Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
100 нақты қадам – жаңа тарихи жағдайлардағы ел дамуының айқын негізін бағдарлайтын мемлекетіміздің басты стратегиясы болып табылады. Ұлт жоспары мемелекеттің үлкен аренада іргетасы нық қаланған, ертеңі кемел ел болуын көздеген кезеңдерге бөлінген мақсаттарды, егжей-тегжейлі талқыланған жобаларды қамтиды. Еліміз үшін аса маңызды бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған бұл қадамдарды Қазақстан алып адыммен аттауы қажет. Жоспар айқындала салысымен мемлекет жұмылып, жұмысқа кірісіп те кеткен. Көкпекті ауданы да көштен қалған жоқ, қарқынды қадамдарды бағдарға алып, алға жылжуда. Бұл тұрғыда, ауданымызда әр қадамын нықтап, алға арындап басып келе жатқан ауылдардың бірі Үлкенбөкен ауылы болып табылады.
Елін ойлаған азамат әр айтылған сөзін аяқсыз қалдырмай, оның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуі қажет деп есептейді ауыл әкімі Нұрлан Назарханов. – Жыл басында алға қойған жоспарларымыздың ауқымды екенін және ол жұмыстарды көп кешіктірмей қолға алатынымызды айтқан болатынмын. Міне, сол істерді жүзеге асыратын уақыт келді. Басты назарға алып отырған мақсатымыз Ұлт жоспарының 98 қадамын негізге ала отырып, тұрғын саны 2000 адамды құрайтын ауылдық округ қатарына кіріп, сол арқылы жергілікті бюджетке ие болу болып табылады. Қазіргі таңда ауыл халқының саны 1742 құрайды. Демек, дербес қаржылық қоры бар ауыл болу үшін бізге әлі 258 адам жетпейді. Оған қол жеткізу үшін ең алдымен ауылдың демаграфиялық көрсеткіштерін жоғарылату керек. Сол себепті, біз жас отбасыларға барынша қолдау танытып, отбасының кеңейе түсуіне қолайлы жағдай жасауға тиістіміз. Сонымен қатар, көші-қон көрсеткішін көтеріп, ауылымызға тұрақтап қалуға келушілер қатарын көбейту қажет. Осы орайда, біз түрлі саладағы мамандарды ауылға шақырып, оларға барынша көп бос жұмыс орындарын ашуды қолға алудамыз. Оған қоса, ауылдағы бос тұрған үйлерге тұрғындарды орналастыру жұмыстарын да бастап кеттік. Мен ауылымыздан көшіп кеткен адамдарды, туған ауылдарына оралуға шақырамын. Себебі, жақын уақытта ауылымызда жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Осы жерде Ақтас ауылының тұрғындары Ақбаевтар мен Бейсембаевтар отбасын мысалға келтіргім келеді. Олар туған ауылдың түтінін түтету үшін қайтып келіп, жеке қосалқы шаруашылықтарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазідің өзінде ауыл демаграфиясының жоғарылап келе жатқаны көңіл қуантады. Мысалы, Жансары ауылында биыл соңғы уақытта бірінші рет 4 сәби дүниеге келді, – дейді Нұрлан Үмітқазыұлы.
Аталмыш жоспарларды орындап, оның халық игілігі үшін іс жүзінде жұмыс істеуіне ауқымды үлес қосатын, әрине, әкім аппаратының қызметкерлері болып табылады. Ұжымда өз ісіне адал, әрі тапсырылған жұмысты тез әрі тиянақты орындап, сапалы әрі сәтті аяқтауға тырысатын 6 мемлекеттік қызметкерлер және мамандар қызмет етеді.
Ауыл әкімінің айтуы бойынша, бұдан бөлек, тұрғындардың игілігіне арналған түрлі әлеуметтік орындарды ашу жоспарға алынып отыр. Аталмыш шаралар халық санына ғана емес, кіріс мөлшеріне де айтарлықтай үлес қосатыны анық. Сонымен қатар, ауылдың сыртқы көркіне де назар салынуда. Атап айтар болсақ, көшелерді тегістеу, абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
2015 жылғы 29 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» заңға қол қойған болатын. Аталмыш заң түрлі ауылшаруашылық өндірушілердің экономикалық бірлестіктері үшін негізді қамтамасыз етеді. Заң ауылшаруашылық кооперативтер мен олардың қауымдастықтары қызметін кешенді түрде реттеуге бағытталған. Заңмен тыйым салынбаған қызмет арқылы ауылшаруашылық өнімді бірлесіп өндіру, ұқсату және өткізу нәтижесінде пайда табуды мақсатқа алған АӨК құрылуы ауыл шаруашылығын айтарлықтай алға жетелейді. Ал, ауыл шаруашылығы экономикалық тұрғыда аса зор маңызға ие саланың бірі болып табылады.
