Ж.Болғанбаев атындағы орта мектепте «Балдәурен» жазғы демалыс лагері ұйымдастырылып, ол соңғы қоңырау салтанатынан соң, бір аптадан кейін жұмыс істей бастады.
Жаз мезгілінде балалар демалысын, сауықтырылуын ұйымдастыру, олардың шығармашылық дамуына жағдай жасау үшін мектеп жанындағы жазғы демалу-сауықтыру лагерінің атқарар міндеті зор. «Балдәурен» лагерінің жұмысы төрт ауысымға жоспарланған. Онда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан 50 оқушы қамтылған.
Жылдағыдай дәл мерзімінде ашылған лагерь жұмысы 1 маусым – Балаларды қорғау күнін атаумен басталды. Лагердің қызықты да, қауырт күндері зулап өте берді. Балалардың мұндағы өмірі спорттық шараларға қатысу, өлкеміздің табиғатымен танысу, біруақыт еңбекпен айналысу және интеллектуалдық жағынан даму сабақтары мен көңіл көтерулерге толы болды.
Балалар өздерін «Денсаулық – зор байлық», «Музыкалық қобдиша», «Мен болашақ дизайнермін», КВН, «Ойлан тап», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Ертегілер еліне саяхат» ойындары, «Кітап менің досым», «Көрікті менің Астанам!» танымдық сағат, «Біздің ауылдың табиғаты» саяхаты мен түрлі спорттық шараларға қатысуда көрсете білді. Саяхат кезінде қауіпсіздік ережелерімен де танысты. «Бұл біздің жадымызда сақталып қалады, болашақта керек болады», - дейді балалар.
«Танысу», «Міне, мен қандаймын», «Коммуникативтік қарым-қатынасқа арналған психологиялық тренинг», «Дос іздеу», «Менің көңіл күйім» сияқты психологиялық тренингтерге қатысу да демалушылар үшін қызықты болды. Мектеп кітапханашысыА.Сағындықова өткізген «Мемлекеттік рәміздер -ұлттық мақтаныш» тәрбие сағаты мен «Қазақстан рәміздері» слайд көру сағаты, «Рәміздер тарихы» танымдық кеші балалардың патриоттық рухын тәрбиелеуге бағытталып, олар өз елдерін мақтан тұтатындарын өлең, тақпақпен жеткізіп, белсенділік танытты.
«Біздің мектептің жазғы лагері басқа да мектеп жанындағы жазғы демалу-сауықтыру лагерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мысалы, бастауыш мектеп жанындағы «Солнышко» лагерінің балаларымен «Эстафеталық жарыстар» және басқа да іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ, мұражайға, спорт кешеніне, ауылдық кітапханаға және басқа жерлерге саяхат жасадық»,- дейді мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, жазғы демалу-сауықтыру лагерінің басшысыА.Таникенова.- Балалардың демалысы көңілді өтуі үшін әдіскер Ә.Қожахметова,тәрбиешілер, бастауыш сынып мұғалімдері С.Шкибаева,С.Аязбаева,К.Қабланова, Ф.Темірғалиева және басқалары, дене тәрбиесі мұғалімдері А.Әкенев,Т.Анатпаев шығармашылық ізденіспен, жауапкершілікпен қарады. Лагерь жұмысы шілденің 17-не дейін созылады. Балалардың алдыңғы маусымда демалыста болғандары келесі маусымға да сұранатын жағдай орын алып отыр. Бірақ оған мүмкіндік жоқ, өйткені жазылып қойылған балалар да демалулары керек, - дейді ол.
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз,
Бар дауыспен әнге салып, лагерь жырын айтамыз»,- деп балалар ән салады. Жаз қызығы таусылмайды. Олар ертеңгі күні шынығып, шымыр болып, күнге күйіп, денсаулықтарын нығайтып, жаңа тың күшпен мектеп партасына оралады. «Ол туралы ойлау әлі ертерек, жасасын жаз, жасасын каникул!», - дейді оқушылар.
Клара НҰРПЕЙІСВА
Қас қарая мәдениет үйінің аумағы қарақұрым халық пен қаптаған көлікке толды. Білмеген адамды «Апыр-ау, не болып жатыр өзі?» деп ынтықтыратын жәйт.
Балықшылар мерекесі Тассай ауылында ресми түрде екінші мәрте аталып өтті. Думан басыауыл ағасыныңқұттықтауымен ашылып, сөз берілген бірер аузы дуалы қариялар сәл шегініс жасап, өздерінің бала кездерінде айдын жағасындағы Қарақас балықшы ауылынан балық тиелген кіре тартылатынын, соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде қара суға асса да, балық сорпасының халыққа қорек болғанын, сары қарын жас баланыңөзегін талдырмай, кәрі-құртаңды асқа тарықтырмай, тұңғиықтан алып шыққанынтілге тиек етті.
