Ағымдағы жылдың наурыз айында, Көкпекті орта мектебінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай аудандық «Абай оқулары» атты сайыс өтті.
Сайысты ұйымдастырудағы басты мақсат - А.Құнанбаев өлеңдерін жатқа және мәнерлеп оқуға, Абай әндерін орындай білу, Абай шығармашылығын өскелең ұрпаққа жан-жақты таныту, Абай мұрасын дәріптеп өсуге тәрбиелеу. Сайысқа ауданға қарасты барлық мектеп оқушылары қатысты. Мектеп акт залы қатысушыларға лық толы болды. ««Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа, Абайды оқы, таңырқа, басыңды шайқа», -деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бекер айтпаған. Абайдың шығармаларын оқыған адам Абайдың өзімен тілдескендей күй кешіп қана қоймайды, дананы тани білетін адам оны білгеннің үстіне біле бергісі келеді.
Ендеше, «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең», - деп Абай атамыз біліп айтқандай. Сайыс барысында «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты жатқа оқу номинациясы бойынша бас жүлдені Әуезов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Ақтолқын Дауытқанова иеленсе, «Әнді сүйсең, менше сүй» номинациясынан бас жүлдені Казнаковка орта мектебінің 8 сынып оқушысы Елназ Бақытбекова, ал «Жүйріктен жүйрік озар» ақынға арнау номинациясын Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің 9 сынып оқушысы Айдын Тоқсанов қоржынына еншіледі. Әділқазы алқасының тарапынан орын алған оқушыларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Г.Мұхаметқалиева, қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Әуезов атындағы орта мектеп
Биылғы жыл еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғалар жылы. Ұлы Кемеңгер ақын Абайдың туғанына 170 жыл, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, шоқтығы биік Шоқанның туғанына 180 жыл, Ассамблеяның құрылғаны мен ҚР Ата Заңы қабылданғана 20 жылдық мерейтойына тұстас Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығы аталып өтпек. Осы шаралар аясында Бастаушы селолық округі кітапханасында Қазақхандығының 550жылына орай дөңгелек үстел өткізілді. Қоғамдық іс-шараның мақсаты- тыңдаушылардың тарихи сауаттылығын арттыра отырып, жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіруде отандық тарихтың құндылықтарын бойына дарыту. Кеңестік идеологияның құрсағында кеткен кеңестік тәрбие біздің санамызды улап, тарихымыздың тереңде жатқанын біле қоймаған едік. Абай атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Жұлдыз Асқарұлы мен Көкжота орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Айгүл Еркінқызы бастаған топ кітапхана залында Қазақ хандығының құрылуы мен оның даму тарихы, елді басқарған хандардың өмірбаянын, тарихи оқиғалар желісін толығымен түсіндіріп, өздерінің жеке ізденіс құжаттарын әкеліп, солармен таныстырып, оқушылар мен ауыл халқының тыңдармандарының ризашылығына бөленді. Сонымен қатар, тарихшылар ізбасарлары Өсерханов Бекжан, Төлеуханова Толғанай, Кәрім Алина, Аслан Алтынбектің Есім ханның өмірі, Абылайдың көреген саясаты мен қазақтың соңғы ханы Кенесарының батылдығы мен ерлігі жайлы баяндамалары тақырыпты жалғастырып, жандандыра түсті.
Қорытынды бөлімінде ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Габитов Шахарбек ата газет-журналдарда оқыған тарихи ақтаңдақ беттерін айтып, тарихшылармен ой бөлісті. Соңында белсенділік танытқан дөңгелек үстелдің қатысушыларына алғыс хат беріліп, алдағы уақытта осындай іс-шаралардың арты үзілмесін деп тілек білдірдік.
