Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
Өткен аптада іргелі білім ордасы Көкпекті орта мектебінде аудандық жас ақындар байқауы өтті. Байқау «Құрмет» орденінің иегері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Қаз.КСР Ағарту ісінің үздігі, құрметті академик, профессор, даңқты ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваны еске алуға арналды.
Мектептің акт залына қойылған көрме, талапқа сай безендірілген сахна, интерактивті тақтада көрсетіліп тұрған ұстаз туралы бейнефильм «Дәуірдің дара ұстазы» тақырыбындағы шараның мазмұнын толықтыра түсті.
Бала жүрегіне ізгілік пен білімнің нәрін егіп, мамандығын мақтанышқа айналдыра білген ұстаз көзі тірісінде-ақ «Хан апа», «Қазақтың Қанипасы» атанған. Ұстаз мамандығын бар жанымен жақсы көріп, бар ғұмырын халық баласына арнаған Қ.Бітібаева халықтың жүрегінде. Ұлттық сөз өнерін оқыту мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізудің үздігі атанған Қанипа Омарғалиқызының ұлағаты ұстаздарға өнеге-үлгі мектебі болып отыр. Міне, үлкен жүректі ұстаздың арамыздан кеткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Бірақ ұлағатты ұстаздың екінші ғұмыры енді ғана басталғандай.
Қазіргі таңда республикамыздың жер-жерінде көрнекті педагог, халықтың аяулы қызы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар, педагогикалық оқулар өткізіп тұру дәстүрге айналған. Өскемен қаласында Қ.Бітібаева атындағы облыстық оқу-әдістемелік мұражай жұмыс істеп тұр. Еске сала кетсек, Қанипа Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының филиалдарының бірі ол кісінің көзі тірісінде ауданымыздағы Көкпекті орта мектебінде ашылған болатын.
Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жылдар сабақ беріп жүрген, Гүлнар Жұматқызы Хасенова зертханада жетекшілік етеді. Оның айтуынша соңғы екі жыл қатарынан «Дарынды мектеп» бағдарламасы аясында зертхана жұмысы жандана түскен. Жас ақындар байқауының ашылуында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Н.Кравченко қатысушыларға жылы лебізін арнап, байқау критерийлерімен таныстырды.
– Биыл екінші жыл Көкпекті орта мектебінің негізінде зертхана филиалының жұмыс жоспарына сай аудандық байқау өткізіліп жатыр. Бүгінгі сайысқа қатысқан оқушылар арасынан облыстық кезеңге ең үздіктер қатысатын болады, - деп Нәзигүл Әлімғожақызы байқау талаптарына тоқталды. Әділқазылар алқасы арнауды оқуға қатысушыларды тақырыпқа сәйкестігі, көркемдігі мен мазмұндылығы, поэтикалық сауаттылығы, шығарманың ерекшелігі, мәнерлеп оуы мен тілінің нақтылығы, сезімге берілуі және актерлік шеберлігіне қарап, бағалайтынын да түсіндіріп өтті.
Келесі сөз кезегін алған зертхана филиалының меңгерушісі, байқауды ұйымдастырушы Гүлнар Жұматқызы: - Қанипа Омарғалиқызы саналы ғұмырын ұстаздықтың ұлағатты жолына арнады. Жүрегі шәкірт деп соқты.Туған халқының асыл сөзін, мұраларын шәкірттерінің санасына ұялатты. Сіздер де келешекте ұстаздық жолды таңдап жатсаңыздар, өздеріңіз сияқты білімқұмар шәкірттеріңіз көп болсын, - дей келе Қанипа Омарғалиқызын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.
Аудан аумағындағы 10 мектептен 19 жас ақын және олардың жетекшілері бірге келіп қатысқан жыр додасы аса әсерлі өтті. Жас ақындар «Қазақтың Қанипасы», «Хан апаға» жүрегін жарып шыққан балауса жырларын арнап, үлкен тебіреніспен, мәнеріне келтіре және актерлік шеберліктері мен сезімдерін білдіре оқып, бойларындағы бар өнерін көрсете білді.
Сонымен бірге, көпшілік назарына ұсынылған өлең жолдары музыкалық жағынан көркемделіп, мән-мағынасына әр берілуі де аса маңызды еді. Жыр байқауында «Қайталанбас тұлға» атты арнауын бар жан-дүниесімен, сезімге беріле оқыған Көкжота ОМ оқушысы Ақерке Қалибекованы тыңдағанда тыңдармандардың жанарына жас үйірілгені рас.
Сайыс мәресінде әділқазылар алқасының жан-жақты таразыға салып, талқылауымен жас ақындар сайысының жеңімпаздары анықталды. ІІІ орынға – Құсман Әділет (Көкпекті орта мектебі), Еркінқызы Меруерт (Көкжайық орта мектебі), Дюсешова Алтынай (Пушин атындағы орта мектебі); ІІ орынға – Жеңісқанқызы Гүлбайрам (Көкжайық орта мектебі), Каконова Аяулым (Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп), І орынға – Ерғазықызы Айдана (Көкпекті орта мектебі) ие болса, Бас жүлдені – Калибекова Ақерке (Көкжота орта мектебі) жеңіп алды. Сонымен қоса, байқауға жас ақындарды дайындап әкелген ұстаздардың барлығы аудандық білім беру, спорт және дене шынықтыру бөлімінің грамоталарымен марапатталды. Орын алмаған оқушыларға өздеріне лайық аталымдар берілді.
Айта кетсек, аталмыш байқаудан Бас жүлде алған және бірінші орынға ие болған дарынды жас келесі кезеңде өтетін облыстық жарысқа қатысып, туған ауданы мен ауылының, мектебінің намысы үшін додаға түсетін болады.
Жас ақындардың аудандық байқауынан Көкпектідей қасиет тұнған өңірімізде жауқазындай қаптап, өсіп келе жатқан дарынды жеткіншектеріміз баршылық екенін көзіміз жетті. Тек оларға бағыт беріп, бабына келтіре баптауы, бағын жандыруы келіссе болғаны. Жеңімпаздарымызға және олардың жетекшілеріне сәттілік тілейміз!
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.