Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Бүкіл ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған елінің қадірменді ұлдарының бірі болған Жақия Шайжүнісовтың жүріп өткен жолы кімге болса да үлгі мен өнегеге толы. Ол елдің алғысы мен ризашылығының арқасында өмірін мәнді өткізді. Соңынан өшпейтін із, сөнбейтін шырақ, таусылмайтын өсиет қалдырды.

Берекесіз ел мерекесіз болмайды. Ел ішінің құрмет тұтқан азаматтарын ардақтаудан аянбайтын ежелгі ізгі дәстүрінің үлгілі көрінісі Жақия Шайжүнісовтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар арқылы паш етілді. Тұғыры биік дара тұлғаның 100 жылдығын атап өтуге облыстан, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар қатарында ұлы Тоқан Жақияұлы мен оның жұбайы Людмила Лаврентьева, немересі Жанна және тағы бір ұлы Сержан Жақияұлы өзінің Аллен атты ұлымен, ұстаздың қыздары Надежда мен Гүлсім болды. Сонымен қатар, бұл мерейтойға кезінде оны өз әкелеріндей жақсы көріп, құрмет тұтқан тәрбиеленушілері де жиналды. Атаулы датаға арналған іс-шаралар Жақия аға ұзақ жылдар еңбек атқарған Қ.Раев атындағы балалар үйін аралаумен өз бастауын алды. Бұл жерде қадірлі қонақтар ұлы ұстазға арналған мұражайдағы бағалы экспонаттармен танысып, фотосуреттерді тамашалады. Балалар үйінің бүгінгі жай-күйінен мағлұмат алды. Келесі кезекте қонақтар еңбегі жанған азаматтың есімін арқалап отырған білім ордасына қарай бет алды. Білімнің қара шаңырағы ұстаздың мерейтойына жиналған қауымды жоғары дәрежеде қарсы алды. Мұғалімдер ұжымы қабырға стендтері арқылы ұстаздың өрелі өнегесі мен рухани мұрасы жайлы сыр шертсе, оқушылар қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта күй орындады. Қадірменді қонақтар мұражайдағы, білім ошағындағы аяулы азаматтың кеуде мүсініне және орталық саябаққа гүл шоқтарын қойып, тағзым білдірді.

Мерейтойлық шара Қ.Алтынбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Ең алдымен қонақтар өнер ошағының кіре берісіндегі ұстаздың өмір жолы мен қызметтік жылдарын сипаттайтын көркемделген көрмемен танысты. Кең залда орналасқан көрмені тамашалуға жиналған халықтың қарасы мол болды. Келесі кезекте барлық қауым көрермендер залында бас қосып, олардың назарына Балалар үйінің өткен ғасырдағы 60-70 жылдардағы тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін кинофильмі ұсынылды. Салтанатты жиынның шымылдығын кішкентай бүлдіршіндердің ұлағатты жан, ұстазға арналған әдеби-сазды монтажы ашты. Бұл жиынның барысына құрметті қонақтармен қатар аудан басшысы Д.М.Мусин, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Алғашқы сөз кезегі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафиноваға беріліп, ол «Тұғыры биік дара тұлға» тақырыбында баяндама оқыды. Сонымен қатар, жиын барысында Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі болған, кейіннен өнегелі тәлімнің арқасында тәрбиеші қызметінен аталмыш мекеме директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек атқара білген Г.Орсаева, Көкпекті ауданының білім беру саласының ардагері В.Сейсембаева, кезінде аудан, облыс аумағында жауапты қызметтер атқарған зейнеткер С.Ахметов сөз кезегін алып, ұстаздық мамандықтың көш басында тұрған абыздың сан қырлы қасиеттері жайлы әңгімеледі.

Бұдан соң мінберге көтерілген ұстаздың ұлы Тоқан Жақияұлы өнегелі ой айтты. - 100 жыл бір ғасыр. Уақыт зымырап өтеді де кетеді. Меніңше, үлкен марапат кеудеге таққан жұлдыз емес, халыққа мүлтіксіз қызмет ету үдесі. Әкемнің еткен еңбегін елеп, осындай құрмет көрсетіп отырғандарыңызға көп рахмет. Әсіресе, аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлына балалары атынан үлкен алғыс білдіремін, - дей келе жоспарланған онкүндік шаралар аясында өткен жарыстардың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген жеңімпаздарды марапаттады. Бір айта кетерлігі, жеңімпаздардың мойындарына тағылған медальдар Ж.Шайжүнісовтың 100 жылдық мерейтойына арнайы жасалған. Салтанатты шарада қорытынды сөз кезегін алған аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлы мерейтой қарсаңында аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар жайында баяндады. - Көкпекті ауданынан шыққан ұлы тұлға Жақия Шайжүнісовтың есімін ардақтау және оның ерлік істерін жас буынға насихаттау — баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта ауылдың барлық мектептерінде ұстаз мерейіне арналған іс-шаралар болып өтті. Бұл шаралармен шектеліп қалмаймыз деген ойдамын. Ауылдастардың айтулы тұлғаға деген құрметі қашанда  жалғасын таба берері сөзсіз, - дей келе, жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты жиын балалар үйінің тәрбиеленушілері болған, бүгінгі таңда студент, талай ән байқауларының жеңімпаздары ағайынды Нұрбек пен Еламан Мұратхановтардың орындауындағы «Мерекем» әнімен өз мәресіне жетті.

Мерейтойлық шаралардың легі одан кейін ипподром жақта ұйымдастырылған аламан бәйге, тай жарыс, құнан жарыс сынды ұлттық спорт сайыстарына ұласты.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз