Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
Қалихан Алтынбаев – біріншіден, суырыпсалма ақын, айтыс өнерінің хас шебері ретінде танылған ақын. Екіншіден, әдеби мұраны және тарихи шежірелерді жинау-шы, Ертіс жағалауынан шыққан ақын-жазушылар және Семей өңірінің әдеби ортасы туралы, абайтануға қатысты зерттеу мақалалар жазған қаламгер. Үшіншіден, ақынның ғибратты шығармашылық мұрасының өзі-ақ қазақ әдебиеті тарихының көркемдік қорын толықтыра түсер сөз байлығымен ерекшеленеді.
Әдебиетіміздің тарихында өзіне ғана тән ақындық дәстүрмен ерекшеленетін «Абайдың ақындық дәстүрін жал-ғастырушы» деген атпен белгілі болған ақындардың үлкен тобы ерекше орын алады. Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Шәкір Әбенов, Тәңірберген Әміренов сияқты халық ақындарының дәстүрін жалғастырушы және қазақ әдебиетінде айтыс өнерін дамытушы Қалихан Алтынбаевтың әдеби мұрасы өте бай.
Қ.Алтынбаев ел ішінде айтыскер ақын ретінде танымал. Кезінде белгілі ғалым Е.Ысмайылов оның ақындық қарымын, айтыскерлік шеберлігін даралап көрсеткен болатын. Ол: «Қалихан жазып та, қолма-қол суырып та айтатын жалынды жас талант. Қалиханның ақындық өнері Исаны еске түсіреді», – деп, ақын өнеріне зор баға берген.
Қ.Алтынбаев әдебиетсүйер қауымға жасынан таныла бастағанымен, оның есімін өнер өрісіне әйгілі еткен ақынның 1957 жылы қазан төңкерісінің 40 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысындағы Т.Әміреновпен айтысқан жыр додасы болды. Міне, осы кезден бастап жергілікті, облыстық және республикалық басылымдарда ақын жайлы мақалалар жарыққа шыға бастады.
Кейін ақынның айтыстары мен толғаулары, өлеңдері Ғылым Ака-демиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған «Ақындар жыры», «Ақындар шықты айтысқа», «Айтыс», «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы», «Мәңгі көктем», т.б. жинақтарда жарияланды.
Семей өңірінде ақынның көзі тірісінде 50, 60, 70 - жылдық мерейтойлары аталып өтілді. Осы кездері ақынның әріптестері, замандастарының ақын шығармашылығына қатысты естеліктері «Семей таңы», «Ертіс өңірі», Көкпекті ауданынан шығатын «Жұлдыз» газеттерінде жарық көрді. Ақынды өздеріне ұстаз тұтып құрметтеген шәкірттері Д.Омарбаева, М.Төлеуов, С.Қанапияновтар ақынға арнау өлеңдерін облыстық, аудандық газеттерде жариялады.
«Семей таңы» газетінде бірнеше жыл қызметтес болған ақын Қашаф Туғанбаев Қалихан ақын туралы естелігінде: «Мен өзім жақсы білетін, көзім жетіп, көңілім сезген Қалиханның бірнеше қасиетін айтуды парыз деп санаймын Ол – нағыз дарындарға тән сезімталдық қуатының молдығы, естігенін есте сақтау зейін қабілеттілігі, оқығанын көкейінде тоқығыштығы, ең соңында осы адамдық факторлардың бәрін бір мақсатқа бағындырған нық ұстамдылығы», – деп жазса, Көкпекті ауданында шығатын «Жұлдыз» газетінде қызметтес болған әріптесі Нәкен Серікбаев (Нәксер) ақынның өлеңдерін талдай келіп: «Қалекең поэзиясы халық ауыз әдебиетінің құнары мол болумен қатар өлеңдерінің құралу түрі, жазылу стилінде де өзіндік ой-толғаныс иірімдер, ұтымды сөз қолданыстар, тосын жолды қайырмалар мол кездеседі», – деп жазған.
