Газет – қаншама жылдар көшінен кейін де кез-келген ақпаратты тауып алуға мүмкіндік беретін, ең сенімді мұрағат. Сол себепті, өмірлерін газет бетіне жарияланатын материалдар үшін тынбай еңбектенетін журналистерді туған өлкенің шежірешілері деп айтуға толықтай негіз бар.
Аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газеті – игі дәстүрлерді сақтай отырып, бірнеше буын өкілдерінің еңбегінің арқасында уақыт ағымына сай жұмыс істеп, сұранысын жоғалпаған басылым
1932 жылы мамыр айында Көкпекті ауданындағы алғашқы саны «Үлгілі малшы» орысшасы «Красный скотовод» деген атпен жарық көріп, кейіннен 1948 жылы «Болшевистское слово», 1953 жылы «За коммунизм», 1956 жылы «Ленин Туы» болған газет. Бүгінгі күнге дейін ауданымыздағы неше ұрпақ өкілдерінің айнымас серігі болып келе жатқан «Жұлдыз»-(Звезда) газеті, бүгінгі таңда екі ауданның біріктірілуіне байланысты «Жұлдыз»-«Новая жизнь» газетінің мерейлі мерейтойы 80 жылдық мерекесін атаймыз.
Сол уақыттан бері «Жұлдыз» атауымен таныс болған басылым өзінің атауымен бірге, халықтың тәуелсіз, жаңа да бақытты өмірге деген үмітін арқалаған еді. Газеттің жарыққа шығуы тауқыметке толы ұжымдастыру жылдарына, ел аумағында кеңшарлар құру кезеңіне тұспа-тұс келді. Басылым беттерінде социализм құру идеясы, ауыл шаруашылығының артта қалушылығының деңгейін көтеріп, сауатсыздықты жою, дала және егінжай, мал шаруашылығы жұмысшыларын алғашқы тұтынушылық тауарларымен қамтамасыз етуді жақсарту шаралары кеңінен насихатталды.
«Жұлдыз» - көпшілік оқырманға мөлшерленген, аудан тұрғындарына, соның ішінде сауаттылығы төмен шаруаларға арналған жалпысаяси жергілікті газет еді. Журналистер ауылшаруашылығы мәселелерінің төңірегінде қалам тербеуге міндеттелген болатын.
Уақыт өте келе газет коммунистік партия саясатын халыққа жеткізудегі негізгі құрал, партиялық ұйымдардың белсенді де белді көмекшісіне айналды.
Ұлы Отан соғысының найзағайы жарқ еткен шақта, редакцияға түсетін хаттар мен мақалалардың мазмұны өзгеріп, газет бетіндегі материалдар майдан өмірінің айнасына айналды. Тыл еңбеккерлерін жау оғына тайсалмай қарсы тұратын жауынгерлерге, майдан шебіне көмек көрсетуге шақырды. Газеттің әр санында түрлі айдарлармен майдан жаңалықтары жарық көріп отырды.
Жеңіс жалауы желбіреген соң аудан өмірінен хабар беретін жаңалықтар басылым бетіне тағы да шыға бастады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне идеологиялық, саяси тәрбие беру жұмыстарында көмекші есебінде аудандық газеттің еңбегі зор болды. Осы уақытта газет жерлестерімізге күнделікті саяси сауат беруші құралға айналды.
Басынан небір тарихи кезеңдерді өткізген төл басылым бетінде қаншама еңбекқор да жайсаң жандардың қолтаңбасы қалды десеңші. Әр кезең сайын газет атауы өзгеріп, уақыт ағымымен жүзіп отырса да, ол әлі де тұрғындардың туған өлкеге деген патриоттық сезімін қалыптастырып, еңбекші халықтың елеулі істерін жария етіп, оқырманның сүйіспеншілігі мен сұранысына ие болып отыр.
