Сарқылмас байлықтың, береке-бірліктің, ырыстың мезгілі - жомарт күз. Сондықтан да, бұл маусым «алтын» мезгіл деп аталады. Еңбекші қауымның жұмысы еселеп, олардың төккен терінің қайтарымы ерекше толысатын күз мезгілі ырыс пен құт, ризық несібенің бастау бұлағы, қайнар көзі.
Жаз бойы жер баптап, маңдай терін тартынбай төге еңбектенген диқандар күрең күзге ойыса сол еңбектің жемісті нәтижесін сезіне бастады. Әдеттегідей бірінші кезекте дәнді дақылдарды жиып-теріп алып, қазіргі уақытта күнбағыс еккендер мол өнімнің межесіне таяп та қалды. Бар ынта-ықыласы бітік шыққан майлы дақылдарды ысырапсыз жинап алуға ауған шаруалар ашық күннің астында әрбір сағатты тиімді пайдалануға тырысуда. Дәнді дақылдар жиыны 6 қазан күні аудан көлемінде толықтай аяқталған.
- Қазан айының басында дәнді дақылдар толықтай жиналып бітті. Облыс аумағында жалпы 570 мың гектар аумақтан өнім алынса, Көкпекті ауданы бойынша 78 мың гектар алқаптан орташа өнімділігі 13,2 центнер дәнді дақыл қамбаға құйылды. Жиылған өнім 104 мың тоннадан астам. Оның ішінде 61 мың тонна бидай және 39 мың тонна арпа астығы. Сондай-ақ, картоп және көкеніс өнімдерін жинау жұмыстары да мәресіне жетті. Барлығы 8 мың тоннадан астам картоп және 6 мың тоннаға жуық көкөніс алынды. Майлы дақылдар ору науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Ауа райы қолайлы болса, жиын-терін науқанын сәтті аяқтауға барлық негіз бар, - дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жанат Көпесов.
Көкпектіліктер азық-түліктен ешбір тарықпайды. Бүгінге дейін аудан көлемінде тұрақтандыру қорының қоймалары құрылып, тұрғындарға жеткілікті азық-түлік қоры жинақталды.
- Қазірдің өзінде 15 бірдей іргелі шаруа қожалықтарымен меморандум жасалып, келісімге қол қойылған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылып отырған тұрақтандыру қорына мол өнім құйылды. Нақтылап айтар болсақ, 650 тонна бидай, 43 тонна сәбіз, 29 тонна қызылша, 150 тонна орамжапырақ. Бұл өнім көктем уақытында азық-түлік тапшылығын болдырмау және жасанды баға көтерушілерге, негізсіз баға өсуіне жол бермеу мақсатында жұмсалады. Жиын-терін науқаны әлі де жалғасып жатқанын ескерер болсақ, алдағы уақытта тұрақтандыру қорының өнімі ұлғаяры сөзсіз. Аталмыш қорға келесі өнім алу науқанына дейін жеткілікті азық-түлік жасақталады, - дейді бас маман.
Тұрақтандыру қорында сақталатын азық-түлік кез-келген қажетті жағдайда халық игілігіне жұмсалады. Бұған өткен жылдарда көз жеткізген едік. Тонналап әкелсе де, тұрғындар бірнеше сағаттың ішінде талап кетеді. Өйткені, бағасы арзан. Әсіресе, зейнеткерлер әлеуметтік тауардың сапасы мен қалта көтерерлік бағасына дән риза. Ақпан айынан бастап, бағаны жасанды көтеруге қарсы қолданылатын таптырмас қару. Мамандардың айтуынша, қордағы өнімдер, көкөністердің жаңа түсіміне дейін жетеді. Демек, азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ.
Жалпы, көкпектіліктер үшін қой жылының табысты, ырысты болғаны ауыл шаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесінен-ақ айқын аңғарылады. Осы қарқыннан таймай, ауданымыз тоқшылық пен молшылық орныққан өңір атана берсін!
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.