Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов ауданымызға қарасты Көкжайық, Үлгілімалшы, Үлкенбөкен ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болды.
Ондағы мақсат - әрбір округтегі халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысу болса, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйін де көріп қайту. 15 мамыр күні танысу іссапарын Көкжайық ауылынан бастаған аудан басшысы бірінші кезекте «Елім-ай» шаруа қожалығына атбасын тіреді. 1996 жылдан бері халықтың игілі үшін еңбек етіп келе жатқан алдыңғы қатарлы «Елім-ай» шаруа қожалығының басшысы Түсіпбай Миғражұлы Бекбердинов аудан басшысына шаруашылықтың мән-жайын баяндап берді. Сондай-ақ, Асхат Сайдахметұлы егіс алқабында көп функциялы «Джон дир» тракторының технологиясымен және астықты өңдеп жатқан жұмыс жүйесімен танысты.
Аудан басшысын Көкжайық ауылдық округ ғимаратының алдында қарсы алған ауыл тұрғындары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұқан Қалиқанов өзінің жылы лебізін білдірді:
- Бүгін біздің ауданға мақсатты жұмыспен келіп отырсыз. Барлық ауылдарды аралап, хал-ахуалын көзбен көріп, түйінді мәселенің шешімін табатын шығарсыз. Біздің ауданымызға қош келдіңіз, алдағы жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін! - деді.
Көкжайық ауылындағы жекеменшік «Бөбек лүпілі» балабақшасы қызметімен танысқан басшы ұжымның балалардың ойнауына, ойлау қабілетін дамытуға себеп болар қажетті көрнекіліктермен қамтылуын, жинақылығын көріп бала тәрбиесіне қосып келе жатқан еңбектеріне табыс тіледі. Ал, Көкжайық білім ордасының бүгінгі ғимаратымен танысқан аудан басшысы ондағы білім сапасы, басталғалы жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары жайында ақпарат алды. Мектеп ғимаратының жөндеуден өтуіне жауапкершілікпен қарауды және спорт залда жуынатын бөлме болуын қажет екенін айтып, келесі жаңа оқу жылына жақсы білім сапасын көрсетуге жұмыс жасауға мектеп директоры Сәуле Нукушеваға тапсырма берді. Мектептің жағдайын жақсарту үшін мектеп бітіруші түлектерімен «Мектепке тағзым» акциясы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді талап етті.
Көкжайық ауылында бұдан басқа да халық игілігіне жұмыс жасап тұрған нысандар бар. Ол медицина пункті, мұндағы білікті мамандардың жұмысына аудан басшысы оң бағасын берді.
Түсте бұл сапар Үлгілімалшы ауы-лының әлеуметтік нысандарын аралаумен жалғасып, тұрғындардың жағ-дайымен танысты. Округтегі облыс бойынша пилоттық мектептердің бірі Үлгілімалшы ауылындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінде болған Асхат Сайдахметұлы қыркүйек айында мектепке дейінгі даярлыққа 3-ші топ ашудың қажеттілігіне тоқталды. Ол үшін ауылдық округ әкіміне, мектеп директорына ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді тапсырды.
Ал, Үлкенбөкен ауылы қажетті нысандармен қамтылды десек те, аудан басшысының қатысуымен шешілетін қажеттіліктер де жоқ емес. Оның бірі ауыл клубы ғимаратының бүгінгі көрінісі көрер көзге сын көтермейді. Осыдан көп жылдай бұрын салынған ескі ғимарат қайтадан жөндеуге келмейді. Үлкенбөкен ауылының тұрғындары бұл туралы да құлаққағыс етіп, өз сөздерінде жаңа әкімнен өнер ордасына жаңа ғимарат салып беруіне үлес қосуын сұраныс етіп қойды.
Аудан әкімі әуелі Үлкенбөкен мектеп-балабақша кешенінде болып, білім беру ошағының жай-күйіне қанықты. Онда Асхат Сайдахметұлы мектептің физика, химия кабинетінде болып, оқушылардың жаңа технологияны меңгеріп жатқанын көрді. Сондай-ақ ол мектеп түлектерінің алда тапсыратын ҰБТ-ға дайындығын сұрап, жоғары нәтижеге қол жеткізу қажет екенін қадап айтып, бұл сынаққа ата-аналарды жұмылдыру керектігін де тілге тиек етті. Мектеп басшысы Айсұлу Егеубаеваның айтуынша, оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы ойдағыдай.
Сондай-ақ, сапар барысында аудан басшысы Үлкенбөкен ауылында жаңадан ашылған «Шығыс Қазақстан облысы арнайы ерекше режимдегі мектеп-интернаты» мекемесінде болды. Аталмыш мекеменің жағдайымен мекеме директоры Марат Мерғалымұлы Камитов таныс-тырып өтті. Қазіргі таңда, онда барлығы 13 бала тәрбиеленуде. Олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып болған Асхат Сайдахметұлы оларға өз тілегін білдірді:
- Осындай мекемеден білім, тәрбие алып жатқан сендерден тәрбиеші апайларың үлкен үміт күтеді. Сендер үшін жақсылық жасап жатыр, сол жақсылықты түсінеді деп сенемін. Ел ертеңі сендерсіңдер, сондықтан да Отанына, еліне жеріне адал азамат болып өсулерің қажет, - деп ойын түйіндеді.
Жұмыс сапарының барысында алдағы күнде атқарылар бірқатар шаруалар өз кезегімен шешіліп те жатты. Үлкенбөкендік іскер азамат Әнуар Үмітпаев брусчатка құю цехының жұмысын өрге домалатып отыр. Тіпті, көршілес аудандардан да тапсырыс алатынын жасырмады. Қолынан іс келетін еңбекқор жастың тірлігіне риза болған Асхат Сайдахметұлы осындай жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсететінін айтты. Аудан ауылдарын абаттандыру бағытындағы жұмыстарға өзіміздің кәсіпкерлер өнімі қолданылады. Үлкенбөкендегі Жеңіс саябағының жөндеу жұмыстарына қажет болатын брусчаткаға алғашқы тапсырыс та жасалды.
КЛАРА ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.