Қ.Алтынбаевтың әдеби мұрасының басым бөлігі – айтыстары. Ақын Қазақ ССР-нің 60 жылдығында, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл және Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл мерекесіне арналған облыстық, республикалық т.б. ақындар айтысына қатысып, суырыпсалмалылығымен, сөз саптау шеберлігімен жұрт ықыласына бөленіп, халыққа кеңінен танылды. Сол себепті де «Қазақ әдебиетінің энциклопедиялық анықтамалығында». Қалихан Алтынбаевтың айтыскер ақындығы атап көрсетіліп, сөз зергерінің шығармашылық ғұмырбаяны, өлең жинақтары жайлы қысқаша мәлімет деректер берілген.
Әдебиет тарихында өзіндік орны бар, әдеби мұрамызды өлеңдері, айтыстары, тарихи дастандары, этнографиялық әңгімелері, мерзімді баспасөзде шыққан ғылыми мақалаларымен байытқан – Қалихан Алтынбаев.
Қалихан Қалиасқарұлы Алтынбаев Семей өңірінде, қазіргі Жарма ауданы Малай ауылына қарасты Қаратал қыстағында 1927 жылы қараша айының 16 жұлдызында дүниеге келген. Ақынның шығармашылық өмірбаянын құрауда бірінші кезекте автордың қолтаңба деректеріне сүйенеміз. Осы орайда ақынның төл туындысына үңілер болсақ, оның ататек шежіресі, ғибрат алып, өнеге тұтқан ортасы, шығармашылық ізденіс жолындағы талпынысын пайымдаймыз. «Руым Найман, оның ішінде Бура деп аталамыз. Бізді жылқының санына басатын таңбамызға қарай «Ергенекті» деп атайды. Ергенек – ескі тілде киіз үйдің есігінің үстіндегі төрт бұрышты ағаш маңдайшасы болса керек. Бура, Саржомарт, Көкжарлы осы Ергенекті таңбасы бойынша бөлінеді. Бұл туралы ел аузында келе жатқан аңыздар да бар. Бураның ішінде «Алты бай» деген тармақтанбыз. Құдайқұл деген кісінің 6 баласын «Алтыбай» деп атап кеткен».
Деректерден бізге мәлім болғанындай түрлі аңыздар ұшырасады. Құдайқұлдан тараған алты баланың өткір мінезді өжеті – ақынның атасы Келдіғұл деген кісі болса керек. Оның Тоғалақ атты ұлы жаугершілік кезеңде, жоңғар шапқыншылығының күшейіп, қазақ халқының басын бұлт шалған заманда Абылай ханның қабырғалы биі болғанын елі бүгінге дейін есте тұтады. Бар ақыл-парасатын халық бірлігіне қалтықсыз жұмылдырған Тоғалақ биден Әйтімбет, ал одан Еңсебай туады. Ата тегінде құдіретті сөздің қасиеті қонған Еңсебай сөзге шешен, ұшқыр ойлы, ақылға жүйрік адам болса керек. Ел арасына кеңінен тарап, бүгінде нақылға айналған «құрбыңның озғанын құдандаңнан байқарсың» деген мәтелдің иесі де осы Еңсебай шешен.
Еңсебайдың нағашы жұрты тобықты ішіндегі Көкше руынан. Анасы Ақлима Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатаевпен аталас болып келеді. Анасының жанынан өлең шығаратын қабілетіне қарай «Ақын шеше» деп атайтын. Бұл ретте ақын естелігіне кезек берсек: «...Сол кісіден туған үш баланың үшеуі де өнерпаз, мәселен, біздің атамыз Еңсебай асқан шешен болса, оның інісі Қосбармақ (саусағы алтау) – асқан домбырашы, үшінші баласы Монтай 14 жасында дарын қонған керемет молда болған. Еңсебайдан Алтынбай, онан менің әкем Қалиасқар. 1953 жылы 56 жасында дүние салды. Ол кісі «Қанатты қара бәдеу», «Боз айғыр», «Мұңлы қыз» күйлерін домбырада шебер орындайтын, аздап өлең шығаратын», – деп ақын текті әулет шежіресін осылай тарқатады.
Әкесі Қалиасқар Алтынбайұлы ел арасына өнерпаздығымен ілтипатқа бөленген шежірешіл, асқан күйші, жыршы. Анасы Сағила Смаққызы да халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің шөбере туысы болып келетіндігі шежіреден мәлім.
