Ауылдық округтердің барлығында болып, тұрғындар алдында өткен 2015 жылдың жұмыс қорытындысы туралы есеп беріп шыққан аудан әкімі Рамиль Сағандықов мәдениет үйінде өзінің қорытынды есебін берді. Оған барлық мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері және Көкпекті ауылының тұрғындары қатысты.
- Сындарлы кезеңде Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Міне, осы Жолдауда ұстанар бағытымыз, атқарылуға тиіс міндеттер белгіленді әрі олар қаржылай қамтамасыз етіледі. Біз Жолдау талаптарын басшылыққа алып, бөлінген қаржыны толық игеріп, аудан экономикасын көтеру, жұмыссыздық пен кедейшілікті азайту, халықтың тұрмысын одан әрі жақсарту бағытында жұмыс істейміз. Президент ұсынған барлық бастамалар әрбір тұрғынның көкейіндегі сауалды дөп басып, еліміздің алдында жаңа мүмкіндіктер ашты. Мақсатты бағытталған жұмыс нәтижесі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасын сақтап қалуға мүмкіндік берді, - деп қадап айтты Рамиль Нығметжанұлы.
Аудан басшысы өткен жылғы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, әр саланы кеңінен саралады. Аудандық қызмет басшыларының алдына нақты міндеттер қойылып, хаттамалық тапсырмалар берілді.
- Табыс табанды еңбекпен келеді. Есептік баяндамада аталған барлық жетістіктер мен түйінді мәселелер осы уақытқа дейін және алдағы уақытта да бірлескен күш-жігермен ғана шешіледі. Бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді көрсету арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, ұлтаралық достықты нығайтуға, қоғамның татулығын еселеуге қол жеткізерімізге сенім мол, - деп түйіндеді аудан басшысы.
Сонымен бірге, Көкпекті ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қанат Мұқышев есептік баяндамасын жасады. Аудан орталығының өткен жылғы жетістіктері мен шешімін тапқан мәселелер тілге тиек етілді. Десек те, жоспар ауқымды болғанымен атқарылар шаруа көп, шешемін таппаған сұрақ қаншама. Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғындары аудан басшысына, облыстық әкімшілік өкілі Медет Нұрғалиевқа, округ әкімшілігіне көкейде жүрген өзекті сұрақтарын қойып, тұщымды жауап та алды.
Көкпекті ауылдық округіне қарасты Ұзынбұлақ, Ажа, Шәріптоғай, Толағай ауылының тұрғындары да Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің залынан орын алды. Өздері көтере келген салмақты сұрақтарын да ортаға салды. Соның бірі Ажа тұрғындарын мазалаған таза ауыз су мәселесі. Бұл сұрақты мектеп директоры Әділбек Қауысов көтерді. Ажалықтар ауыз суды шамасы жеткенше аудан орталығынан тасып ішеді, мүмкіндігі болмаса өзеннен алады. Дегенмен, бұл мәселеде оң бетбұрыс бар екен. Ауылдан 500 метр жерде екі құдық қазылып, тапшы болып тұрған тұщы су көзі табылды. Ендігі мәселе сол суды ауылға жеткізу. Ол алдағы күннің еншісінде.
Аудан орталығына тазалық керек! Қаңғыбас иттердің көзін жою, мал қорымын ретке келтіру, қоқыс полигонын қоршау, сенбілікке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту сынды сұрақтар күн тәртібінен түскен емес. Ауыл ақсақалдары аталық ақылдарын айтып, жергілікті әкімшіліктің аталмыш сұрақтар бойынша нақты шешім қабылдауы кезек күттірмейтін мәселе екеніне баса назар аударды. Заречка аумағымен қатынайтын жаяу жүргіншілер көпірін бір жақты шешу мәселесі көптің көңілінен кетер емес. Елдің мұң-мұқтажын шешіп беруге ауылдық округ әкімшілігі де асығар емес. Сонда ол көпірді Ақсуаттан немесе Жармадан келіп, бөтен біреулер қойып беруін тосып отыра береміз бе? Әлде, бұл сұрақтың күн тәртібінен түсетін күні болады ма?
Тұрғындар алдында есеп беру кездесулері аяқталды. Өткен жыл қорытылды, жетістіктер айтылды, кемшіліктер ескерілді. Алдағы күннен үміт көп. Елдің мұң-мұқтажы ескерусіз қалмасына атқамінер азаматтар кепіл. Ең бастысы, бірлікті ту етіп, еңбек етсек, алға қойған міндеттерді толық орындап шығарымыз кәміл!
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.