездесу кеші ұйымдастырылды. Асхат Сайдахметұлы ауыл азаматтары берген ауызашарға қатысып, елдің үлкендерімен әңгіме дүкен құрды. Ұлттық ойынды дәріптеп қана қоймай, аудан намысын лайықты қорғап жүрген азаматтардың қашанда аудан басшылығының қамқорлығында болатындығын жеткізді.
Әкім жайдан-жай табан тоздырған жоқ. Ауыл тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түрді. Қай кезде болмасын, ел тұтастығының кілті бірлікте екенін баса айтты. Халқына жақын әкімнің жұмыс сапары шалғайдағы шағын ауылдарда жалғаса бермек.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.