Әкесі мен шешесінің жасынан берген рухани тәрбиесі Қалихан Қалиасқарұлының жасынан қазақ әдебиетіне қапысыз қызмет етіп, рухани құндылықтардың жойылып кетпеуіне бар қажыр-қайратын жұмсауына зор ықпалын тигізді. Мәселен, «Семей таңы» газетінің 1990 жылғы 1 желтоқсанындағы санына Көкбай Жанатаевтың «Наурызбай-Фатима» дастанын ұсынған Қалихан өз алғы сөзінде: «Мен бұл қиссаны 15 жасымда, 1942 жылы өз әкем Қалиасқардан естіп, жаттап алғанмын. Қиссаның тағы бір нұсқасында асқан сұлу Фатимаға қайнағасы – Кенесарының көзі тиіп өледі. Осы дастанның авторын сұрағанда әкем марқұм: «Тобықты Көкбай ақын шығарған» деп еді. Бұл орайда, Қалиханның сөз өнеріне құштарлығы мен ұлт әдебиетіне деген жанашырлығы әке өнегесінен бастау алғандығын танимыз.
Текті әулет өнегесі көкірегіне нұр, жүрегіне жыр, бойына дарын болып қонған Қалихан жастайынан өлеңге құштар болып, жанынан жыр шығаруға әуестенді. Алты жастағы ойын баласы Қалихан Сәбит Мұқановтың «Қозы бақ» поэмасын жатқа оқитын. Бала шағынан зеректігімен ерекшеленген Қалиханның ақындық қуаты 13 жасынан танылды.
Өнер сырын терең тануды мұрат еткен бозбала Қалихан ежелгі қазақ ақындарындай серілік дәуренді ұстанды. Атап айтсақ, Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов сынды халық ақындармен бірге ере жүріп ордалы өлең-жырдың базары болған Аякөз, Шұбартау жерлерін аралаған. Бұл ақындарды өзіне ұстаз тұтып, тәлім-тәрбие ала жүріп жалынды жас ұлы Отан соғысы жылдарында ел еңсесін көтеріп елжандылық рухтағы өлеңдер шығарып, «бала ақын» атанады. Бұл турасында ақын естелігі былай дейді: «Бір күні ымырт кезінде, терезенің алдында «Қамбар батыр» жырын оқып отырғанмын. Денем әлденеге қызып барып басылды. Сол-ақ екен, басыма мынандай ой келді: Ақын дегендер болушы еді ғой. Мен де өлең шығарсам қайтеді. Осы оймен қолыма қалам алып, үй ішіне көз жүгіртіп, кішкентай қызыл жәшік бар еді, өлеңді соған арнадым:
Бар екен біздің үйде қызыл жәшік,
Қалихан кітап оқыр ішін ашып.
Өлеңді әрбір жерде айтып тастап.
Қалекең келе жатыр маң-маң басып.
Тұңғыш өлеңімнің сиқы осы. Сол күннен бастап есіл-дертім өлеңге ауды...»
Өлең өнерінде пір тұтқан, ұстаз санаған ақындарды жырына қосып, шәкірттік құрмет көрсету, дәріптеу дәстүрі Қалихан шығармашылығында да үлкен орын алады. Ішкі істер қызметкерлері айтысына арнауында ақындық қабілетінің шыңдалып, өнерінің зораюына үлгі болған ұстаздарын былайша мақтан тұтады:
Менің атым Қалихан,
Ұстазым – Төлеу, Нұрлыбек,
Тәңірберген қаракөк,
Тоқсан асқан Шәкір бар,
Шынжыр балақ, асыл тек.
Қайран да менің Семейім.
Ақын өз әкесінен ескі аңыз, әңгіме, қисса-дастан, гентильдік шежірелерді көкірегіне түйсе, Төлеу, Нұрлыбек Тәңірберген, Шәкірдей халық ақындарынан cөз өнерінің қыр-сырын жете меңгерді. Олар шын мағынасындағы ұстаздары бола білді.