Ж МаулхановаБастаушы селолық, округі кітапханашысы
2015 жылдың Көкпекті аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Ең үздік жас ұстаз» атты облыстық байқаудың аудандық кезеңі болып өтті. Байқауға қатысып, сынаққа түсуге 9 жас маман өтініш білдірді. Әуезов атындағы орта мектебінің география пәні мұғалімі Б.С. Байгереев, Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Ж.С. Нарбинова, «Октябрь мектеп – балабақша кешені» КММ физика пәнінің мұғалімі Д.М.Мергенчинов, Көкжайық орта мектебінің жас маманы Д.С. Оспанов, Қ.Аухадиев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі А.К. Рахимова, Көкпекті орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аубакирова Б.С, Новотимофеевка орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пән мұғалімі Т.Ж Калиев, Амангельді орта мектебінің тарих пән мұғалімі А.Е Бибосынова қатысты. Сайыс бірнеше кезеңдерден тұрды: «Мен болашақтың мұғалімімін» тақырыбында бейнеролик түсіру, «Мен және менің мамандығым» атты презентациялар сайысы, «Үздік портфолио» сайысы, бәсекеде барлық қатысушылар ойшыл, ізденімпаз, шығармашыл екендерін дәлелдеді. Дегенмен кейбір ұстаздар мұғалім жұмысының кәсіби шеберлігі ұстанымдарын нық сақтайтындығын қазылар алқасына да, қарсыластарына да таныта білді. Б.С. Байгереев пен Ж.С. Нарбинова ІІ және ІІІ жүлделі орындарға лайық деп танылды.
Суырылып алға шығып, бас жүлдеге иеленген жас маман «Октябрь мектеп – балабақша кешені» КММ физика пәнінің мұғалімі Д.М.Мергенчинов 2015 жылдың 24 ақпан күні Өскемен қаласындағы облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының мұрындық болуымен «Ең үздік жас ұстаз» атты байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Облыстық байқауға өңіріміздің аудандары мен қалаларынан барлығы 19 үміткер қатысты. Еңбек өтілі әлі бес жылға тола қоймаған жас ұстаздар додаға түсті. Мұғалімдердің бойынан жастық жалын есіп - ақ тұрды. Бұл байқаудың алғашқы кезеңі жас мамандардың шығармашылық хоббиін көрсетулерінен басталды. Байқағанымыз, байқауға қатысушылардың бәрі де шетінен өнерлі екен. Біздің ауданымыздың намысын қорғап барған «Октябрь мектеп – балабақша кешені» КММ физика пәнінің мұғалімі Мергенчинов Даурен Мельгатович көпшілік алдында өзінің оригами құрастыруда, ұшақ құрастыруда және тағы да басқа өнерлерін ортаға салып отырғандардың көңілінен шыға білді.
Байқаудың екінші кезеңі де тартысты өтті. Қатысушылар мамандығы жайында мақтана әңгімелеп, «Мен болашақтың мұғалімімін» тақырыбында болашақтың мектебі және сол мектептің дамуына қосар үлесі туралы шағын бейнероликтерін ұсынды. Бейнероликтерді бағалау кезінде қазылар оның эстетикалық нормаға сай болуына, жаңа технологияларды қолдануы мен инновациялық идеясына ерекше мән берді. Бұл кезеңде де Даурен өз мектебінің болашағын және сол мектептің дамуына өзінің, өз пәнінің үлесін әсерлі көрсете білді.
Байқау нәтижесінде әділқазылардың шешімімен облыстық сайыстың бас жүлдесін біздің Даурен қанжығасына байлады. Өнерің өрге басып, жұмысың жетістіктерге толы болсын. Жарайсың Даурен!
Аудандық білім беру бөлімі
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысының басталуының алғашқы күні-ақ Самар ауылдық округінің «НұрОтан» бастауыш ұйымының мүшелері Мәдениет үйінде «Сайлауда сенің дауысың маңызды» атты акция өткізді.
Жиналған қауым алдында партия мүшелері Н.Шалова, А.Калинин, С.Құсайынова және басқалары өздері қолдайтын кандидаттары – қазіргі Елбасы Н.Назарбаевқа дауыс беруге шақырды. «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы әрекет етудің көлемді бағдарламасы, ол партия бағдарламасы да болып табылады. Біз сол бағдарламаны жүзеге асыру үшін өзіміздің көшбасшымызға дауыс береміз, - деді сөз алғандар.
Жалпы Самар ауылының тұрғындары саяси жағынан сақайған, барлығы да көзі ашық жандар, сондықтан да олар болашақ үшін 26 сәуір күні сайлау учаскелеріне келіп түгелдей дауыс беруге қатысады деген сенім зор. Ал қазір кандидаттардың сенімді тұлғалары үгіт-насихат жұмысын бастап та кетті. Сайлау учаскелерінде кезекшілік ұйымдастырылған. Әр сайлаушы өздерінің тізімде бар-жоғын сайлау учаскесіне келіп те, телефон арқылы да біле алады. «Біздің дауысымыз маңызды»,-дейді сайлаушылар.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.