Биыл Үлкенбөкен ауылында «Тайм» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ашылды. Басшысы З.Қалиев болып табылатын кооператив ауылға 200 млн. теңге көлемінде инвес-тиция кіргізді.
Бүгінгі күні шаруашылық 119 бас ірі қара мал және 90 бас жылқы алды. Ауылшаруашылық техникаларын да алып, жабдықталып алған. Қазіргі таңда мал шаруашылығы базасының, мал егу және сою орындарының құрылысы жүргізіліп жатыр. АӨК өкілдерінің айтуы бойынша құрылыс жұмыстарына ауылдың 4 азаматы тартылған. Алдағы уақытта жұмыс орындарының санын 10 адамға дейін өсіру жоспарға алынып отыр.
Кооперативтердің қарқын алуы жоғарыда атағанымыздай ауыл шаруашылығының деңгейін арттырып қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына да оңды әсерін тигізері сөзсіз. Әрине, кез келген істе табысқа жетер алдында талай мәселелер мен өзіне тән қиындықтар туындауы мүмкін. Бірақ, бұл мәселе «Тайм» АӨК құрушыларға діттеген мақсаттарына жетуге кедергі емес. Іс басталып кетті, енді нәтижесін тек төккен тер мен адал еңбектен ғана күтуге болады.
АУАНЫ БӨЛЕК АРНАЙЫ МЕКТЕП
Жастар еліміздің негізгі қозғаушы күші, олардың ертеңін бүгіннен қалыптастыруымыз керек деген сөздерді көп айтамыз. Иә, әңгіме заман талабына сай, білім мен тәрбиені бо-йына қатар сіңіріп, тағдыр жолында дәстүрлі қадамдарды басып келе жатқан балалар жөнінде болса барлығы түсінікті. Алайда, біздің ортамызда тәрбиеге көнбейтін, қиын жағдайдағы жасөспірімдер де жоқ емес. Олардың басқалармен қатар білім алып, еңбек етуі, сол арқылы қоғамнан тысқары қалып қалмауы назарға алынуы тиіс шара.
Үлкенбөкен ауылдық округінде кәмелетке толмаған девиантты мінез-құлықтағы балаларға, яғни тәрбиеге көнбейтін жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп-интернат ашылмақ. Аталмыш оқу орны бұрынғы Агротехникалық колледж филиалының ғимаратында орналасады. Мектеп директорының міндетін атқарушы Мерхат Хамитовтың айтуы бойынша арнайы мектептің орны облыс әкімі Даниал Ахметовтың келісімімен белгіленген. Аталмыш жерде жөндеу жұмыстары басталып та кеткен. – Әзірге біз Глубокий ауданында жұмыс жасап жатырмыз. Алайда, ол жерде бұндай бағыттағы мектепке арнайы жағдайлар жасалмаған. Талапқа сай жабдықталған жаңа ғимарат жұмыстарымыздың ойдағыдай орындалуына септігін тигізеді деп сенеміз, - дейді Мерхат Мерғалиұлы.
Әзірге мектеп-интернатта девиантты мінез-құлыққа ие 8 бала орналастырылмақ. Бірақ, бұл көрсеткіш алдағы уақытта мемлекетттегі жасөспірімдер қылмысының деңгейіне байла-нысты өсуі мүмкін. Мектепте 47 жұмыс орнын ашу жоспарға алынуда. Соның ішінде, жергілікті ауыл тұрғындарын да жұмысқа тарту басты назардағы мәселелердің бірі болып отыр. Бірақ бұл орайда ескере кететін жайт, ұстаздарға қойылатын талап ерекше қатаң болмақ. Себебі, олардың алдына келетін жай балалар емес қой. Бұл жерде тәлімгердің психологиясы, адами тұрғыдағы біліктілігі де ескерілетін болады. Себебі, ол маман арнайы мектепке келген баламен тікелей жұмыс жасап, оның тәрбиесіне оңды әсер бере алуы тиіс. Аталмыш оқу орнында әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық жасап, соттың шешімімен арнайы мектепке жіберілген жасөспірімдер оқытылатын болады. Бұл жерде олар кәмелетттік жасқа толғандарынша және сот шешімінің мерзімі аяқталғанша болады.
Арнайы мектеп ішінде қолданбалы өнерге баулитын, спорттық және басқа да түрлі үйірмелер жұмыс істейтін болады. Мектепті тәмамадаған соң жасөспірімдер арнайы орта білім куәлігін ала алады. Сол арқылы еңбек етіп, қоғамнан өз орындарын табуға мүмкіндіктері бар.