Айтыс өнерінің биігіне көтерілуі Қалихан ақынның зор ізденісі мен та-бандылығының, жаратылысынан сөз құ-діретіне құштарлығынан болса керек. Бұл өнердегі ең алғашқы қадамы 1947 жылы Жарма аудандық партия комитетінің ұйым-дастыруымен өткізілген айтыстан басталады. Осы сайыста сол кеңестік жүйедегі дәстүрге сәйкес Қ. Алтынбаев «Еңбекші» колхозының абыройын қорғап Көсембек Байқұтдинов деген жергілікті ақынмен сөз қағыстырып, өзінің айтыс өнерінің жаңа өнерпазы екендігін айқын басымдылықпен көрсетті. Осы айтыс ақынды жаңа биіктерге қанаттандырып, ақындық қуатының өріс-теуіне үлкен ықпал еткендігі сөзсіз.
Өзінің айтыскерлік табиғатын айқын таныған Қ.Алтынбаевтың өнер жолына белсене араласқан тұсы ХХ ғасырдың ІІ-жартысынан басталады. Шәкірттік шағынан, оқушылық өмірінен сыр шертетін «Қара портфель» атты тырнақалды өлеңі 1955 жылы «Семей правдасы» газетінде жарияланды. Бұл турасында осы газеттің білікті журналисі К.Туғанбаев: «Мен Қалиханды 1955 жылдан білемін «Семей таңы» газеті редакциясына келгенім сол еді, алдыма бір папка өлеңді жайып салды. Солардың ішінде екі өлең көзіме оттай басылды, авторы – Жарма ауданы Ақжал поселкісінің тұрғыны Қ.Алтынбаев маған бұрын таныс емес есім, облыстық газет беттерінен кездестірген емеспін. Өлеңіне қарасам, қаламы төселген, аяқ алысы өзгеше қалыптасқан ақын адам сияқты. Өлеңді газетке басуға ұсындым», – дейді. Ақынның өлеңдері осыдан бастап облыстық баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланып, жас дарынның өнердегі ендігі бағытын толықтай айқындап берді.
Шашасына шаң жұқпас айтыс өнерінің саңылағы ретінде танылған Қалихан Алтынбаевтың шеберлігі өз кезеңінің ірі ақындардың назарына ілініп, үлкен баға-сына ие болды. Атап айтсақ, 1961 жылы өткен республикалық ақындар айтысында халық ақыны Қалқа Жапсарбаев: «Зор дауысты әншілік немесе шебер күйшілік өз алдына, ал мына Қалиханның сөзі, төрт аяғы тең түседі. Қайткенмен Абай ауылының баласы ғой», – деуі, ақындық дарынына деген құрметтен туған ілтипат екендігі ақиқат.
Қ.Алтынбаев өзінің ақындық жетілу жолында сөз барымтасы саналған өнер додасында жиырмадан аса қарсыласпен сөз сайыстырып, шешендік пен шеберліктің асыл үлгісін жасай білді. Бұл турасында «Таныстыру» атты өлеңінде:
Жиырма дүркін сайысқан,
Жүйкесі мықты қайысқан.
Салмағынан өлеңнің
Бақайшығы майысқан,
Алтынбайұлы Қалихан.
Көкжал бөрі арлан бар,
Өнердің бастау басындай.
Біздің Семей осындай, – деп боталы сөздің боздағын, әз сөздің жанын шығарар арқалы ақын, тәжірибелі сөз шебері екендігін баса көрсетеді.
Ұлттық поэзиямыздың өміршең де көркем жанрларының бірі – айтыс десек, оның әдебиеттану ғылымындағы алатын орнын былай қойғанда, бүгінгі тәуелсіздік алған өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отырғаны дәлелдеуді қажет етпес ақиқат. Қ.Алтынбаевтың Көсембек Байғұтдинов, Тәңірберген Әміренов, Сағынғали Мұқанов, Ғаббас Шөкімұлы, Мақан Баймурзин, Көкен Шөкеев, Сара Тоқтарбаева, т.б. ақындармен сөз сайыс-тары – айтыс өнері тарихында қалған мол әдеби мұра.
