Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
Көкжайық ауылында 23 наурыз күні жаппай көкпар ойынынан облыстық жарыс өткізілді. «Ер есімі – ел есінде» атауымен өткен жаппай көкпар Көкпекті ауданының айтулы азаматы болған Қайрат Дүйсембаевты еске алуға арналды. Жұршылықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқаралық спортты жандандыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткен жарысқа Көкпекті, Үржар, Мақаншы, Ұлан, Тарбағатай, Аягөз аудандарынан және Өскемен қаласынан келген 200-ден астам шабандоз қатысты. Көкпекті ауданынан Көкжайық, Көкжота, Бастаушы, Үлгілімалшы, Мамай, Шәріптоғай, Ажа, Тассай, Көкпекті, Биғаш, Егінбұлақ, Ақой, Аққала және Үлкенбөкен ауылының көкпаршылары келді.
Жаппай көкпарды тамашалауға қатысқан Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейтқанов құттықтау сөзінде Қайрат Советбекұлын еске алуға арналған жарысқа алыстан ат сабылтып, арнайы келген көкпаршы жігіттердің ұйымшылдықтарына, осындай жаппай көкпардың өтуіне ұйытқы болған аудан азаматтарына шынайы алғысын жеткізді.
-Ел Тәуелсіздігінің арқасында талай асыл дүниеміз жандануда. Соның ішінде ұлттық спортымыз жоғарғы деңгейге көтерілді. Міне, Көкжайықтағы жаппай көкпарға Шығыстың атақты балуандары арнайы қатысып отыр. Соның барлығы ең алдымен дәстүрлі ойынды осылайша үнемі қолдап, қошаметтей білген қалың жанкүйердің, яғни, Сіздердің арқаларыңызда, - деп доданы көруге жиналған көпшілікке ризашылығын білдірді.
Бұл жаппай көкпар Көкпекті ауданы Ақой ауылының тумасы, «Рустам» шаруа қожалығының иесі болған елжанды азамат Қайрат Дүйсембаевты еске алу үшін арнайы ұйымдастырылды. Қолы ашық, жаны жомарт азамат Көкпекті ауданының ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табысты еңбек етіп, ел мен жұртқа тегіс сыйлы бола білген, осы өлкеге танымал тұлға. Қайрат Советбекұлы ауданда алғашқы болып жаппай көкпарға 1 миллион жүлде қойып, Ақой ауылында Шығыстың көкпаршыларына тамаша той жасаған еді. Көзі тірісінде ұлттық спорттың төресі – көкпар ойынына шынайы жанашыр болып, дамуы мен насихатталуына қамқорлық жасаған асыл азаматтың еңбегі ел жадында сақтаулы. Қайраттай азаматтың жары Индира Серікбекқызы аталмыш шараның басы-қасында болып, ұйымдастыру жұмыстарына білек сыбана кірісті. Ұйымдастырушы азаматтардың бастамасын қолдап қана қоймай, жаппай көкпардың «Өгіз өлді» салымына 1 жылқы атады.
Көкпар - жаужүрек бабалардан қалған асыл мұралардың бірі, ұлттық құндылық. Рухы мықты жігіттердің ойыны десек те болады. Бұл - еліміздің елдігін, көңілдің кеңдігін, адамның ептілігін танытатын ойын. Әсілінде, көкпар десе арқасы қозбайтын қазақ кемде-кем. Қазақ «Көкпар – батырдыкі, той – ақындыкі» деп бекер айтпаған. Тартысты доданы тамашалауға келген қалың көпшіліктің арасында алаштың азулы ақындары да жүрді. Түркістаннан арнайы келген Гүлжан Ықыласқызы, Көкпектінің қамшы салдырмас жүйрігі Фархат Маратұлы көкпаршыларға жалынды жырын арнап, намысты жігіттердің жігерін қайрады. Көкжотаның көкжал бөрісі, айтыстың жас перісі, бүгінгінің сал-серісі Аян Қалымбек дүбірлі доданың сән-салтанатын арттырды.
Аудан әкімі сөз бастап, ел азаматтары Қайраттай ардақты азаматты еске алысып, арнайы құран бағышталып, ақсақалдар ақ батасын беріп, көптен күткен Көкжайықтың көкпары басталып та кетті.
