11 декабря Кокпектинский район посетили представители футбольного клуба «Елімай» города Семей....
Желтоқсан айының 12-сі күні облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті...
Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен және басқа да тұрмысқа қажетті қызметтермен қамтамасыз...
Биылғы жылдың 27-29 қараша аралығында Көкпекті ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен, Оқушылар...
5 қараша (5 қарашадан кешіктірмеи) Төлеу: * 2024 жылғы қазанда алынған жеке практикамен...
Биылғы жылдың 27-29 қараша аралығында Көкпекті ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен, Оқушылар шығармашылық сарайының ұйымдастыруымен ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, суретші жерлесіміз Гүлнар Миғражқызы Бекбердинованың 60 жылдық мерейтойы аясында «Қылқаламға тіл бітірген суретші» атты ерекше сурет көрмесі өтті.
Бар саналы ғұмырын сурет өнеріне арнап, қылқаламның сиқырымен өмірге әкелген туындыларымен талайды тамсандырған Пикассо, Седов, Кастеев сынды ұлы суретшілердің есімін әлем халқы айрықша ықыласпен атайды. Расында да, өздерінің керемет туындыларымен кімге де болсын қуаныш сыйлаған осы бір ерекше өнер иелері қашанда қоғамымызда құрметке ие.
Адамзат баласына сондай ерекше қуаныш сыйлаған қылқалам өнерін өскелең ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде еңбек етіп келе жатқан суретшілердің бірі – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында қазақ этнографиясы бөлімінің ғылыми қызметкері Гүлнар Миғражқызы Бекбердинова. Көкпекті ауданына қарасты, бұрынғы Ивановка қазіргі Көкжайық ауылында 1964 жылғы 20 қазанда дүние есігін ашып, бала жасынан сурет салуға құштарлығы артқан Гүлнар апай өсе келе суретші болуды армандаған екен. Бұл арманның да орындалар кезі жетті. Семей қаласындағы педагогикалық институттың көркемсурет-графикалық факультетін тәмамдаған. 1987-1994 жылдары туған ауылындағы мектепте бейнелеу өнері мен сызу пәнінен сабақ берген, әрі суретші-безендіруші болып еңбек етті. 1995 жылы Абайдың Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына ғылыми қызметкер болып орналасып, онда 17 жыл жұмыс істеді.
Гүлнар Бекбердинова шығармашылығының қазақ поэтикалық және мәдени дәстүрлерінен нәр алғаны байқалады. Қазақ тарихы, мәдениеті, қазіргі заман тақырыптарына арналған туындылары - бұл кескіндемелік полотнолар, олардан өз еліне деген сүйіспеншіліктің иісі аңқиды, өзіне жақын адамдардың бет-әлпеттері, туған жер табиғаты, өз халқының тарихы көрініс тапқан. Оның мәнеріне тән дүниелер – айқын да ашық кеңістікті, ғажап әлемді жан-жақты сезіне отырып бейнелеу. Мұндағы қоршаған табиғаттың бірегейлігі, және өткенге, өзінің ата-бабаларына, тарихқа деген тағзым «Толағай тауындағы жайлау», «Ел қорғаған батырлар», сондай-ақ әйел затының пәк сұлулығы («Қалыңдық», «Ісмер айелдер». «Сіңлімнің портреті», «Қыр қызғалдақтары») көрерменді тебірентері сөзсіз. Кей кездері ол өзінің балалық шағын сағынышпен еске алып, сол естеліктерді жан жүрегімен елжірей отырып полотноға түсіретіні бар. Картиналарындағы – ауыл өмірінен алынған көріністер («Жанұя. Берекелі дастархан», «Туған жер өрнектері», «Ыстық бауырсақ», «Көк бие») қарапайым болып келгенімен, олардың сюжеттері терең пәлсапаға толы, ондағы мән-мағына Ұлы дала көшпенділерінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін қастерлеуде жатыр,
Гүлнар Миғражқызының көптеген картиналарының басты элементі – кең жазиралы шексіз дала: онсыз көшпенділер өмір сүре алмас еді. Бұл Отанын берекелі мекен, жерұйық ретінде қабылдайтын ұлттық сана-сезім деген сөз («Төржайлау», «Суатта», «Ашық аспан»). Оның туындылары автордың өз халқына деген мақтанышын, таза да мөлдір сезімін, зор сүйіспеншілігін паш етіп тұрғандай. Суретші шығармашылығының әлеміне үңілген сайын еріксізден өзіңнің де шыққан тегіңді еске алып, өткеніңе бұрыласың, сөйте тұра болашаққа қарай бастайтын жолға түсесің.