Ақынның айтыс өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы әбден дараланған, төкпе дәстүрдегі айтыскерлік қасиеті айырықша назар аударатын құбылыс. Қ.Алтынбаевтың жекелеген айтыстары Ғылым академиясы әр жылдарда шығарған «Ақындар жыры», «Ақындар шықты айтысқа», «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы», «Қазақтың халық поэзиясы», «Айтыс – тойдың ажары», «Жас дәурен», «Жыр шашу» деген жинақтарда жарық көрді. Халықтық айтыс өнерінде Қ.Алтынбаевтың өзіндік орыны барын ерекше айтуымыз керек.
Ақын есімі мен өнері өзінің көркем толғаулары арқылы да жұртшылыққа кеңінен таныс. Қалиханның толғаулары жүрек толқыны мен сезімнің шиыршық атқан толғанысынан бастау алып, әдебиетіміздің інжу-маржанына айналған көркем туынды деуге толықтай лайық.
Ақын толғаулары ұлы тұлғалардың өмір деректерін көркемдік полотносында бере білумен ерекшеленеді. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде, заманымыздың заңғар суреткері М.Әуезовтің 70 жылдық мерейтойына арнаған «Аралдағы ақ қайың» толғауы ұлы суреткердің өмірінен толайым сыр шерте отырып, нәзік сезімге құрылуымен құнды. Осынау эпикалық қарымда, реалистік планда жазылған толғау үзінділері «Қырғызстан мәдениеті» газетінде жарияланып, қырғыз әдебиеті сыншыларының оң пікірлерін алғанын айта кету орынды. Сондай-ақ, қазақ көркем ойының көшбасшысы, хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнаған «Жер кіндігі – Қарауыл» дастаны ел мен жер тарихының көркем шежіресін ретінде бағаланып, Абай елі мен жерін қонақтарға таныстыруға арналған тұңғыш жолбағдар туынды деуге болады.
Жасынан күй мен сазға, ән мен әуенге елтіп өскен, күйшілік, әншілік өнерді қабат меңгерген ақын шығармаларының және бір ерекшелігі әнге лайықталып жазылуында. Айталық, Қалихан ақынның «Біздің Семей осындай», «Жасай бер, Жамбыл ата», «Қаз дауысты қазақпыз», «Ертісім» атты ән-өлеңдері Семей облыстық филармония өнерпаздарының күш салуымен бүгінгі күнге дейін сахналарда орындалып, жас ұрпақтың санасындағы ұлттық рухтың асқақтауына өзіндік үлесін қосуда.
Қ.Алтынбаевтың кең тынысты эпикалық шығармалар жазуы оның ақындық шеберлігінің кемелденген тұсы. Оның поэма-дастандары – идеялық–тақырыптық, көркемдік тіл, композициялық шешім жағынан ерекшеленіп, өзіндік түр тапқан эпикалық қарымдағы шығармалар.
Ақынның эпикалық дастандары қазақ елі тарихындағы үлкен орын алған түрлі тарихи тақырыптарға арналып, қаһарманның ішкі психологиясын аша білген суреткерлік шеберлігімен құнды. Көлемді туындыларының алғашқы сапынан – «Тепек батыр», «Қойбағар батыр» дастандары орын алады. Ел ауызында жүргенмен, халық дастандарының қаһарманына айналып үлгермеген кейіпкерлер ерлігін суреттеу Қалихан Алтынбаев шығармашылығында маңызды орынға ие. Ақынның эпикалық сарындағы шығармаларында үнемі алға тартылып отыратын ерлікті дәріптеу идеясының бәрі де осы сөз боп отырған «Тепек батыр» атты дастанында тоғысып жатыр. Ерлік тақырыбы, қаһармандар табиғатын ашуды өзіндік міндеті етіп алған автордың «Ақырғы айқас», «Мамай батыр» дастандары қазақ батырларының ұлт санасынан өшпес ерлігін дәріптейді. Отаны үшін, елі үшін басын өлімге байлаған, қос жанары-шамшырағын болашақ ұрпақтың бақыты үшін айырбастаған солдат ерлігі, қаһарман толғанысын жан-жақты аша білген. Қалихан ақынның эпикалық мұрасының көркемдік ерекшелігі, дүниетанымдық, әлеуметтік көзқарастары, көркем тілі, идеялық-эстетикалық мұраты тұтаса келіп, романтикалық рухтағы, реалистік шығармаға айналған. Қалихан ақынның эпикалық мұрасы қазақ халқымен бірге жасасып, тарихи көркем туынды ретінде ел ертеңінің рухани мұрасына айнала бермек.