Қайта құру дәуірі мемлекетпен қоса газетке де жаңа леп ала келді. Замананың тыныс-тіршілігі баспасөз беттерінде батыл түрде жариялана бастады. Бұл журналистика саласының басқа арнаға түсуіне септігін тигізді. Ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңдерін халық назарына ұсына отырып, әр жыл сайын ақпарат ауқымын кеңейте түсті және өзіндік стилистикасын сақтады. Осы игі істі жалғастыра отырып, бүгінгі таңда газет журналистері кәсіби шеберліктерін жоғары деңгейге көтере білді.
1935 жылға дейін бұл газет қазіргі Ақсуат, Көкпекті аудандарын қамтыды. Осыдан кейін, Ақсуатта «Социалистік қарқын» атты жеке газет шыға бастады. Кейіннен «Ленин Туы», «Большевистское слово» болып аттары өзгертілген газеттер де Қайдар Қыдырханов, Нұрғұлжа Түсіпжанов, орыс газетінде Татьяна Алексеева Семилетова, Сергей Прокопьевич Демченко, одан кейінірек Жұмағи Алмабаев, Мұрат Дүйсенұлы Қалматаев, Тұрсын Оразғалиұлы Жабаев, Н.Путинцев, Қ, Сатыбалдин, Тұрлыхан Қасенов, Виктор Михайлович Тупицын, Нәкен Серікбаев, Ботакөз Қамалқызы Жақсылықова, Әлия Садыққызы Нұрғазинова, Слямбаева Айжан Қабдрахманқызы, Шарова Надежда Васильевна сияқты қаламдары ұшталған өмірлік тәжірибелері мол адамдар еңбек етті. 1952 жылы аудандық газетке редактор болып тағайындалған Қайдар Қыдырханов былай деген болатын : «Бұл кезде аудандық газет көлемі екі бет болып аптасына үш рет шығатын. Редакция қызметкерлерінің штаты бар жоғы үш адам: редактор, жауапты хатшы және есепші ғана. «Большевистское слово» газетінің редакторы Семилетова Татьяна Алексеевна жауапты хатшысы Пащенко Юрий Георгиевич «Ленин Туы» газетінің хатшысы Аязбаев Мекеш, есепшісі Бұтабаева Бижамал еді. Бұлардың бір де бірінде жоғары білім болған жоқ. Соған қарамастан газетке материалдарды өздері жинайтын».
Бұл басылымның аудан тұрғындары үшін маңызы зор, себебі, газет әр оқырманға өмірдің ақ-қарасын айыра білуге жетеледі, мәдениетті және өркениетті қоғамды тәрбиелеуге күш салды. Сол жылдары төлбасылым аптасына үш мәрте шығарыла бастады. Газеттің сапасының артуына тек штаттық журналистер ғана емес, ауылдардағы меншікті тілшілер де өз үлестерін қосты. Солардың ішінде Раздольное ауылынан К.Ибраева, Малоросийкадан И.Цымбала, Белое ауылынан Ф.Ахмабулина, Самар ауылынан М.Екибасова және Р.Башмаковалардың еңбегін елеусіз қалдыру мүмкін емес.
Газеттің қалың оқырманға жол тартуына тілшілермен қатар, полиграфисттер елеулі еңбек сіңірді. Көп жылдар ағымында Самар типографиясында А.С.Сайгаков, Е.Г.Шаталин, П.И.Элис, Т.М.Баймұхановтар директорлық етті. Аты аталған азаматтардың барлығы кәсіби білікті және өз істерінің шеберлері еді.
Типографияның қызметкерлері, соның ішінде басып шығарушылар газеттің сапасына жауап беретін. 30 жылдан астам уақыт тер төккен В.Гауфтың есімі ел есінде.
Сонымен қатар өз репортаждарын, интервьюлерін газеттің корифейлері А.Нечаев, В.Голованов, Т.Шарипжанов, В.Кавалеристов, Э.Қызаева, А.Аязбаев, Ш.Багаутдинов, Г.Лученко ұсынып отырды. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған 1991 жылдан бастап, газет екі тілде аптасына бір рет шыға бастады.
