Әрбір мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі мен салмағы ерекше екені даусыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған 24 жылға жуық уақыт ішінде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен мемлекетті қалыптастыру бағытында ауқымды істер атқарылды. Елбасымыз «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты - әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің ауқымды қадамымыз. Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет», деп мемлекеттік қызметтің маңыздылығы жөнінде ерекше тоқталған болатын.
Осы орайда, атаулы мереке мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесін асырып, сала мамандарына деген сенім мен құрметтің артуына жағдай жасайды десек, қателеспеспіз. Мерейлі күнге орай, осы жолда адал қызмет етіп келе жатқан бірқатар мемлекеттік қызметкерлер аудан әкімі Рамиль Сағандыковтың атынан «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Салтанатты шараға аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлері, ауылдық округ әкімдерінің аппараты қатысты. Мемлекет алдындағы антын абыроймен өтеп жүрген қызметкерлер алдында аудан әкімі аппаратының басшысы Раушан Кемербаева сөз алды:
- Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның алғашқы тарауы «кәсіби мемлекеттік аппарат құруға», яғни 15 қадамы осы мемлекеттік қызметке қатысты айтылады. Осы қадамдар арқылы Қазақстанның барлық аумағындағы әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер халыққа сапалы қызмет көрсетулері тиіс. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру шаралары барлық мемлекеттік мекемедегі жұмыс тиімділігін арттыратыны ақиқат.
Айта кетейік, ауданымызда бүгінгі таңда 163 мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Жалпы штаттық бірлік 223 мемлекеттік қызмет лауазымын құрайды. Демек, өткен жылмен салыстырғанда 45 бірлікке артып отыр. Мұның ішінде нәзік жанды қызметкерлер саны 90 адам, ол жалпы көрсеткіштің 55,0 пайызы. Мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы 39 болса, орташа еңбек өтілі 9 жыл.
Раушан Алпысбекқызы аудан басшысының атынан адал еңбегімен осы салада көш бастаған бірқатар әріптестерге «Алғыс хаттар» табыстады. Олардың қатарында Нұрлыға Уаисова, Әлия Абилова, Жанат Суюндукова, Руслан Кабдолданов, Рауза Вольф, Гүлназ Анкебаева, Бауыржан Абылғазыұлы, Әлия Малакшинова, Мақпал Құшанова, Адия Фахрутдинованың есімдері ерекше құрметпен аталды.
Олардың көптеген жыл бойы сіңірген еңбегін назардан тыс қалдырмай, мерейлі сәтте марапаттау да елге талмай еңбек етіп жатқан азаматтарымызға шынайы шабыт пен алдағы атқарар жұмыстарына зор сенімділік береді. Әр қызметші өз кәсібін мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, қай саланың болсын жұмысы жанданатыны анық. Мемлекеттік қызметші күні де сол үдеден шығуды көздейді. Сонымен қатар, бұл кәсіби мереке күнтізбеде жұмыс күні болып саналатынын ескеруіміз керек. Мұндай бастамалар халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түседі.
Салтанатты шараның соңы ауданда алғаш ұйымдастырылған «Мемлекеттік қызметкер-2015» атты теңдессіз байқауына ұласты. Сайысты өткізудегі негізгі мақсат мемлекеттік қызметкерлер арасында үлгілі ата-ана, ата-әже, үлгілі отбасы, мықты спортшылар, дарынды өнер иелері бар екенін көрсету дейді ұйымдастырушылар.
Шаттыққа толы көңіл-күй сыйлаған тартымды байқау мәдениет үйіне жиылған көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Күнделікті жұмыс бабында көптеп кездесіп жататын небір қызықты сәттер сахнада қайта жанданып, байқауға қатысушылар тарапынан жарасымды түрде ұсынылып отырды. Екеуіне ортақ жарты ғасырлық мемлекеттік қызмет өтілі бар ауылдық округ әкімдері Салауат Дүсіпов пен Нұрлан Назарханов көпшіліктің анық көзайымына айналды. Байсалды әрі байыпты Анар Үмітқазықызы өзіне ғана тән қарапайым қылығымен баураса, жас маман Айгүл Жотабаева жан-жақты өнерімен тәнті етті.
Ел үшін еңбек ету зор құрмет, абыройлы міндет. Халық үшін маңдай терін төгіп, адал еңбегімен ел аузына ілігіп жүрген қарапайым, ізетті, мейірімді мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі жоғарғы деңгейде аталып өткені орынды, әрі осы сала қызметкерлерінің абырой, беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Күнделікті жұмысына қарап халық билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Осыдан мемлекеттік қызметкерлердің мойнына жүктелген үлкен жауапкершілікті байқауға болады. Мемлекеттік қызметкерлер «ұлттың қызметшісі» болғанда ғана мемлекеттік қызмет мінсіз болатыны ақиқат.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.