Ақпан айының басында бастау алған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған аудандық көркемөнерпаздар байқауы жалғасуда. Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде Шұғылбай, Сарыбел, Теректі, Палатцы, Тассай ауылдық округтері өнерпаздары концерттік қойылымдары болып өтті. Ауыл өнерпаздары өнерлерін аудан орталығы жұршылығы жылы қабылдап, сүйсіне қошемет білдіруде. Өнер байқауы шымылдығы әлі жабылған жоқ.
Шұғылбай ауылдық округі көркемөнерпаздары байқауын ауылдық округ әкім Қайрат Алғазинов алғы сөзбен ашты. Ойын-сауыққа жиналған аудан орталығы халқына алда болатын Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алуды айта келіп, айтулы мерекеге ауылдық округ көркемөнерпаздарының концерті ұсынылатын жеткізді.
Ауылдың алты ауызын құдіретті қара өлеңмен жеткізген шұғылбайлық әжелер ансамблі халық әні «Дедім-ай ау» сазымен туған елге сәлемін жолдады. Ән мәтіні мен әуені келісіп, әсем киінген аппақ әжелер сахнаны түрлендіріп жіберді. Әжелердің әсем дауысына риза көрермен ән біткеннің атасы Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін шалқытқан жігіттер тобында зор қошеметпен қарсы алды. Үнді биін үнділіктерден артық билейтіндегіміз Айзере Алғазинованың орындауындағы биден көрінді, балғын биші би қимылын, саз ырғағымен келістіріп, әсем ұлттық киімімен де ерекшеленді.
Сахна төріне ілінген көркем банер бүгінгі байқаудың мән-мағынасын ашып тұрды. Бұдан әрі жалғасқан нөмірлер Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әні орындалғаша толастамады. Абай әні акапелла ретінде орындалды. Түрлендірген төрт дауыстағы жігіттер ән жауһарын әр нотаның биігіне жеткізіп, асқан жігермен салды. Сахнаны безендіру, әртістерге киім таңдау, қойылымға костюм дайындау зор талғаммен жасалғаны көрініп тұрды. Ең бастысы көркемөнерпаздардың сахна мәдениетін меңгергендері көңіл көншітті.
Сарыбел ауылдық округі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы ереже талаптарына сай жасақталған. Жанрлық ерекшелік, ауылдық округ ұжымдары қатысуы толық қамтылған.
- Құрметті көкпектіліктер! «Астана – Қазақстанның қасиетті орталығы» атты Көкпекті ауданының ауылдық округтері арасында 2018 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында өтетін көркемөнерпаздар байқауына Қалба тауының басталар биіктерінен, Бұқтырма жағалауынынан сарыбелдік өнерпаздар да ат терлетіп жеттік. Байқаудың мақсаттары мен міндетерін қалай орындағанымыз қойылымдарымыздан көрінер. Өнерпаздар арасында жетпіс жасты еңсерген ақсақалдар мен жетідегі балдырғандар да бар. Көрермендер мен қазылар әділ бағасын береді деп сенеміз – деді, өз сөзінде ауылдық округ әкімі Санат Қарымсақ. Гитараларын күйлетіп сахна төріне 70 жасты еңсерген Талғат Арқабаев пен Қазбек Аязбаев «Малиновый звон» әніне салып шыққанда Сарыбелде сарғайып бататын алтын күннің шапағы нұр шашқандай жайнатты. Сарыбелдік өнерпаздардың драмалық қойылымдары мен вокалды нөмірлері көрермендерге жақсы әсер қалдырды. Ойын-сауық аудан орталығы тұрғындарының көңілінен шығып, жақсы демалыс сыйлады.
Теректі ауылдық округінен келген байқауға қатысушылар санының өзі 60 адамға жетті, залда көрермен де көп болды. Өнерпаздар құрамы ауылдағы мамандық иелерінің түгелінен жасақталыпты – зейнеткерде, кітапханашы да, көлік жүргізуші мен фельдшерде, мектеп оқушысы мен мұғалімі де осында. Ауыл намысы үшін барын салып жүрген өнерпаздар. Әсіресе, Астанға арнаған өлең шумақтарын мәнерлеп оқыған Дария Дарханқызы, Мадина Латфулова, Зерде Әнуар, Еркебұлан Бытымбаев, Қаракөз Жұмабекова, Азамат Бақытжанов, Диляра Оспанова, Жұлдыз Төлегеновалардың сахнадағы тәртіпті сақтауы, өлең оқудағы дауыс екпіндері айрықша болды. Әсем Астанаға, бағаналы ордамызға арнаған ыстық ықыластарын тап-таза бала көңілмен жолдады. Ақ кимешек, шылауыштарына әсемдетіп өңір салған теректілік апалардың сәніне жетер ешкім болмады. Жас ерекшеліктеріне сай таңдалған камзол, етегін алтындатқан шәйі көйлек «Сәулем-ай» әнінің ырғағымен тербелтілген әжелер қимылымен жалт-жұлт етіп жарқырайды. «Теректіден жетер деп салған әнім» дегендей әнші әжелердің әсем дауысы, сиқырлы әуені әр жүректегі сәулем-айларына жетіп жатқандай болды. Бұдан әрі орындалған нөмірде – қазақ биі де, вокалды аспаптар ансамблінің әндері де, зейнеткер әнші, өнерпаз Бақтикамал Исанова орындаған Үкілі Ыбырайдың термесі де тыңдаушысын бей-жай қалтырмастай болды. «Ерке-Нұр» балабақшасының қызметкерлері орындаған орыс биі «Калинка» ойын-сауықты шарықтау шегіне жеткізіп, залды дүр сілкіндірді. Теректі ауылдық округінен келген өнерпаздардың байқауға аса зор ыждағатпен, тыңғылықты дайындалғаны, өз қызметін мүлтіксіз ұйымдастыра білетін, аудан мәдениетіне көп еңбек сіңірген Дәурен Әділханұлы Сәрсенбаевтың басшылығымен болғаны сөзсіз еді.
