5 қараша (5 қарашадан кешіктірмеи) Төлеу: * 2024 жылғы қазанда алынған жеке практикамен...
12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер 1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын...
12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер 1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
Ұлысын ұлықтай білген, Тарбағатайдың құтты қойнауын мекендеген ағайын қазаққа тән даналығы мен көсемдігін, шешендігі мен ұлылығын бойына дарытқан Сайболат Жұмықұлының 350 жылдығына арналған ауқымды іс-шараны алты алашқа сауын айтып, дүркіретіп өткізді. Тойда ат шаптырып, күйшілер, жазба ақындар мен белдескенде белін үзер балуандарды сайыстырып, бабаларына еңселі ескеркіш орнатып, ұлан асыр ас берді.
Аталмыш шара алдымен Құйған ауылындағы Сайболат Жұмықұлына атындағы саябақта басталды. Көпшілікті Өскеменнен арнайы осы тойға келген республика, облыс көлеміне кеңінен танылып үлгерген, Шалқар Рысханов дирижерлік ететін Шығыс Қазақстан облысы, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Ертіс концерт» мекемесінің «Байжігіт» атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі әуелеген сазды күйлерімен қарсы алды.
Ашылу салтанатында Тарбағатай ауданының әкімі Садуақасов Серікқазы Құсайынұлы игі шараны атқарған баба ұрпақтарына алғысын білдірді. Расымен Тарбағатайдың құтты қойнауын мекен еткен бабалары Сайболат Жұмықұлына қойылған ескерткіштің ашылуынан бастау алған шарада еліміздің әр жерінен жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары, Сайболат ұрпақтар және елге белгілі азаматтардың қарасы көп болды. Ауыл төрінен орын алған Сайболат бабаларының ескерткіші өткенге салауат етудің бір белгісі деген ұрпақтары лентасын қию рәсімін Құйған ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Айдарбек Малғаждаровқа, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбековке, осы тойдың қонағы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Досхан Жолжақсыновтарға берді.
Ал Сайболат ұрпақтарының шежіре кітабының тұсаукесер рәсімін «Сайболат ұрпақтары» қоғамдық қорының төрағасы Мырзахан Шакенов, баба ұрпақтары Құрманқажы Қоңыз батырдың немересі Нәзипа Кенжина, Қуаныш Омаров кесіп халыққа таныстырды.
Сайболат бабаларының ескеркішінің үстіндегі ақ матаны алғанда Алланың ақ жауыны да өзінің нұрын төгіп тұрды. Ал ауыл ақсақалы Кәкен Бөбекбаев ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашуды қарша боратты.
Ұрпақтар сабақтастығына негіз болған, жүректен шыққан жаңа бір туынды «Сайболаттар шежіресі» кітабының тұсаукесер рәсімінен кейін сөзін белгілі ақын Мұратхан Ахметбек, әнін Нұржан Шөкенов жазып, аренжировкасын Сахариевтар әулеті жасаған «Сайболат ұрпақтарының әнұранын» Сабыржан Шпекбаев, Ерлан Болатұлы орындап, көпті қуанышқа бөледі.
Мұнымен Құйғандағы шара аяқталмай ауылда салынған қатымхананың ашылуымен жалғасын тапты. Туған жерлерін көркейту мен өркендету ұрпақтың парызы, азаматтық борышы деп ұғынған ауыл азаматтары салған қатымхана көпшілікке есігін айқара ашты. Міне, осы қатымхананың да ашылу салтанатында туған жердің тағылымды тарихы мен ұлағатына терең мән берген бірқатар ауыл тұрғындарына Алғыс хаттар таратылса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бабалар мұрасын жас ұрпаққа насихаттау жолына сіңірген еңбектері үшін біраз азаматтарға «Сайболат ата» төсбелгісі таратылды. Сонымен қатар, Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаиловтың құттықтауы да жеткізілді. Ежелден береке-бірлігі бекем көршілес ауданның айтулы оқиғасына біздің елдің атынан әкім орынбасары Марат Теміржанов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Отаршина, белді кәсіпкер, меценат Болат Бекбердинов, басқа да шаруа қожалық басшылары, мәслихат депутаттары қатысып қайтты. Соңынан жаңа қатымханада Сайболат бабаларына ас беріліп, құран қатым түсірілді.
Құран қатымға қол жайып, сауапқа бөленген жұртшылық енді Ақжардың «5 километр» аталып кеткен тұсына, яғни Ақжар, Құйған, Қарасуға апарар жол қиылысында азаттық күрескері, Байжігіт көтерілісінің көсемі, қажы Қоңыз батырға еңселі орнатылған ескерткіштің ашылуына асыға аттанып жатты. Бұл жерде де жиналған халықтың қарасы көп болды. Бабаларына арнап ескерткіштердің орнатылуы халық мәдениетінің қайнар бұлағын танытқан ұрпақтарының еленбеген ерен еңбектерінің жемісі екендіктерін айтқан ұрпақтарымен қатар аудан басшысы да өзінің ыстық ықыласын жеткізді. Сайболаттегі Құрбанқажы Қоңыз батырдың өр тұлғасын сомдаған Азамат Талапхан мен Ершат Жолдасын деген азаматтар болса, оны орнатуға атсалысқан Сайболаттың ұрпақтары. Жалпы ескерткіштерді орнатуға 20 млн. теңге жұмсалған екен.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы, халықаралық «Жамбыл», «Алаш» сыйлықтарының лауреаты Нұрдәулет Ақыш, ҚР халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ауданның өркендеуіне өз үлестерін қосқан Сайлаухан Аухадиев, Түсіпхан Түсіпбеков, Ерлан Текешев және қазақ күресі федерациясы президенті Бәделхан Сабуров, өлкетанушы Сағымбек Ақановтар өздерінің құттықтауларын жеткізді. Ең бастысы, Сұлтанмахмұт ақыннан білім алған, кейіннен Алаш қайраткерлерімен иықтас, ниеттес болып қыруар еңбек еткен Мырзасадық Құрбанқажыұылының қызы, асылдың сынығы, жақсының жұрнағы Нәзипа мен немересі Асхат Кенжиндер осы ескерткіштің құрметті қонақтары болды.
