Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
«Гүлденіп жатқан Көкпекті, түрленіп жатқан Көкпекті», иә, шынымен соңғы бірер жылда Толағай тауының етегі адам танымастай өзгеріп кетті. Енді ойлаңыз, келер он жылдықта қандай жерде тұрамыз. Әрине оны уақыттың еншісіне қалдырайық...
Бүгінгі қуаныштың аудан тарихында алар орны ерекше. «Ауыл - ел бесігі» атты жоба аясында, Жақия Шайжүнісов мектебінің қарсы алдынан қарасаң көзің тоятын, шаршағаныңды жоятын, айналасы гүлмен көмкерілген тамаша саябақ ашылды. Саябаққа саналы ғұмырын, елінің өрістеуі мен жерінің тегістеу болуына арнаған Құдайберген Нұрғалиевтің есімі берілді. Жол саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың алғысы мен батасына бөленген азамат Қазақстанның «Құрметті жолшысы» атағын алған. Бүгінгі таңда, Қ. Нұрғалиевтің елге еткен ерен еңбегін қызы Гүлназ Құдайбергенқызы абыроймен жалғастырып жүр. Тек жалғастырып қана қоймай, әкесі салған сара жолды көкжиек етіп, одан да биік шыңдарды бағындырып келеді. Сәнін келтіріп саябақ салып, ауылдастарына сыйға тартқан да осы - Гүлназ Нұрғалиева. Бұрынғы Южный көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жол жиегіне тротуар төседі. Жерінің жайнауына маңдайының тері тамған ердің есімі ел есінде сақталсын деген ниетте ауыл тұрғындары Южный көшесіне Құдайберген Нұрғалиевтің есімі берілуіне бірауыздан келіскен.
Сәні келіскен саялы бақтың ашылу салтанатына келген жұрттың қарасы қалың болды. Құдыш ағаның ұрпақтары мен әріптес туған-туыстарынан бөлек, елжанды азаматтың көзін көрген барша ауылдастары да бұл салтанатты жиыннан бой көрсетті.
«Әрбір ер азамат туған жеріне еңбек ету керек. Құдайберген Нұрғалиев осыны өмірлік ұстаным қылып алғанын еңбек жолына қарап-ақ аңғаруға болады. Артынан осындай ұлға бергісіз қыздарын тәрбиелеп жеткізген. Кез келген ер азамат Гүлназ Құдайбергенқызындай жұмыс жасай алмайды. Соңынан қалған ұрпақтарына амандық тілеймін, әке жолын жалғастырып, биік шыңдарды бағындыра берулеріне тілектеспін. Көкпекті ауданының киелі топырағынан Құдыш ағамыздай әлі талай азаматтар шығатынына сенімдімін», - деді Көкпекті ауданының әкімі Серікқазы Құсайынұлы.
Саябақтың ашылу салтанатының барысында Құдыш ағаның замандасы, Көкпекті аудандық білім беру бөлімінің бұрынғы басшысы Сейсенбаева Венера Иманғалиқызы, республикалық автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Құдыш ағамен бірге жұмыс істеген әріптес-тәлімгері А.И. Федосов сынды азаматтар сөз сөйлеп, қызықты естеліктерімен бөлісіп жатты. Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Сабырбаев Ержан арнайы аудан әкімінің құттықтау хатымен келіп, ақ тілегін жаудырды. Саябақтың ашылу салтанаты өткеннен кейін, барша қауым ішіне кіріп, қуанышты сәттерін суретке түсіріп, мәз-мейрам болып жатты.
Аудан төңірігенде Құдыш ағамызды білмейтіндер кемде-кем. Тіпті Құдайберген атын еркелетіп, «Құдыш аға» деп атап кеткен де осы көкпектіліктер. Ұлттық болмыс пен қазақы нақышты үнемі бірінші орынға қойған елжанды азамат сол кезеңдегі барлық құжаттардың орыс тілінде болуына қарсылық білдіріп, ауданымызда ең алғашқылардың бірі болып құжаттарды қазақ тілінде жүргізген екен. Еліне еңбегі сіңген ердің есіміне саябақ салынып жатқанда, еңбекқор азаматтың өнегелі өмірбаянымен қалың оқырманды толығырақ таныстырып өткенді жөн көрдік.