Қарабұжыр Қалбатаудың әсем қой-науларының бірі Палатцы ауылдық округінде орналасқан Қараш. Округте Палатцы, Песчанка, Подгорное деген елдімекендер бар. Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі сахнасында осы аймақтың көркемөнепаздары өнер көрсетті. Байқау ережесіне сай даярланған 15 нөмірде залдан өз көрерменін тауып жатты. Әсіресе, көкпектілік көрермендерге Екатерина Кронвальд салған «Как не любить эту землю» әні Қараштан жеткен ыстық сәлемдей әсер берді. Палатцыдан келген көркемөнерпаздардың ойын-сауығы әділқазылар мен тамашалаған елдің көңілін көтерді. Байқаудың дайындығы барысында күш-жігерін, өнері мен жастық жалынын аямаған округ әкімі аппараты бас маман хатшысы Раушан Оразаева болды.
«Тассай ауылдық округі көркемөнерпаздарының концерті болады» - дегенді естіген көкпектілік өнер сүйер қауым мәдениет үйінің көрермен залына лық толды. Тіпті залға сыймай түрегеп тұрғандар да болды.
Тассайлықтардың қойылымын 40 адамнан сайланған хор, айтулы әнші Роза Әлқожа орындайтын «Атамекен» әнімен бастады. Хордағы дауыс бойынша орналасу, әншілердің киімі, түр-келбеті ерекше таңдалып, ретті орналасқан. Хор басқарушының белгісімен алынған бірінші нотадан-ақ дайындықтың сапалы екені білініп тұрды. «Атамекен» әні әрбір тассайлықтың туған жерге, өскен елге деген зор құрметіндей естіліп, қайратты үн, қажырлы екпінмен шырқалды.
Хордан алған әсеріміз тарқамай-ақ «Шығысым шырайым» - деп екпіндете тақпақтатқан Олжас Әміровтың мәнерлі үні намысымызды жанып, елге деген мақтаныш сезімін алаулатты. Келесі кезектерде орындалған Біржан Байжұмановтың салған әні, кішкентай бүлдіршіндердің «Қуыршақ биі», әжелер салған «Беу айдай» әуенімен астасып, көңіл серпілтті. Қазақ күй өнерінің керемет құбылысы, күйші Шәміл Әбілтаевтың «Қазақстан-Нұрсұлтан» күйін орындаған Біржан Байжұманов саздың мазмұны мен сырын көрерменге дәл жеткізді. Өзбек биін алашапандылықтардың өздерінен артық орындайтын біздің қыздарымыздан кейінгі төгілген «Ал құрбым» әні Гүлнәр Қамзина мен Айман Бапабаеваның орындауында ерке самалдай есіліп, әсем қалқыды. Тассай ауылы мәдениетінің корфейі Смағұлов Нығметжан Жағыпарұлының «Жонып алдысы» кешегі сал Біржанның махаббат мұңын, сүйіспеншілік жырын Көкпекті сахнасынан Көкшеге ұшырғандай болды. Сонау жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарындағы Тассай драмалық халық театрының өлмегенін көрсеткендей «Электрик» қойылымы да сәтті шықты. «Балбырауын» күйін бебеу-леткен ансамбль нөмірін, ерлер мен қыздар вокалды топтары жалғастырып, ерлік пен өрлікке шақырған «Батырлар» биіне ұласты. Орыстың халық әні «Конь» орындалғанда тассайлық қыздардың елі мен жері үшін «шапқан атты тоқтатар, жанған отқа сескенбей кіреріне» көзіміз жеткендей болды. Жасөспірім, жаңа талап Жанболат Сахипжанов салған туған жер әні тассайлықтардың бүгінгі қойылымдарда айтар тілектерінің түйініндей әркімге, әр азаматқа «ардақтаңдар туған жерді» - деп тұрғандай еді.
«Астана – кеше және бүгін» әдеби-сазды қойылымы бүкіл байқаудың мақсаттары мен міндеттерін толық ашып, тассайлықтардың межелеген мұраттарына жеткендіктерін айқындады.
ҚАЙРАТ МӘЛІКАЖДАРОВ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.