«ЖАЙДАРМАННЫҢ» ЖАЙСАҢДАРЫ ЖИНАЛДЫ
Ағымдағы айдың 18 жұлдызында Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінде Көкпекті жастар орталығының кубогы үшін облыстық жайдарман ойындары өтті. Облыстық деңгейдегі шара аймақ, аудан көлемінде өнер көрсетіп жүрген ең таңдаулы құрамалардың басын қосты. Әзіл кешінде көңілді де тапқырлар командалары қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Көрерменді күлкіге қарқ қылып, ойландырды.“Жайдарманның” айтулы көңілді кешін облыстық көңілді тапқырлар клубының директоры Ақбар Түсіпбеков жүргізді. Астарлы әзіл, заманға лайықты талғам көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты. Жиналған қауым құрмет-қошемет түрінде толассыз қол шапалақтады. Әсіресе, алыс аймақтардан келген командалардың әзілдері ерекше әсер қалдырды. Сайыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласының «Селт еткізер» атты командасы өткір әзілмен, ұтымды қалжыңмен ерекшеленіп, Көкпекті жастар орталығының кубогын жеңіп алды.
ТАЗАЛЫҚ - ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ
Самар ауылында алдын ала хабарландыру беріліп, белгіленген күні зират басын тазалау сенбілігі өтті. Сенбілікті Самар ауылдық округі әкімінің қолдауымен Самар орталық мешітінің алқасы ұйымдастырды. Сенбілікке жалпы ауылдың тұрғындары жиналып, зират ішін тазалап, маңайын қоқыстан арылтып, гүл, тал, жеміс ағаштарын екті. Сыртқы қоршауын сырлады. Жиналған қоқыстар бірден көліктерге тиеліп, арнайы күлтөбеге жеткізілді. Соңынан барлық жиылған жамағат «Қайнар» мейрамханасында аруақтарға құран бағыштап, ас берді.
Ауылдық округ әкімі С.Дүсіпов жиналған халыққа қолдау көрсетіп, бір кісідей атсалысқандары үшін алғыс айтты. Себіліктің өтуіне және ас беруге ауылдың шаруа қожалықтары «Қалисатарұлы», «ЕңбекАгро», кәсіпкерлер Н.Шапибаева,Б.Сембинова және «Нұржамал», «Ғалия», «Волна» дүкендерінің иелері көмек көрсетті.
Сарыбел ауылында зиратқа баратын жол тегістеліп, көпір жөнделді. Оған ауыл молдасы Қ.Асылбаев мұрындық болды. Мұндай сенбілік Белое ауылында да өткізілді. Ауылдық округ әкімі М.Жанкебаев, молда Е.Низамиев бас болып, ауыл мұсылмандары бейіт басын тазалап, соңынан асханада құран-қатым түсірді. Ардагерлер кеңесінің басшысы Қ.Дайынбеков ауылдастарына алғыс айтып, бата берді. Бастаушы ауылында да мешіт молдасы С.Смағұлов ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, зират басы тазаланды, ас берілді. Мұндай сенбілік Көкжыра, Миролюбовка, Қараш, Палатцы ауылдарында да өтті.
Бекболат Кәлебай,
Самар орталық мешітінің имамы
ДАРЫНДЫ БАЛА – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
Біздің мектебімізде «Жас ғалым» атты оқушылардың ғылыми-зерттеу қоғамының құрылғанына бірнеше жыл болды. Бұл қоғамға дарынды, білімді, олимпиадалар мен әр түрлі жарыстардың жеңімпаздары және ғылым мен зерттеушілік жұмыстарға қызығушылық танытатын 1-11 сынып оқушылары қабылданады. Дарынды оқушылармен жұмысты мектеп психологі А.Кезеңбаева, «Дарын» орталығының жетекшісі Ә.Қожахметова және пән мұғалімдері бірлесе отырып жүргізеді. Биылғы оқу жылында бастауыш сынып оқушылары мен ғылыми-жетекшілерінің басқаруымен 6 жоба, ал 5-9 сыныптар аралығында 10 жоба бойынша мектепішілік сайыс өткізіліп, үздіктері ауданға ұсынылды.
Барлық пәнді қамтыған аудандық ғылыми-жобалар сайысында 6 «Ә» сыныбынан О.Құмарбек, Ә.Құрманбаев, 8 «А» сыныбынан Е.Қамбаров, 9 «Ә» сыныптан Ш.Идришева, А.Сетерханұлы сынды оқушылар І орынды иеленді. Ал, II орынды Ф.Ахметзәки, Л.Саветқан, А.Отарбаева, СҒазизова, Д.Ерғазинова, Қ.Мәжібаева сияқты дарынды оқушылар жеңіп алды. Дүниетану пәні бойынша ІІІ орын 2 «А» сынып оқушысы Т.Шәміл мен 3 «А» сынып оқушысы А.Тоқановаға бұйырды. Сонымен қатар, З.Тамызғазина, С.Әмірова, Р.Шәкерова, Н.Нұржанқызы сайысқа белсене қатысқандар ретінде ерекшеленді.
Г.Ибраева, Ж.Болғанбаев атындағы орта мектеп
ЖАС ӨНЕРПАЗДАР ӨРЕЛІЛІК ТАНЫТТЫ
27 сәуірде аудандық саз мектептерінің және орта мектеп оқушыларының қатысуымен аудандық тәрбие жұмысы орталығы ұйымдарының жас өнерпаздар байқауы болып өтті. Жарыстың негізгі мақсаты - жас таланттарды анықтау. Байқау нәтижесінде Нұрлан Қожықов жетекшілік ететін А.Маманқызы мен Н.Құмаров үздік деп танылды. Екінші орынға З. Құнанбаева, Н.Келербекова, А. Қалиақпаров лайық болса, үшінші орынды Д.Маманұлы мен самарлық А.Жүсіпова өзара бөлісті. Сондай-ақ, домбыра сыныбының ұстазы Б.Шекенованың да үш бірдей шәкірті өздерінің өнерін көрсетіп, жүлделі орынға ие болды. Устьянцеваның шәкірттері А.Хайруллина 1 орын, Д.Ракишева мен Д.Аспандақова екінші орынды иеленсе, З.Тұрлыбаеваның оқушысы Б.Қарымсақова үшінші орын алды. Аккордеон сайысында жалғыз ғана қатысушы болып, Гүлназ Дәулетхан ешқандай қиналмастан 1орынды иеленді.
Байқауға қатысқан барлық өнерпаз жеткіншектер ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жаңалықтарды жинаған
Бақыт Мүлікова, Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.