ЕҢБЕГІМЕН ЕР АТАНҒАН
Тарих беттеріне үңілсек, тайға таңба басқандай белгілі бір дүние бар. Ол ата-бабаларымыздың жаужүрек, батыр болғандығы. Бүгінгі күндегі әрбір иісі қазақ қандастарымыз - кешегі ержүрек, данагөй, батыл аталарымыздың бақытты ұрпақтары. Осындай орасан атырап пен ұлан-байтақ жерді қорғап қалған текті елдің тұқымының ұсақталуына да, өзгенің қолынан пышақталуына да еш хақы жоқ. Бүгінгі мақаламыздың арқауы да, парасатты елдің перзенті - Байжігіт еліндегі атақты Тәуке батырдың ұрпағы. Тәуке батыр - Тарбағатайға ел қондырып, тоғыз жолдың торабына жұртын тұрақтандырған даңқты батыр. Одан тараған ұрпақтары да, жолды қадірлей білетін, «жол мұраты – жету» дегенді жіті түсінетін болған. Бел баласы Нұрғали, Нұрғалидан Әндібек, Әндібектен Құдайберген тараған. Біз бүгін азғантай ғұмырында елінің алтын асықтай азаматына айнала білген Құдайберген Нұрғалиевтің өнегелі өмір жолын назарларыңызға ұсынбақпыз.
Есіміне осы төңіректің еңкейген қартынан, еңбектеген баласына дейін түгел қанық Құдайберген Әндібекұлы Нұрғалиев дегенде елең етепейтіні кемде-кем. Азаматтың азаматтығы атқарылған ісіне қарап білінеді ғой, осы Көкпектінің жолдарының қай бұрылысында аял қылсаңыз да, Құдыш ағаның қолтаңбасы айқындалып тұрады. Ол байсалды қалпынан айнымайтын жайсаң, жаратылысымен үлкен-кішінің құрметіне бөлене жүріп, берекелі ісіне берілген азаматтың нақ өзі болатын.
Жол - инфрақұрылымның ең негізгісі. Қандай да іс бастамас бұрын алдымен жол салынып, содан кейін қалған жұмыстар біртіндеп іске асырыла бастайды.Әрине, жол салынғаннан кейін, шаруа бітті деп әсте есептеуге болмайды. Дегенмен, жолдың бітуімен жұмыс қыза түседі, жол бар жерде тіршілік бар, өмір бар. Жолдың бабында болуы, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамсыз ету үшін жолға арнайы күтім қажет екені тағы да белгілі.Шындығын айтсақ, әр адамның өмір жолы жатқан бір тарихи дастан іспетті. Оның азды-көпті ғұмыр кешуі шарт емес, бірақ қалдырған ізі, атқарылған ісі туралы баяндағанда бір-ақ сөзге сыйдырып, «ғұмыр жолы» дейтініміз аян. Адамдық жаратылыстың негізгі қасиеті бойына ерте бастан ұялаған Құдайберген Нұрғалиевтің де өмір жолын әңгімелесек, тұтастай бір жолды жүріп өткендей боламыз.
Құдайберген Әндібекұлы Нұрғалиев 1954 жылы 27 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. 1961 жылдан 1971 жылға дейін Көкпекті ауылындағы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте білім алған. Мектеп бітірген соң, Семей қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түседі. 1972-1974 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтейді. Әскерден орала салысымен оқу орнын тәмамдап, Жамбыл облысы Қордай ауданына жолдама алып, жол құрылысының шебері болады. Араға бір жыл салып туған жері, өскен ортасына оралып, 21 жасында Көкпекті ауданының автожол мекемесіне механик болып жұмысқа кіреді. Көп ұзамай бас инженер қызметін атқарады. Кейіннен, 1983 жылы, жұмысқа деген жауапкершілігі мен қабілетінің арқасында аудандық жол мекемесінің тізгінін қолына алды. Бұл азамат жол жұмысының ыстығына күйді, суығына тоңды, жолдың өн бойының әрбір үтір-нүктесін жатқа білетін жан десек, асыра айтқандық емес. Күнделікті тынымсыз жұмыстың ортасында қайнап, шын мәніндегі жол жанашыры болып жүрді.