Сондай-ақ, ақжарлық балуан қызымыз, Сайболаттың ұрпағы Гүлнұр Ерболованы да осы жерде марапаттап, ескерткішті ашу құрметіне де бірқатар сыйлы азаматтар ие болып, шашу шашылды.
Бұл жерде де екінші кітап «Сайын дала Сайболаттарының» тұсаукесері болды. Онда кітаптың автары, жетісулық қаламгер, ақын-жазушы, өлкетанушы, Ілиястанушы Қажет Аңдас өзінің бұл кітапты жазудағы мақсатына қысқаша тоқталып өтті. Басты айта кетерлігі, екі ескерткіштің қасына тасқа қашап, «Ұлы даланың жеті қыры» аясында, «Жеті атаны білген –саналы ұрпақтың кепілді» деген нақылмен шежіре тектілікті көрсететіндігін айқындап жазған тақта орнатылған екен. Келген қонақтар өздерінің қайдан, қалай тарайтындықтарын осы тастағы жазбаға қарап таратып жатты.
Сондай-ақ, шара аясында Сабира Мұхаметжанова атындағы стол теннисінен турнир, қазақ күресінен республикалық балуандар белдесуі болып, түйе балуан, өгіз балуандар анықталды. Сонымен қатар, тарихи-танымдық конференция болып, онда Алматыдан келген филология ғылымдарының докторы Ақыш Нұрдәулет «Байжігіт баба және оның ұрпақтары» жайында, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, Сайболат бабаның ұрпағы Бимұхан Нұғыманов «Сайболат тегі Құрбанқажы Қоңыз батыр туралы», Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы ұлттық университет докторантты Заңғар Кәрімхан «Сайболат сайыпқырандары» тақырыптарында жасаған баяндамалары оқылды. Конференцияны Сайболат бабаның ұрпағы Қанатбек Қажыбеков жүргізіп отырды. Оқылған баяндамаларды мұқият тыңдаған көпшілік арасынан белгілі өлкетанушы, «Ғасыр көші» кітабының авторы Сағымбек Ақанов және ақсақалдар Талғат Халықов, Сабыр Оспанов, Абай атындағы орта мектептің шебер педагог санатындағы тарих пәні мұғалімі Қуаныш Қабидолдиндер пікір бөлісті. Сонымен қатар, конференция ақталысымен Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің көрнекті өкілі, Сайболаттың ұрпағы Қайрақбай Шәлекенұлы атындағы күйшілер байқауында тікелей ұрпағы, 7 сынып оқушысы Шалқар Бақбердің орындауындағы күмбірлі күйі көпшіліктің жүрегінен жол таба білді.
Тарбағатай елінің тумалары, атымтай жомарттар Текешов Ерлан Хасенұлы, Нәбиев Қайрат Қасымұлы мүшайраның бас жүлдесіне автокөлік тікті. Жазба ақындар мүшайрасына бұрын соңды автокөлік қойылмағанын айта кеткен орынды шығар. Бұл өнерге деген қолдау ақындардың, өнер адамдарының шығармашылығына шабыт әкелетін оқиға екені даусыз. Бұл бағалы сыйлықты жерлесіміз, ақын Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Аслан Ғафуров қанжығасына байлады.
Екінші күнге қалған бәйгеге де ат баптаған бапкерлер өз жүйріктерін үкілеп, жабулап көп әкелді. Ат десе ішкен асын жерге қояр қазақтың ұрпағы ат жарысы өткізілген атшабарға таңертеңнен көптеп жиналды. Мұндағы басты жүлдеге тігілген «Нива» автокөлігі жүзден жүйрік шыққан үржарлық сәйгүлікке бұйырды. Шара аясында Республикалық дәрежеде балуандар белдесуі, Аламан бәйге, Сәбира Мұхаметжановаға арналған стол теннисінен сайыс өтті. «Мен ұрпағыммен тірімін» атты Гала концертпен қорытындыланды. «Бәйжігіт» оркестрі ұлттық саздарымызды асқақтатып, өнер тарландары ән-жырдан шашу шашты. Міне, осылайша тұғырлы ел Тарбағатайдың төрінде өткен Сайболат бабаны ұлықтауға арналған екі күнге созылған той өз мәресіне жетті. Ал Сайболаттың ұрпақтары болса әлі талай игілікті істердің ұйтқысы болатындықтарын айтып, болашаққа зор сеніммен нық қадаммен аттанды.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.