Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
Сары күздің тамылжыған үш күні Көкпекті өңірінде ерекше өтті. Жоңғар шапқыншылығынан ата жұртты азат етушінің бірі Орта жүздің Уақ тайпасынан шыққан жанкешті Бармақ батырдың бақытты ұрпақтары ас беріп ат шаптырып жатыр. Тарих парағында қатталып қалған сонау «Ақтабан шұбырындыда» күннің батысы мен шығысына созылып, Атырау мен Алтайдың алқабын алып жатқан қазақ даласының тыныштығы бұзылып, алаш баласының басына күн туғанын, ел босып, шұбырған азалы көшке ілесе алмай жапанда қалған қайран абыз! Түйсігі бар жанның көзіне бабалар дәуірі, ата-шежіре қарауыта елестейді...
Ат десе ішкен асын жерге қоятын, атты ердің қанатына балайтын қалың қазақтың дегбірсіздене күткен ат бәйгесінің де басталар сәті туды. Ауыздығымен алысып, жер тарпыған сұлу мүсінді сәйгүліктерді 15 шақырымға шаптырған Топ бәйгенің қарқыны қатты басталды. Сайын даланың төсін дірілдете, жүйткіте шапқан көп тұяқтың дүбірі делебеңді қоздырып, аңсарыңды беймәлім қызыққа итермелейді. Топ бәйгеде топты жарған Семейдегі «Қалиқанұлы» ШҚ Әділет Тоқтарбаев баптап қосқан сәйгүлігі «Сұңғат» мәреден оқтай зулап қалың жұртты қайран қалдырды. Көкпекті ауданы «Талап» ШҚ тұлпары «Астана» екінші болып екпіндей жетті. Үшінші бәйгені алған Катонқарағайдың жампозы Ыбырай Алдабергенов әдейілеп Құрмет атбегіге баптатып, Ерназ Оралбек атты шабандоздың тақымына берген «Тайжирені» болатын.
Төрт аяғын тең тастай жел қайықтай ескен сылқым жорға көмбеден өте шықты. Уәй бәрекелді! Сүйсінген қауым айқайлап жіберді. Белдеу сызықты бірінші басқан, Зыряннан келген Н.Шапаревтың әйгілі су жорғасы «Элегант» еді. Облыстық бәйгені қоя тұрып, биылғы жазда өткен жорға жарысында «Президент кубогын» аймағымызға алып берген хас тұлпар бұл жолы да бөркімізді аспанға аттырды. Элегантпен құйысқан тістесе өткен Семей шаһарындағы Александр Поткаритовтың «Европа» деген қоңыр жорғасы екінші келіп, қол соқтырса, үшінші орынды «Талап» ШҚ ның көк жорғасы «Шатун» алып, көңілімізді шаттандырды. Топ жарыстан бәйге әкелген «Астана» мен «Шатун» атты қос жүйріктің бапкері талабыңа нұр жауғыр Руслан Шайырғазин сынды жігіт.
25 шақырымдық ат сайыс Аламан бәйге. Аттың бабының, иесінің бағының шабатын кезі. Құдіретті күй төгілді. Талай бәйгеге шапқан тақымы тастай берік шабандоз балалар қатты тебініп қап, аттың басын қоя берісіп, қиқу бәсеңдеген кезде атын бірден барлықтырып алмайын деп тізгінді қайта тежеңкірейді. Аламанға қосылған көп сәйгүліктің бір-екеуі ғана бабы аздау болды ма екі-үш айналымнан соң-ақ қатардан шыға берді.
Қас қағым ғана бірнеше айналым өте шықты. Сын сағат таяған сайын сәйгүліктер бір-бірімен ауыздық қағыстыра, құйысқан түйістіре, бірде бірінің мойыны озса, бір сәт екіншісі қайта қозады. Өзгеден бөлек үзік шыққан төрт тұлпардың жан беріскен аламан сайысы адамды ынтықтыра түседі.
Қара, торы, құлагер,
Жирен, қоңыр, қайқы бел,
Жайдақ сауыр, талтақ бұт
Қазақы тұрқы маңмаңгер.
Будан болған басқамен
Жалдас жұмыр алабел.
Түр-түрі бар тұлпардың
Ақбоз ат пенен қарагер.
Бағамдап іштей тұрыңдар,
Аламанға ат қосып,
Қарап тұрған қалың ел! деген өлең жолдары еріксіз аузыңа оралады.
Ат келе жатыр, ат келе жатыр! Алдынан кетіңдер! деген айқай шықты. Қызу қанды қазақ баласы шыдай алмай мәреге қарай емпеңдей жүгірді. Шабандоз бала қамшысын бұлғай, әлдене деп шырылдай ұран салып өте шықты көмбеден. Есік пен төрдей қайқы бел торы мәре сызығынан асып, арынын баса алмастан ауыздығын шайнай тартады. Бәрекелді! Жүзден жүйрік! Бас бәйге «Будулайға» бұйырды. Сұлы жеп бауырынан жараған қас тұлпардың тұрқы да келісті екен. Бұл Семей шаһарынан келген Медет Ахметовтың бәйге торысы. Есімі шығыс өңіріне мәшһүр айтулы атбегі Сарыбелдің серісі Сайран Жолдыбаевтың «Жалау» атты сәйгүлігі бұл жолы екінші бәйгені қанағат тұтты. Әлде сәл бабы жетпеді ме, болмаса алыстан келген ағайынға жолын бергісі келді ме екен, әйтсе де ат бегінің өзі де, Руфат Жапашов сынды қаршадай болса да тәжірибесі мол әккі шабандоз бала да риза. Бастысы, жұрт қошеметі.
Бұл кімнің аты екен, ә? десіп шыдамсызданған жұрттың аптығын басайын деді ме әп-сәтте тағы бір жүйрік құйғыта жетті мәреге. Уа жарайсың, Екош бауырым! Ат емес өзі шауып келе жатқандай тұлпардың иесі қос қолын аспанға көтере жан ұшыра айғайлай жүгірді. Арыны асқақ қайран көңіл-ай десеңші, шіркін. Аламанның үшінші бәйгесін алған Тассай аулында Қамбар атаны пір тұтатын, заманындағы бас жылқышы Заман Сләмовтың атақты торысы. Баласы Дидар баптап, немересі Екош тақымдаған ерен жүйрік «Айтуардың» шабысы тәмам жанды таңдандырды.
Көрермен қауым сабасына түсті. Бармақ батырдың арысы Атырау мен Шымқала, Орыстағы Орынбормен берісі Сарыарқа, жер жәннаты Жетісудан «Бабам жатқан жер», - деп іздеп келген ұрпағы жерге тағзым етіп, ағайынға аталы тілек айтты.
Батасын беріп сияпатын жасады. Батыр бабамызды елдің есіне салып, қалың қауымды Көкпекті өңіріне бастап келген, осынау үлкен істің ұйымдастырушысы, батырдың тоғызыншы ұрпағы, Ақтөбелік шежіреші ғалым Қуандық Нұршинге халық риза. Жеңіс тұғырында бәйгеден озып келгендерді құрметтеп, жүлде табыстау мәртебесі Батыр бабаның ұрпақтары еншісіне тиді.Сонымен қатар, аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын, деген бауырымыз, ат жарысы сайысын жоғары деңгейде ұйымдастырған Аслан Таныспаевқа, ақын Дархан Бердібекке және Бармақ батыр шежіресіне қалам тартқан Қайрат Мәлікаждарға ағайынның алғысын жолдаймыз.
Катрен Байжұманов, ат бәйгесінің
комментаторы, Тассай ауылы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.