Байырғы балықшы, бұл күнде кәсіпкер, қадірлі ауылдасымыз, абзал азаматымыз Мауытбек Оразбаевтың да ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көріп, құрметті демалысқа шығуы бүгінгі базарлы күнмен орайлас келіпті.Мәукеңнің әріптес інілері-осынау үлкен мәнді істің демеушілері, балық аулауды ата кәсіпке айналдырған ауылымыздың бетке ұстар жігіттері Жанат Ибрагимов, Архат Мауытбеков,Қанат Тілебалдин және Қайрат Мұқановсынды кәсіпкерлер зейнеткердің иығына оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.Ал, ежелдің ен күнінен ау құрып, сүзгі тартқан байырғы балықшылар Иван Шнайдер,Сайлау Тоқтарбаев, Дәулет Мергенбаев ақсақалдармен орта буын балықшылар Д.Солтабаев,М.Оразбаев,Б.Тұрлыбеков пен Ө.Қадырбеков,Т.Ибрагимовқа балық инспекциясықызметкеріК.Қазиеваатаулы күнмен құттықтап,бағалы сыйлықтар тарту етті.
Мерекелік шоу-бағдарламаның аясы ауқымды болды. «Су патшасы Сүлеймен» сынды түрлі ойындармен қатар, балықшының ой-өрісін кеңейтетінтабиғат-ананы аялаудан басталғансұрақ–жауаптар сайысы, өнер жарысы, сондай-ақ, аспан мен жердің ортасында қалқыған қайық үстінде қауіп-қатер төнген жағдайдағы шұғыл шешім қабылдау немесе кенеттен төнген табиғат апатымен күресебілумен бірге қиындықты жеңіп шығудың түрлі тәсілдерін арқау еткенбалықшы қауымныңбіліктілігін арттыратынсауал-сынақтар өткізілді. Командааралық көп сайыста«Табыс» шаруашылығы ұжымының бірінен-бірі өтетін кілең мұзбалақ жігіттері және «Ағайынды» шаруа қожалығы командасының азаматтарымен қатарөнер сайысына түскен нәзік жанды бикештерінің тапқыр жауаптарымен өнеріне ел тәнті болды.
Көшпенділердің қызу қанды «Қара жорға» биін «Табыстың» тарланы табысты орындаса, «Ағайындының» қос Шынары әсем әнмен шарықтатып, шырқау биікке самғады.
Мерекелік думанда өзөнерлерін аямаған көркемөнерпаздар Тұрсынғали Еділовке, биші Арника мен жеткіншектерге, жас орындаушылар Қуаныш Қоңырбаев, Елжан Шмашев пен Еркін Сейітқалиевке және Тассайда ұдайы өткізілетінбарлық мәдени шаралардыңбас жағында жүретін сан қырлыөнерібар Гүлнар Қамзинаға ауылдастары зор қошемет көрсетіп, рақаттана қол соқты. «Бәрекелді!» дерсің.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қағиданы мақсұт тұтқан Тассайлықтардың жетпіс-сексен пайызы күн көрісін көлден айырып отырғаны рас болса, мынау тамаша күнді жыл сайын атап өтуіорынды емес пе?! Маусымның жиырма жетінші жұлдызы!
Мерекенің құрметті мейманы, Нұр Отан партиясы жергілікті филиалының төрайымы, қазылар алқасының тізгінін ұстаған Сайраш Қалиқызы Чалова ханым барша халықты мерекемен құттықтап, қиын да қызықты еңбектерінің рақатын көруді тіледі. Сөз соңында осынау үлкен мақсатты істің ұйытқысы болып жүрген ауыләкімі Семейхан Әлімханұлына, жастар саясаты ісі жөніндегі маман Маржан Жеңісқызына, мәдени-көркем сазды бағдарламаның режиссеры Шынар Тұрсынғалиқызы мен барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, бағалы сыйлықтарды табыстады. Сияпаттан кенде қалған пенде болмады.
«Дәулетіңарта берсін, Тассайым!» дестік.
Катрен Байжұманов, Тассай ауылы
Аудандық мемлекеттік қызметкерлер арасында «Өзіңнен мүмкін еместі талап ет, сонда қайтарымы болады» - деген ұранмен спартакиада өтті. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесіне орай өткен бұл шараның негізгі мақсаты- дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту, спорттың танымал түрлерін насихаттау, дамыту және белсенді демалысты ұйымдастыру болып табылды.
«Дорожник» стадионына бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мамандар - барлығы жүзден артық адам жиналды. Олар өз кабинеттерін бір күнге стадионға ауыстырғанға қуана келісті. Ал жұмыс киімін спорттық киімге ауыстырды. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер дене шынықтырумен айналысу сәнді, танымал екенін танытты. Жеңіс үшін жұмыс барысында спортпен ешқандай қатысы жоқ ведомстволар да жан беріспеді.
Аудандық спартакиада өткізу бастамасын аудан әкімінің аппараты көтерді. Оны әріптестері-мемлекеттік қызметкерлерқызу қолдады. Жарысқа қатысушыларды аудан әкімі аппаратының жетекшісі Р.Кемербаева құттықтады. Ол барлығына әділ тартыста жеңіске жетуді тіледі.
