Самар ауылының Мәдениет үйінде Көкпекті ауданы әкімінің жыл сайын балаларға шексіз қуаныш пен шаттық сыйлайтын дәстүрлі шыршатойы өтті. Мерекелік ертеңгілік салтанатына 80-ге жуық жетім және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар шақырылыпты. Орман алқабынан келген сұлу шырша – әсем безендірілген залда өз қонақтарын күтіп тұр.
Жыл сайын үлкен де кіші де тағатсыздана күтетін жаңажылдық шыршатойға көңілді байқауларды, таңғажайып ертегілерді, шыршаны айнала ән айтып, би билеуді ұнататын қонақтар жиналған. Олар үшін Мәдениет үйі қызметкерлері аса қызықты қойылым дайындапты.
Мерекелік бағдарламаның жүргізушісі көңілді әрі бір орында тұрмайтын Аққала (Лариса Гебель) және Балалар өнер мектебінің директоры Асқар Сүлейменов әрбір қатысушыны өзін еркін ұстап, қызықты ойындар мен байқауларға және викториналық сұрақтарды шешуге тартумен болды.
Театрландырылған көріністің ең қызықты оқиғасы 2018 жыл иесі - Иттің (Е.Амиров) қатысуы. Адам баласының ең жақын достарының бірі – ит, қатысушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтау сәтін асыға күткен еді. Өтіп бара жатқан жылдың иесі - Әтеш те (А.Жалел) балалармен кездескеніне, жыл тізгінін келесі жыл иесіне салтанатпен тапсырғанына аса қуанышты болды.
Мереке жалғасып, балаларға қонаққа көңілді әуен ырғағымен өзіне-өзі сенімді де сымбатты Мысық (М.Клейн), сондай-ақ, ертегі кейіпкерлері болып киінген Балалар өнер мектебінің қызметкерлері келген сәті ерекше тартымды болды. Таңғажайып кейіпкерлердің ортаға қосылуы мереке шырайын онан сайын арттыра түсті.
Мерекелік шыршаның ізгі тілектер мен жақсы лебіздер арнайтын сәті де басталып, аудан әкімі Рамиль Нығметжанұлы Сағандықов түрлі кейіпкерлер болып жасанған балдырғандарды Жаңа жылмен құттықтады.
– Қымбатты балалар! Сіздер үшін ең бір есте қалатын, жаңа үміттер мен жаңа қуаныштар сыйлайтын бүгінгі Жаңа-жылдық мерекелеріңмен! Міне, табалдырықтан аттап, жаңа 2018 жыл да келіп жетті. Өткен жыл барлықтарыңыз үшін жарқын естеліктерімен, айтулы оқиғаларымен жадымызда сақталатын, бақыт пен шаттыққа толы жыл болды. Сондай-ақ, 2017 жыл сіздер үшін Қазақстан бүкіл әлемге ЭКСПО халықаралық көрмесімен әйгілі болуымен ерекше. Қымбатты достар! Сіз-дерге әлемдегі барлық бақыт пен бейбітшілікті, мейірімділікті тілеймін. Сабақтарыңды жақсы оқып, тек қана «бестік» бағалар алыңдар. Ата-аналарың мен ұстаздарыңды құрмет тұтыңыздар. Жүздеріңізден қуаныш нұры төгіліп, әрдайым бақытты балалықтың сыңғыр күлкісі үзілмеуін шын жүректен тілеймін, - деп Рамиль Нығметжанұлы балақандарға ыстық лебізін жолдады.
Жаңажылдық той-думан барысында сағындырып ортаға келген Аяз ата мен Қаршақыз көрермендерді ғажайыптар әлемі-не жетелеп, бірге билеп, ән салды. Бар өнерлерін Аяз ата мен Қаршақыз алдында жайып салған қатысушыларға олар тәтті сыйлықтарын ұсынып, мәз-мейрам етті. Сұлу шырша жанында қол ұстасып әнге салып, тақпақтар оқып, сиқырлы билерді билеген балалардың бақыттан басы айналды.
Шыршатой соңында мереке барысында, әсіресе, қолдан бар өнерін салып тігілген киімдерді тамашалап, олардың тартымдылығына, маңыздылығына қарай баға берген әділқазы мүшелері костюмдерді ерекше атап өтті.
Бірінші жүлделі орын (Шәріптоғай ОМ) Батыр киіміндегі Рамиль Смағұловқа, екінші Көкжота ауылынан Ит болып киінген Дильназ Ахмадиеваға, үшінші орын Алтын адам киіміндегі Көкпекті ОМ оқушысы Нұрали Серікұлына берілді. Жалпы алғанда 20 бала жаңажылдық костюмдер үшін сый-сияпаттарға ие болды. Қиялдан туған сан түрлі костюмдер киген балалардың жүздері қуаныш пен бақыттан бал-бұл жанып, бүгінгі шыршатойдың мәнін толықтыра түскендей. Шыршаға келген әр бала назардан шет қалмай, аудан әкімінің сыйлығы мен тәттілерге толы қалталарды алды.
Аудан әкімінің жаңажылдық шыршатойы балақайлар үшін шын мәніндегі үлкен сыйлық екені анық. Дәл осы мерекеде олар шын көңілмен сыйлықтар мен ғажайыпты күтеді. Ертең есейіп, еліміздің үлкен азаматтары болып өскенде, олар осындай бақытты сәттерді еске алатын болады.
Қанат АПСАДЫҚОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.