Жол саласында демалыс деген жоқ. Жаздай жолдың қысқа даярлығы басталады, ағымдағы жөндеу, көгалдандыру, жол күтімі, қысқы мерзімге техниканы жарақтау, тайғаққа қарсы қажетті материалдарды дайындау ұдайы жалғасып отырады. Қыста екі бастан жол бойындағы көлік қозғалысының үздіксіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда ұсталады. Осы орайда мекемеде тәуліктік кезекшілік атқарылады, кез келген жүргінші өзінің назын айтып, хабарласып жатады. Әсіресе, қыстың қолайсыз ауа райы мезгілінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұның бәрі жол мекемесі басшысының қадағалауында болады. Іскерлік пен әділеттілікті жанындай сүйген басшы Құдайберген Әндібекұлы жол салу ісінде өзіне де, өзгеге де үлкен талап қоятын.
Не нәрсені қолға алмасын, сапалы шығуын қадағалауда жан салмайтын Құдайберген ағадай басшы жол өзегін таңдау, жүлгесін көтеру,шұғыл тас төсеу, қара май құю сынды толып жатқан ауқымды да жауапты кезеңдерін мемлекеттік стандартқа сай зор екпін сала білді.
Міне, жол саласындағы ұзақ жылдар бойғы мәнді де, мазмұнды еңбек жолынан өткен Құдайберген ағаның еліне еткен еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», еңбектегі жетістіктері үшін әр жылдарда «Ерен еңбегі үшін», Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл медальдарымен, облыс әкімінің алғыс хатымен, «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының мерекелік медалімен, Көлік және коммуникация министрінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасының көлік және коммуникациясы тарапынан «Құрметті жолшы» атағымен, «Астананың 10 жылдығы», «Көкпекті ауданына 70 жыл» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, Көкпекті ауданының 80 жылдық мерейтойында, сол кездегі аудан әкімі Д.Мусин «Көкпектіге 80 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Өкінішке орай, төсбелгі марқұмның жары Сәуле Төлеубекқызына тапсырылды.
Өнегелі отбасының басшысы жары Сәулемен 3 қыз тәрбиелеп, олардың заманға сәйкес білім алуына мүмкіндік жасады. Азаматының бағының жайнауы да, сорының қайнауы да қосағасының бұл тұрғыда шаңырақ шырайы, шырағы бола білген, Құдайберген ағаның өмірлік жары – Сәуле апайдың орны ерекше. Отыз төрт жыл бойы ошақтың құты, бақыттың қайнар бұлағы болған Сәуле апай жұмысына ала таңнан аттанып, қара кеште оралып жүретін Құдайберген әкенің асқар таудай қасиетін асырып отырды.
Құдайберген Әндібекұлы ауырлығы - мен мехнаты мол жол саласында қызмет істеп жүрсе де, жанұя, бала тәрбиесіне аса назар аударған жан. Қауырт жұмыстан қолы қалт босай қалғанда қыздарын еркелетіп, әкелік мейірін көрсетіп, айналып, толғанып отыратын. Соның арқасында қыздары да өз замандастарынан оқ бойына озық. Мерейлері үстем, жоғары білім мен билік иелері, қоғам ісіне белсене араласып жүрген аяулы жандар. Үлкен қызы Гүлжан - салық саласының білгірі, ал ортаншы қызы Гүлназ қаржы саласы бойынша білім алып, бүгінде әке жолын жалғастырып, «Көкпекті жолдары» ЖШС басшысы қызметін атқаруда. Өнегелі отбасының сүт кенжесі Мадина медициналық академияны тәмамдап, Өскемен қалалық санэпидемиялық орталықта маман болып еңбек етуде. Әкенің аялы алақанында тәрбие көрген олар, әке тағылымын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра бермек.
Сөз соңында айтарымыз, елге еңбегімен танылған Құдайберген ағаның халық игілігіне бағытталған мерейлі істерін ұрпақтары жалғастыра берсін. Ерді жеңіске жеткізген де, елге атын шығарған да осы - еңбек. Біздің кейіпкер болашақ буынға да осыны нұсқап, алтын шыққан жерді белден қазуға ерінбеуін тілеп, ұлт болашағы жастардың қолында болғандықтан, кейінгі буынға ағалық қамқорлығын көрсетуден аянбаған. Сабырлы болуды санаға сақтап, жігерлілікті жүрегіне жиып, еңбекке етене еніп, әкеден қалған тәрбиені ой талқысында таразылайтын, қайырымдылық - қазақтың қанына сіңген қасиет деп білген ел ағасы болған Құдайберген Әндібекұлы Нұрғалиевтің көркем келбеті осындай еді.
Айдын ТОҚСАНОВ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.