АУЫЛ СӘНІ - АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ АЙНАСЫ
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында елде туризмнің дамуына баса назар аударылып отыр. Аталмыш сала ел экономикасының басым бағыттарының бірі болып табылады. Ол үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктердің санын арттыру қажеттігін жете меңгерген Үлкенбөкен ауылының әкімдігі жеке кәсіпкер С.Жуанышевпен ауыл маңынан демалыс орнын ашу жөнінде келісімшартқа отырды.
Бүгінде Семей қаласында тұратын кәсіпкер негізінен Үлкенбөкен ауылының тумасы. Жанында бірнеше демалуға арналған үйлері бар жасанды көлдің 28 млн. теңгеге жоспарланып отырған жобасы бекітілген. Жұмыс барысы жайында жоба жетекшісі Аян Кәрімбаев әңгімелеп берді: «Қазіргі таңда су айдынының орнын тазалау және су құбырларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көл екіге бөлінеді. Оның бір бөлігі балық аулауға арналса, екінші бөлігі демалушыларға арналған үйлер орналасқан жағажай болады. Су айдынына 125 мың карп және ақ амурдың шабақтарын жіберу жоспарлануда. Оларды сатып алу үшін Күршімдік жеткізушілермен келесім жасалынып қойды». Аталмыш жоба осы жылдың күз мезгілінде қолданысқа беріледі деп күтілуде. Ауыл әкінің айтуы бойынша демалыс орнының құрылыс жұмыстарына 10-15 жергілікті тұрғындар тартылатын болады.
Сонымен қатар, ауылдың елеулі ертеңінің ерке өкілдері, бүлдіршіндер жайы да назарға алынып отыр. Балалардың жаз мезгілін көңілді өткізуіне қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Мектеп ауласында балабақша және жазғы балажай жұмыс істеп тұр. Оған қоса, ойын қуған сәбилердің көңілінен шығатын барлық жабдықтары бар балаларға арналған ойын алаңы салынған. Осынау шараға демеушілік танытқан «Талап» шаруақожалығының басшысы Ж.Күшікбаев пен ауыл тұрғыны Ш.Тамерия болып табылады. Айта кететін тағы бір жайт, алғашында ауылдың басты көшесінде тұрған ойын алаңы бүлдіршіндердің қауіпсіздігінің қамына орай балабақша жанына көшіріліп әкелінген. «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі С.Нұрахметова мен әдіскер А.Тоқамбаеваның айтуынша қазіргі таңда балабақшада 50 бүлдіршін бар. 4 маусым жұмыс істейтін жазғы балажайға қазір 12 бала келіп жүр.
Үлкенбөкендіктердің игілікті істері бұнымен тоқталмақ емес. Қарқынды атқарылып жатқан істердің бірі қысқы спорт нысандарын дайындау. Ұстаздар өз күштерімен хоккей қорапшасының жанынан жас спортшыларға киім ауыстыру бөлмесін салып жатыр. 2 бөлмеден тұратын киім ауыстыру бөлмесіне жылу орнатылып, хоккей ойнауға арналған барлық жабдықтар орналастырылатын болады.
- Хоккей қорапшасы мектеп меншігінде, қыс мезгілінде қорапша ішін қардан тазалауға оқушылар қуана атсалысады. Оны ойын алдындағы шынығу ретінде қабылдайды. Мұз үстіндегі ойыннан жарыстар тек оқушылар арасында ғана емес, ауыл жастарының арасында да өткізіліп тұрады. Сол себепті, біз, жастарымыздың қолайлы жерде шыныққандарын қалаймыз. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен хоккей ойындарына арналған 30 адамдық жабдық сатып алынды, - дейді жас хоккейшілердің бапкері Е.Тұқышев.
Беркесі мен бірлігі қатар жарасқан үлкенбөкендіктер ауылды абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосуда. Атап айтар болсақ, ауылдың жағдайына бей-жай қарамайтын белсенді тұрғындардың бірі Л.Осипова мен Киров, Пушкин көшелерінде тұратын ауылдастардың біріккен бастамасымен балаларға арналған ойын алаңқайы салынды. Тұрғындардың өз күшімен салынған алаңқайда қазіргі таңда әткеншектер мен сырғанақ бар, алдағы уақытта аумақ қоршалып, гүлдер отырғызылатын болады. Балаларға арналып салынған алаңқай келешекте ауыл сәнін кіргізетін орындардың біріне айналары сөзсіз.
Үлкенбөкен ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныса жүріп, жос-пар айқын болған кезде ғана жұмыстар жүйелі болатынына көз жеткіздік. Бүгінгі күні назарға алынып, бастамасы бой көтеріп келе жатқан құрылыс орындарының ашылуын күні ертең сүйіншілеп жеткіземіз деген үміттеміз.
Бетті дайындаған:
Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.