Құрметті оқырман! «Ойтолғау» кітапсүйер қауымға жол тартты. Бұл кітап «Ақжайлау», «Ұмытпа мені, Ақжайлау», «Ұлыны ұлықтау ұлт парызы» кітаптарының авторы Ратбек Арынұлының жаңа туындысы. Автор өзінің өмірден түйгендері мен көрген-білгендерін ой елегінен өткізіп, жаңа шығармасына өзек еткен.
Алғашқы еңбек жолын ұстаздықпен бастаған Ратбек Арынұлы, Ақсуат ауданындағы «Еңбек туы» газетінде журналистік қызметпен жалғаған. Көп ұзамай Көкпекті ауданының «Жұлдыз» газеті редакциясына шақырылып, «Адам және Заң» айдарымен арнайы бет шығару жүктемесін абыроймен атқарады. Кейіннен аудандық партия комитетінің жолдамасымен ішкі істер бөлімінде қызмет етіп, майор шенімен отставкаға шығады.
Ратбек Арынұлы өз кітаптарымен, ақындығымен қоса аудан жұртына турашылдығымен, ащы шындықты бетке айтатын батылдығымен де әйгілі. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары ауданымыздағы тіл басқармасында төрағалыққа тағайындалып, көпұлтты Көкпекті ауданында қазақ тілінің мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосты. Оның мақалалары республикалық, облыстық басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Республикаға тарайтын «Ертіс өңірі» газетінің Көкпекті ауданындағы тілшісі болған жылдары Ратбек аға есімдері елге танымал К.Бәшеев, С.Төлеуов, Қ.Сабырбаев іспетті журналистермен қызмет етті. Қаламы қарымды журналистің шығармалары Қабдеш Жұмаділов, Герольд Бельгер сияқты ауыздары дуалы классик жазушылардың назарына шалынған. Бұл кітап авторы үшін үлкен абырой болса, жерлестері үшін зор мақтаныш.
Қазақ халқының басынан өткен небір «тар жол, тайғақ кешулер» мен қоғамда орын алған келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайтын және әділдікті тура айта білетін шыншыл ақынның шығармалары қысқа да нұсқа жазылған. Кітап тілі жатық, оқуға жеңіл, қалың оқырманның көңілінен шығатынына сенімдіміз.
Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.