Өткен ғасыр басындағы тарихымыздың алмағайып кезеңінде негізі қаланып, замананың тулаған толқынында желкенін жықпаған «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газеті - әрқашан халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келе жатқан іргелі басылым. Қалың оқырман арасында құрметке бөленіп, таралымын көбейтіп, журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген қара шаңыраққа, міне, 80 жыл толды.
Қауіп-қатері көп болған өткен ғасырдың отызыншы, елуінші жылдарында да бұл басылым батыл қадамдар жасап, түрлі мәселелер көтере білді. Заман тынысын дөп басып, еңбекші қауымның өмірі мен еңбегін көрсете білді. Ұлы Отан соғысы жылдарында елдің мұқалмаған жігерін танытып, қуаттандырды, халықтың жұдырықтай жұмыла білетін бірлігін паш етті.
Уақыт керуені газетті сексен дейтін сеңгірге алып шықты.
Бүгінгі тәуелсіз елдің төл басылымы - «Жұлдыз» - «Новая жизнь» уақыт талабына сай қызмет етуде.
Басылымның әрбір нөмірі оқырмандарды рухани байлыққа, адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуімен жұртшылық қа-уымның көңілінен шығып келеді. Әсіресе, қа-сиетті қазақ тілінің еліміз егемен ел болғаннан бері мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болуы мен абыройының асқақтауына да «Жұлдыздың» еңбегі ерен екендігіне ешкімнің де күмәні жоқ деуге болады. Өңіріміздің атпал азаматтары басшылық еткен газетіміздің тарих толқынында аты өзгерсе де, заты өзгермегендігін әр нөмірді оқырмандардың асығыспен күтетіндігінен-ақ түсінуге болады. Бүгінгі күнде де осынау басылымның сапалылығы мен оқырманның көңілінен шығып отырғандығы – газеттің бас редакторы Дархан Бердібек пен өткір ойлы ұжымының арқасы.
Бүгінде газетте заманауи ақпараттық технологияларды меңгерген кәсіби мамандар қызмет етіп, алдыңғы толқын ағалар қалыптастырған дәстүрді жалғастыруда.
«Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің заман талабына, уақыт лебіне сай жылдан жылға жасап келе жатқан жарқын жаңалықтары, өсу мен өзгеру үдерісі күні бүгінге дейін біздің көз алдымыздан өтіп келеді. Сондай-ақ, бүгінгі ғаламтор дамыған кезеңге сай газеттің жеке сайты мен әлеуметтік желілердегі ақпараттар легінің болуы оқырманның қызығушылығын арттыра түсуде.
Құрметті «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің ұжымы мен оқырмандары!
Аудан жаңалықтарының жаршысына айналған Көкпектінің ертеңі мен бүгінін баяндайтын аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің 80 жылдық мерейлі де мәртебелі мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Шығармашылықтың шыңынан көрініп, оқыр-мандарды қуантатын жағымды жаңалықтарыңыз көп болып, басылымның мәртебесі арта берсін!
Р.Сағандыков, Көкпекті ауданының әкімі
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.