Жаппай көкпарда тақымы тастай, тәжірибесі мол шабандоздар ойынның көрігін қыздырды. Жылқы мен үстіндегі адамның үйлесімі болмаса, еңбек ақталмайды. Сондықтан додаға ынтыққан білікті де білекті балуандар мен жас шабандоздар барын салып, аянбай көкпар шапты. Ептілігін көрсетіп, мықтылығын танытты. Қайрат ағаның жан жолдасы Бауыржан Рапеков атаған 300 мыңдық алғашқы салым 2 сағаттан астам уақытта шеңберге тасталды. Алғашқы салымды болған Ұлан ауданы Алғабас ауылының атақты балуаны Мақсат Аринов. Республикалық додаларда Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген жас шабандоз бұл күні тамаша ойын өрнегін көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналды. Мақсат палуан бұл күні «Месси» атты жүйрігімен 2 бірдей салымға қол жеткізді.
Еске сала өтсек, бұл жаппай көкпардың салым жүлдесіне - 2 миллион теңге тігілді. «Өгіз өлді» салымына 1 жылқы аталды. Көкжайықтың көкпарын көптен күтіп, мығым дайындықпен келген айтулы көкпаршылар арасынан додашыл атына сеніп, өзгелерден айласы мен шеберлігін асырған балуандар салым салып, көрермен қошаметіне бөленді. Көпке дейін ел аузында аңыздай айтылар Көкжайықтың көкпарында Ұлан ауданынан Руслан Каримов, Үржар ауданынан Құлын балуан мен Азамат балуан, Көкпекті ауданынан атақты Дарын Ахмадиев, көкжоталық Ербол Жамбуршин, Нұржан Кеңесовтар салымды болды. Ал, жаппай көкпардың аяқталғанын білдіретін «Өгіз өлді» салымын Ұлан ауданының азаматы Дархан Камалиев салды.
Қайнап жатқан қалың дода арасынан суырылып жеке дара шығу оңай шаруа емес. Көкпар - аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайды. Оны мықты жылқы мен жігіттің батыры ғана ойнайды. Шығыстағы мықты деген көкпаршылар бағын сынаған додаға қарасақ, аудан бойынша жігіттердің серісі ғана емес төресі де бар екеніне көз жеткіздік.
Ұйымдастырушылар бәйгенің әділ өтуін қадағалады. Төрешілер төрелігін айтып, ойынды назарда ұстады. Сол үшін де жаппай көкпар барысында ешқандай айқай, реніш болған жоқ. Өйткені салым нақты қолға тиді. Мәреге жетпей түсіп қалған, туралықтан тайған шабандоздар салымын ақалақшылар жаратпай тастады. Жергілікті жігіттерге жақсы жағдай жасап, бұрмалаушылық білдіру орын алмады. Себебі шындық болмаған жерде жақсы атағың шықпайды деген қағиданы ұстанды жігіттер.
Қиқулаған көпшіліктің дауысы мен арқаланған көкпаршылар үні, тұлпарлар тұяғының дүбірі күн ұзаққа бір дамылдамады. Көкпар сәл саябырлаған бір сәтті шараның өтуіне мұрындық болған азаматтың бірі Нұрлан Ермек Сыдықұлын әңгімеге тартудың сәті түсті.
- Көкжайық ауылында облыстық деңгейде өтіп жатқан шара бірінші кезекте аудан азаматтарының ауыз біршілігі мен ауылдағы береке-бірліктің арқасы. Ұлттық ат спорты мектебінің директоры Қанат Бикатов бастаған жанашыр азаматтар бұл жаппай көкпардың өтуіне үлкен дайындық жасады, асқан жауапкершілікпен қарады. Нұрбек Сүлейменов, Берік Далабаев, Азамат Халық, Ерлан Әзімбай, Болат Қапезов, Еркебұлан Тоқтаров сынды жігіттердің еңбегі ерекше. «Елім-ай» шаруа қожалығы 3 күн қатарынан көкпар өтетін алаңды қардан тазалап, көкпаршыларға дастархан жаюға қолдау білдіріп, үлкен көмек көрсетті. Көкжайық ауылының жас-кәрісі бірі қалмай айтулы шараны өткізуге атсалысты. Алыс-жақыннан келіп, көкпарға салым атап жатқан азаматтарға да айтар алғысымыз шексіз. Ауылдық округ әкімдігі де қолдауын аямады. Жаппай көкпар - ұлттық спорттың төресі деп білемін. Көкпарды дамыту және насихаттау - ұлттық тәрбиенің қайнар бас-тауы екені айдан анық. Көкжайық ауылында жаппай көкпардан облыстық жарысты жыл сайын дәстүрлі өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Ермек Сыдықұлы.
Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналыпты. Көкпар - тек қана қазақтар емес, Орта Азия халықтары арасында да кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Ал Ауғанстандағы «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас болса, Аргентина халқының да осы тәрізді ат спорты ойыны бар.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.