Екі ауданды біріктіргеннен кейін, 1997 жылы газет атауы «Жаңа өмірден» «Жұлдыз – Новая жизнь» болып өзгертілді. Мемлекеттік тілдің дамуына С.Карчалова, жауапты хатшы О.Сенгербаев, Н.Аймухамбетова, Б.Смагуловалар өз үлестерін қосты. Аудандық газеттің меншікті тілшілері болып Р.Уреспаева, Л.Мухамадиева, «Новая жизньнің» жауапты хатшылары болып И.Коробейникова, А.Нургазинова, В.Чановалар қызмет етті.
Осындай үлкен ұжымға Е.Нечаев,В.Слипчук, И.Онишенко, Л.Земирова, Б.Жаксылыкова, А.Нургазинова, А.Слямбаева, Н.Шарова әр жылдары жетекшілік етті.
Офсеттік шығарылымға ауыстырылғаннан кейін газеттің дизайны өзгертілді. Тағы бір онжылдық артта қалып, көптеген қиындықтардың шешімі ретінде газет әлеміне де арнайы компьютерлік бағдарламалар, заманауи инновациялар келді. Міне,бес жыл көлемінде редакцияда терілген дайын газет үлгісі еңбек жолындағы «айнымас досқа» айналған «Реклама Дайджест» баспаханасына, яғни, типографияға жіберіліп, сол жерде басылып шығарылады.
Аудан айнасы – газет өмірі тұрғындардың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан. Көпшілік назарына ұсынылатын баспа құралында жұмыс істеу – шағармашылықты, сүйіспеншілікті қажет етеді. Дәл осы қасиеттер редакция ұжымының әр мүшесінің бойынан табылады. Өз ісінің майталманы аға буын өкілдерін жалынды да жігерлі жастар алмастырды. Соның арқасында қазіргі таңда газет бетінен алдыңғы буынның ақыл-парасаты мен бүгінгі жастардың қажыр-қайраты анық көрінеді.
«Газеттің бұрынғы қызметкері көптеген тәрбиеленушілерінің бірі ретінде мен өзіміздің аудандық газет ұжымының күн сайын, жыл сайын міне, 80 жыл бойына адамдар үшін қажетті қызмет көрсетіп келе жатқанын мақтан тұтамын. Жалпы құрылыста өз орнын таба білу, бүкіл халықтық мемелекеттік іске септігін тигізу – мұның өзі керемет .
Газеттің тарихына үңілсек, алғашқы редакциясы бұрынғы Комсомол көшесіндегі аукатком ғимаратының орнындағы Семен Павлович Рейтнер деген адамның үйінде орналасыпты. Сонда газеттің алғашқы санына сол кездегі аупартком хатшысы Жұмағали Сәрсеков, ал қазақ газетінің кей сандарына аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Тұрлықан Хасенов қол қойып жүрді. Кейіннен Хамит Балтабаев редакторлыққа тағайындалды. Орысша шығытын газетке бұрын мұғалім болған Галкин, Якушин, З.Тузуовалар редакторлық қызмет еткен. Сонымен қатар, газеттің алғашқы санынан бастап, өмірінің соңғы күніне дейін оның белсенді тілшісі болған партия, еңбек, соғыс ардагері марқұм Шериаздан Бабайұлы Фахрутдинов.
Тек газетке мақала жазу ғана емес, баспаханада басып шығаруда көп еңбекті талап етті. Қарт журналист сол кездегі қиындықтарды былай суреттеген болатын. - «Баспаханада әр газетке екіден әріп теруші, бірден оқушы-әріп теруші, бір аға газет бастырушы, оның бір көмекшісі және газет басатын машинаның қолмен айналдырушы екі адам болды. Газет басуға керекті еңбек құралдарын айтар болсақ, екі тегіс басу, бір тік басу машиналары болды. Оларды Құбайба Ғабдиева, кейінен Кәмилә Қалиева мен Полина Шакировалар қолымен айналдыратын. Жалпы басылым саны 4000-нан асатын газетті қолымен айналдырып басу оңайға соқпайтын».