Қ.Алтынбаев – зерттеуші. Оның тарихи-әдеби зерттеулері тың деректерге бай әрі жаңашыл таным тұрғысында пайымдауымен ерек-шеленеді.
Қазақ Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының штаттан тыс тілшісі Қалихан Алтынбайұлы әдеби өлкетану саласында қомақты зерттеулер жүргізді. Әсіресе, Аякөзден шыққан он жеті ақынның есімін ғылыми түрде тұңғыш дәйектеп, олар турасындағы тың мәліметтер беруі зерттеушілік қырын толықтай көрсеткендей. Әдебиет және өнер институты ғалымдарымен ұдайы шығармашылық қарым-қатынаста болып, өз қолындағы материалдарын ұсынып отырған. Мәселен 1965 жылы 25 қарашада Есмағанбет Ысмайловтан алған хатында: «Қалихан! Сенің хатыңды, қайым айтысыңды алдық. Осы жанр жайында газет материалдарына қанық екенсің. Жібергеніңді қажетке жаратуға жәрдем жасармыз да. Егер мүмкіндік болса, өз қолыңдағы айтыстарды (өзің мен өзгенің) бізге жібер. Тағы хабарласып тұруға ерінбе. Ағалық сәлеммен Есмағамбет». Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба, текстология бөліміне ел арасынан жинаған ауыз әдебиеті мұраларын қолымен өткізгені көрнекті әдебиеттанушы ғалымдар Рахманқұл Бердібаев, Ақселеу Сейдімбекұлының жазған хаттарынан белгілі. Халқымыздың рухани мұрасын ел игілігіне айналдыруды мұрат тұтқан Қ.Алтынбаев ел ішінің шежіре сөзін жинап, қазақ шежіресінің жасалу ісіне теңдессіз қызмет етті. Осының бәрі де Қалиханның ұлттық мұрамыздың сақталуына атсалысқан әдебиет жанашыры екендігін танытады.
Жаңа даму үрдісін өткеріп отырған абайтану ғылымының орны ойсырап тұрған тұстарын түгендеп, ел ауызындағы құнды деректерді жинақтауда Қ.Алтынбаев қомақты іс тындырды. Қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінде толықтай кемелденген алтын саласына айналып үлгерген абайтану ғылымы Қалихан Алтынбаевты зерттеуші әрі әдебиет жанашыры ретінде қатты қызықтырып, өзіндік үлесін қосуына ықпал етті. Осы мақсаттың мүддесінен шығу жолында қаламгер «Абайтану аясы кеңи түссе», «Ербол Көмекбайұлы», «Зере әже», «Айттым сәлем, Қаламқас!», «Абайтанудың асқан білгірі», «Кемеңгер Абайдың көрнекті шәкірті», «Үлкен тақырып төңірегінде», «Дала молшылығы» т.б. мақалаларын жарыққа шығарды.
Қ.Алтынбаев 1970 жылдары сол кезеңдегі Семей облысына қарасты Көкпектідегі аудандық басылымдарда қызмет атқарады. Кеңестік әкімшілік жүйенің тапсыруымен 1971–1976 жылдары аралығында Мәскеу Жоғары партия мектебінде оқиды, алайда партиялық лауазымды мандат ұсынса да, ақын кеңестік саяси қызметтен бас тартады. Бұл біріншіден, ақынның азаматтық позициясын танытса, екіншіден шығармашылық өнермен еркін араласпақ болған тілегінен туындаса керек.
Ұдайы ізденіс үстінде жүріп, көркемдік тәжірибесін әркез дамытып отыратын Қалихан ақын 1964 жылы КСРО Жазушылар одағы мүшелігіне, ал 1985 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданды.
