Көкжайықтағы есептік кездесу тұрғындардың көпшілігімен көзге түсті. Аудан әкімі Рамиль Нығметжанұлының дәстүрлі есебіне облыстан келген арнайы өкіл Туризм басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев қатысты. Сонымен бірге, ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Мұқашев, мәслихат хатшысы Т.Сарманов, жергілікті полиция басшысы Ф.Мавлютов және дербес бөлім басшылары атсалысты.
Ауылдың барлық қызметі бір жерге шоғырланған орталықтағы мәдениет үйінің залы Көкжайық тұрғындарына лық толды. Округ әкімі Нұрбек Сүлейменовтың жылдық қорытынды есебі де жақсы қабылданып, жарыссөзге шыққан тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деген баға алды.
- Округ бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарына 8914 бас ірі қара, 7183 қой және 2300 бас жылқы тіркелген. 15 мың гектар жерге дәнді дақылдар себіліп, толықтай жиналды. Барлығы 273 бала мектепте білім алады. Балабақшаға 45 бала тәрбиеленіп жатыр. Қарамойыл ауылында «Талап» шаруа қожалығының қолдауымен ішкі жолдар жөндеуден өткізілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында көшелердің ішіне жарық тартылды. Ақой ауылында «Рустам» шаруа қожалығының демеуімен ауыл ішіне жарық тартылды. Биылғы жылы бұл жұмыстар жалғасын табады, - деді округ әкімі.
Баяндамада өткен жылы Ақой ауылында 200 адамға арналған клуб ашылып, елге қызмет көрсете бастағаны айтылды. Бұл игілікті істі қолға алып, сәтті жүзеге асырған «Рустам» шаруа қожалығы ағымдағы жылы ауылдың медпунктін жөндеуді мақсат етуде. Атпал азаматы бар ауылдардың ажары күннен күнге көріктене түсетіні осыдан белгілі.
Учаскелік полиция инспекторы Дулат Сабуров негізінен Үлгілімалшы ауылына жауапты қызметкер. Былтырғы жылы Көкжайық ауылының учаскелік инспекторы зейнеткерлік демалысқа шығып, уақытша соның қызметін атқарған. Аз уақытта атқарған істері де аз емес екен сөзіне сүйенсек. Округ әкімі таяу арада бұл мәселе оң шешімін табатынын жеткізді.
Аудан басшысының баяндамасын тындаған ауыл тұрғындары пікірлерін ортаға салып, ойларын ашып айтты. Жарыссөзге шыққан ауыл ақсақалдары ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсіп отырғанына қуаныштарын жасырмады. Аудан басшысының осы бағыттағы жұмысына сәттілік тіледі. Жас маман Магмура Хамитова жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға тоқталса, ауылдың данагөйі Тоқан Жазнаев ақсақал қоғамды толғандырған түйткілді мәселелер туралы сөз қозғады.
Есеп беру барысында қойылған сұрақтардың дені ауылдық округтің шеңберінде шешілетін мәселелер. Ауыл ішінің тазалығы, қаңғыбас итермен күрес, жолдарды қардан тазалау округ әкімінің құзырында. Соңғы екі-үш жылда үздіксіз көтеріліп келе жатқан Үлкенбөкен-Үлгілімалшы жолының жөндеу жұмысын аяқтау мәселесі бұл жолы да назардан тыс қалмады.
Аталмыш сұрақ Үлгілмалшы тұрғындарымен өткен есептік кездесуде де тілге тиек етілді. Аудан басшысы тіршілік күретамыры саналатын жолдың жөндеу жұмыстары үнемі бақылауда екенін айтты. Аудан бюджетінен мүмкіндігінше қаражат бөлініп те отыр.
Үлгілімалшыда келелі кеңес болды. Басқа ауылдардан бір ерекшелігі ауыл тұрғындары күнделікті күйбің тірлік мәселелерін көтеріп қоймай, қоғамдық маңызды мәселелерді қозғады. Ел ағалары ақылын айтып, билік өкілдеріне бағыт нұсқады. Елбасына деген ризашылықтарын жасырмай, аудан әкіміне алғыстарын айтты.
- Аудан әкімі мен ауыл әкімінің есептік баяндамасын ортаға салған кездесуде көтерілген бірқатар мәселелердің қолға алынып, шешіліп жатқаны көңілге медеу. Былтырдан бері көшемізге жарық келді, медицина саласына жаңа автокөлік берілді, біраз жол жөнделді. Ауылымызға деген дұрыс көзқарас көңілге үміт ұялатты, - дейді ауыл азаматы Болат Смайылов.
Ел ағасы бірқатар күрделі мәселелерді де ашып айтты. Ауыл тұрғындарының ауызсу мәселесі, имандылық, жолды жөндеу, халық арасында мемлекеттік бағ-дарламаларды түсіндіру, клуб үйін іске жарату, мал жайылымын ұйымдастыру сынды көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды көтерді.
Жас болса да жақсы істерге бас болып жүрген округ әкімі Мерей Смағұлов өз баяндамасында атқарылған істерге тоқталып, алдағы міндеттермен таныстырды. Жас әкімнің еңбегіне ризалығын ауыл тұрғындары, ақсақалдар болып әділ бағасын берді.
Аудан басшысы есептік баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың барлығына жауап берді. Сөз соңында еліміздің өсіп-өркендеуі береке мен бірліктің жемісі екеніне баса назара аударып, жарқын болашақ үшін ерінбей еңбек етуге шақырды.
Нұрлан Ермек, Үлгілімалшы және Көкжайық округтерінің депутаты;
- Жыл сайынғы есептік кездесулер халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналғаны қуанышты. Көпшілік көптен күтетін науқан. Есептік баяндамадан мемлекеттік бағдарламалардың аудан дамуына қосқан орасан әсерін анық байқауға болады. Өңірлік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.