«Жұлдыз»-«Новая жизнь» тек аудан тарихының жылнамасы ғана емес, ол ондаған түлектің қанатын қатайтып, қыран журналистер тәрбиелеген құтты ұя. Оның бесігінен ұшып шыққан солар қазір кең байтақ Қазақстан Республикасының, Арқаның құба жоны атанған Семей өңірінің, Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті журналисттік қызмет атқарып жүр. «Жұлдыздың» жұлдызы жанған журналистері қатарына Сәбит Чемчеков, Далелхан Қалымов, Сейітқазы Қалиев, Әбділпар Жайсановты атауға болады.
«Жұлдыз»- «Новая жизнь» газет редакциясы тек жай ғана басылым ғана емес, ол қонақжай құтты мекен. Оның табалдырығын әдебиеттің тарлан бозы, қазақтың тұңғыш классигі, академик жазушы М.Әуезов, оның ленинградттық досы Леонид Соболев, Ұлы Отан соғысының ардагері Ф.Егоров, ақындар Қ.Мырзалиев, С.Сейітов, әйгілі жазушы Ә.Нұршайықов, Ж.Өмірбеков, Ә.Бектасов тағы да басқалары аттап, аудан өмірі туралы тамаша туындыларын жазып кетті.
Бүгінгі күні редакцияны жас редактор Дархан Бердібекұлы Дюсембаев басқарады. Газет ұжымында Бақыт Мүлікова, Клара Нұрпейісова, Қанат Апсадықова, Екатерина Скударнова, Клара Туйенбаева, Жанерке Абылхан еңбек етуде. Бірнеше жылдар бұрын суретші-безендіруші болып қызмет еткен Магомед Магомедов газеттің жеке айтын ашқан, бүгінде оның орнында Ерлік Жұмағазин жұмыс істейді. Газет қызметкерлерінің еңбегін еселей түсетін, қаржы саласының қызметкерлері Валентина Андреевна Тарабурка есепші болып қызмет етсе, ал жарнама менеджері Сара Қайсақызы Тыныбаеваның еңбегі елеусіз емес. Аталған ұжымның ауызбіршілігінің дамуына, жаңа идеялар мен игі бастамаларды сәтті жүзеге асыра білуге атсалысқан бұрынғы редактор Надежда Васильевна Шарованың қосқан үлесі зор.
2013 жылы аудандық газет облыс әкімінің «Тірек ауылдар – ел тірегі» аталымындағы дипломымен марапатталып, 150 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. 2014 жылы «Аудандық БАҚ арасындағы ең үздік интеренет-ресурс» аталымы бойынша Алматы қалалық «КазКонтент»АҚ дипломы табысталды. Облыс көрсеткіштері бойынша аудандық газеттер арасында «Жұлдыз-Новая жизнь» газеті екінші орынға шықты. Бұл – бірлігі бекем ұжымның белсенді еңбектерінің нәтижесі.
Аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспеттес аудандық газет өз тарихының тағы бір парағын онжылдықтар қойнауына тапсырды. Бұл парақтың салмағы сексен жылмен өлшенеді. Бірнеше буын өкілдерін қуанышпен, жаңалықтармен, келелі міселелер мен олардың шешімдерімен, тың жоспарлармен байланыстырған аудан газетінің 80 жылдық тарихы таусылмас шежіре.
Бүгінгі баспасөз күні өзінің 80-жылдық мерекесін атап өткелі отырған редакция ұжымы газетке еңбегі сіңген қадірменді ардагерлерге зор алғыс айтып, мерекелерімен құттықтайды. Торқалы тойларыңызбен, әріптестер!
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.