Туған жердің төл мәдениетін көтеруді перзенттік борышы санаған Қалихан ақын Жарма аудандық «Социалистік Еңбек» газетінде әдеби қызметкер болып істейді. Кейіннен, Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінде журналистік қызмет атқарып, ауданның әкімшілік-шаруашылық тынысын саралап, ел тұрмысы мен мәдени өмірін сәулелендіріп, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу ісіне тың серпін әкелді. Туған тілдің тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын қаламгер аудандық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының тіл жанашыры ретінде зор еңбек етіп, ана тіліміздің жандануына ұйытқы бола білді.
Шығармашылық дамуды алдыңғы кезекке қоятын Қ.Алтынбаев тек қана аудандық газеттер аясында шектелмей, «Семей таңы», «Үш анық» сынды облыстық газеттерге өлең, поэмаларымен бірге Семей өңірінің ономастикалық, топонимикалық атау-ларының шығу төркінін, барша қазаққа белгілі батыр бабаларымыздың ерлік істерін, Найман, Арғын шежірелері жайында құнды деректерді жариялатып отырды.
Ақынның «Дала бесік» (1973), «Қиял қанатында» (1985) атты жинақты құрастырып, алғы сөзін жазған А.Бұлдыбаев. «Қалбатау» (1997) жинағын баспаға дайындап, алғы сөзін жазған ф.ғ.к., С. Қорабай. «Ақсуат» (1998) кітабы Семей өңіріндегі Ақсуат ауданының тарихынан сыр шертеді. «Көкпекті» (2002) кітабында – 240 жылдан астам тарихы бар Көкпекті аймағы түгел қамтылған.
Қ.Алтынбаевтың барлық әдеби мұрасы осы бес кітапта жарық көрген шығармаларымен шектелмейді, сонымен қатар, ақынның ұлы Қалбай Алтынбаевтың жеке отбасылық мұрағатындағы және Алматы, Семей қалаларындағы мұрағат қорларынан табылған жаңа туындылары да бар. Саналы ғұмырын шығармашылық шабытқа бөлеп өткен талант иесі әдебиет әлемінің әр саласында, түрлі жанрында ерінбей еңбек етіп, ел сүйіспеншілігіне бөленген елеулі туындыларды дүниеге әкелді. Қ.Алтынбаевтың шығармашылық еңбегі өз кезегінде назардан тыс қалған жоқ. Ақын 1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Құрмет грамотасымен, ал 1997 жылы 70 жасқа толуына байланысты Семей облыстық кеңесі атқару комитетінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1987 жылдан облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер болса да «Абай» журналы және «Семей таңы», «Үш анық» газеттерінің меншікті тілшісі қызметін атқарды. Қ. Алтынбаев 2000 жылы Көкпекті ауданының 70 жылдығына байланысты медальмен марапатталып, «Көкпекті ауданының құрметті азаматы» атанды.
От тілді, орақ ауызды айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев 2002 жылы 7 қыркүйек күні Көкпекті ауылында дүниеден озды.
Көкпекті ауылындағы мәдениет үйін саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге болған айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың есімімен атады.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші Қалихан Алтынбаевтың балалары Қалбай, Қайрат, Алмагүл. Алтынбаев Қалбай Қалиханұлы ұзақ жылдар Көкпекті балалар үйінде қарапайым тәрбиешіден, тәрбие ісінің меңгерушісі, директорлық қызметке дейін көтерілген педагог. Жоғары білім алған немерелері Назым мен Гүлназ Астана қаласында қызметкер.
Қалихан Алтынбаевтың туған қарын-дасы Күлжан Қалиасқарқызы Астана қаласында тұрады. Күлжан апамыз да қиялын қаламмен өрнектеген ақын. «Тәуекел тағдыр», «Мен қазақпын» жыр жи-нақтарының авторы.
Халық ақындары ішінен өзіндік бағыт-бағдарымен өзіне тән үнімен, өрнек-айшықтарымен дараланып, ақындық өнерді биік белеске көтерген Қалихан Алтынбаевтың шығармалары ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны ақиқат.
Құралай Төлебаева,
филология ғылымдарының
кандидаты
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.