Суреттерді сөйлеткен қылқалам шеберінің алғашқы көрмесі Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепте бастау алды. Көрме мектептің мәжіліс залында өтті. Көрмеге суретшінің әртүрлі тақырыптағы шығармалары қойылды. Көрменің шымылдығын Оқушылар шығармашылық сарайының педагогы Ақнұр Хайса ашып, көрменің мақсаты мен міндетіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, Ақнұр Хайса суретшінің өмірбаяны мен жеткен жетістіктері жайлы баяндап берді. Көрме барысында Гүлнар Миғражқызы өз туындыларымен таныстыра келе, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
28 қараша күні Көкпекті орта мектебінде біздің көшпелі көрмеміз жалғасты. Көрмеге оқушылар мен мектептің ұстаздары қатысты. Көрмеде алғашқы болып сөз алған Оқушылар шығармашылық сарайының педагогы Равиль Ришатұлы оқушыларға Гүлнар Миғражқызының өмірбаяны мен шығармашылығын таныстырды. Көрме барысында оқушылар қызықты сұрақтарын қойды.
29 қараша күні Оқушылар шығармашылық сарайында шығармашылық бағыт педагогтарының қатысуымен әдістемелік отырыс өтті. Әдістемелік отырыс қылқалам шебері Гүлнар Миғражқызының шығармашылығына арналды. Әдістемелік отырыстың құрметті қонағы Тарбағатай ауданы, Ақжар Балалар өнер мектебінің педагогы, Суретшілер Одағының мүшесі Жакишев Еркебұлан Мауытханұлы болды. Еркебұлан Мауытханұлы Гүлнар ханымның ізін басып келе жатқан суретшілердің бірі және бірегейі. Өнер мен өмірді, шығармашылық пен қызметті, суретшілік пен саятшылықты қатар алып жүрген Еркебұлан шеберлік сыныбы барысында өзінің сурет салу техникасын көрсетті. Сонымен қатар, Жарма ауданы Өнер мектебінің педагогы, жас маман Халеллаев Қуаныш Әрінтайұлы келді. Ол «Құрғақ қылқаламмен» сурет салу техникасымен «Абылайхан» бейнесін салды. Ал, Биғаш негізгі мектебінің сурет пәнінің мұғалімі Нұрлан Мақанұлы Кужыров, Оқушылар шығармашылық сарайы шығармашылық педагогтары А.С.Шарифуллина «Эбру» суда сурет салу техникасы, Р.Р.Киякпаев «Ас тұзымен» сурет салу және Ақнұр Хайса «Шегемен сурет салу» техникаларын көрсетіп өзара іс-тәжірибе алмасты.
Әдістемелік отырыстың қорытынды бөлімінде Гүлнар Миғражқызы сөз алып, барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ал, Оқушылар шығармашылық сарайының директоры Асқар Дүйсенбекұлы құрметті қонағымыз Гүлнар Миғражқызының мерейлі мерейтойымен құттықтай келе, алтын уақытын бөліп іс-тәжірибе алмасып жатқанына алғысын білдіріп, сыйлық тарту етті.
Өнер адамы – мейірімді ана да, одан шыққан туынды – мәпелеген сәбиі секілді. Ақынның өлеңі мен композитордың әні, тігіншінің тіккен киімі мен суретшінің салған суреті тура осылай. Кейіпкерімізбен өткізген үш күннің ішінде Гүлнар апайдың өз туындыларына деген ерекше ықыласы мен кіршіксіз көңілінен осыны аңғардым. «Сұлулықты тек сұлу көздер көреді» дегендей, сұлулықты қағаз бетіне түсіріп жүрген Гүлнар Миғражқызының «сурет» көрмесінің соңғы нүктесі аудандық мәдениет үйінде қойылды.
2 желтоқсан күні Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің фойесінде «Толағай» сазды–аспаптар ансамблінің (жетекшісі Толғанай Айдынова) орындауында «Ата толғау» күйімен ашылған көрмеге аудан әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, Гүлнар Миғражқызына сый-сияпат көрсетті. Ал, Гүлнар апай Көкпекті ауданының мәдениет бөліміне бояуы кеппеген Көкпекті жерінің тарихынан сыр шертетін туындылары «Көкпекті уезі» ХІХ ғасырдағы, «Болыстың үйі» және Биязит Сәтбайұлының алғашқы орыс-қазақ мектебі» атты үш суретті сыйға тартты.
Өнердің құдіреті бөлек. Ән өнері, күй өнері, би өнері, сөз өнері... Қазақта өнердің түрі көп. Ал қылқаламмен ақ қағаз бетіне сурет салып, жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей әсем бейнелеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Өнер атаулыны таразылап өлшей алмайсың. Өнерді түсіну керек, түйсініп, көңілмен ұғыну керек».
Сурет өнерін келешек ұрпаққа жалғастыру жолында еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Миғражқызының қылқаламынан қаншама дүниелер туған, көкейінде жүрген дүниелер де аз емес.
«Жақсымен бірге өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» дейді дана халық. Сол айтпақшы, білікті маманмен өткен үш күнде оның жүзінен жылылық, жүрегінен мейірім лебін анық сезіндім.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ,
Оқушылар шығармашылық сарайының педагог-ұйымдастырушысы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.