Жарыс спорттың бірнеше түрінен тұрды. Оған эстафета, арқан тарту, кедергіден секіру мен кедергілерден секіріп жүгіру кірді. Кейбірі балалық шақтан есте қалғанды еске түсірді, мысалы, жіппен секіріп ойнау. Ал кейбірін осы жерде үйренуге тура келді. Біреулері қателік жіберіп, құлап жатса, жанкүйерлер демеу болды. Әр топтың өз командаларын ешкімді қайталамайтын қолдау әдістері болды.
Талтүстегі ыстыққа қарамастан, көрермендер мен жанкүйерлер өте көп жиналды. Спартакиадаға қатысушылардың отбасы, таныстары мен достары, әріптестері жанкүйер болды. Өздерінің қызмет лауазымына қарамастан, осы жерде барлығы тең болып, команда үшін аянбай, жеңіс үшін күресті. Ешкім де беріскісі келмеді, әсіресе, жастар жағы белсенді болды.
Ең басты жеңіс - жақсы көңіл-күй мен пікірлес команда құра білу, ұйымшылдыққа ұйысу еді. Бірақ, кез келген жарыста жеңімпаз бар. Сайыс соңында ең батыл, епті мемлекеттік қызметкерлер анықталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды «Сұңқар» командасы алды, команда капитаны – Дәурен Қойгелдин, 2 орында капитаны Мұхтар Жәңкебаев - «Бектемір» командасы, ал үшінші орында «Қырандар» командасы, капитаны- Медет Сейпилов.
Футболдан ауылдық округ әкімдерінің командасы жеңіске жетті, команда капитаны Мұхтар Жәңкебаев. Екінші орында бөлім басшыларының командасы, капитаны Б.Бекенов, капитаны Серік Байсеңгіров болып келетін «Жастар» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.Әйелдер арасындағы волейболдан жарыста ең күшті команда Мақпал Тәжікова басқарған «Жастар» командасы болды. Ал екінші орынды ауылдық округ әкімдерінің командасы «Девчата» иеленді, капитаны Гүлнар Асауп, үшінші орында «Кокпектинка» атты Әлфия Кәрімова жетекшілік еткен команда.
Спартакиада жеңімпаздары сыйлықтармен марапатталды. Ең бастысы бір күндік болса да қуат алып, көңіл көтерілді, сергіп қалды - жарысқа қатысушылардың өздері солай деді.
Роза Чултукова, аудан әкімі аппаратының бас маманы:
-Көңіл күйіміз өте жоғары. Осындай шаралар көбірек болса. Бұл ұжымның ұйымшылдығын арттыра түседі. Алғашқы жарыс мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілікпен қарағандарын көрсетті, олар жеңіс үшін шындап күресті. Жарыстың «бес» деген бағаға өтетініне сенім зор болды. Болашақта бұл дәстүрлі жарысқа айналатыны сөзсіз. Басты - мақсат салауатты өмір салтын насихаттауды одан әрі жандандыра түсу болса, оны ең алдымен өздері үлгі етті.
Гүлзифа Қасенбаева, мемлекеттік қызмет ардагері:
-Спартакиада өткізу бастамасы өте жақсы. Мемлекеттік қызметкерлер халықпен жұмыс істейді. Сондықтан да, сымдай тартылған сымбатты, дені сау болулары тиіс.
Семейхан Далбин, Тассай ауылдық округінің әкімі:
-Барлық ойын жақсы өтті. Қарсыластар да мықты болды. Осындай жарыстар аудан өмірінің ажырамас салтына айналса деймін.
Сара ТЫНЫБАЕВА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс»-деп атап көрсеткен болатын. Бұл халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір сақшыға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жыл сайын бұл күні еліміздің барша полицейлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Көшедегі тәртіп пен қоғам тыныштығын қамтамасыз етуден бастап, сан түрлі қылмыстар мен тәртіп бұзушылардың жолын кесуде оларға артылар жауапкершілік жүгі уақыт өткен сайын салмақтанып келеді. Осы абыройлы міндеттің ойдағыдай атқарылуына көкпектілік полицейлердің де қосып отырған үлесі қомақты. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына 22 жыл толуына орай Көкпекті ауданының Мәдениет үйінде сақшыларымызға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шараға Көкпекті ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, ардагерлері, олардың туыстары мен достары және құрметті қонақтар қатысты. Мерекелік шара барысында ішкі істер бөлімінің ардагерлері: Р.Аринов, С.Денисов, С.Тілебалдин, Б.Волченко, С.Қизаметдинов, Р.Смайылов, Ы.Теңізбаев, Б.Жарқынбаев, Г.Подскребко, С.Сүбебаевқа мінсіз қызметтері үшін марапаттаулар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, полиция күніне орай аудан әкімінің алғыс хатымен ауданның ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қажырлы еңбегімен ауданның тыныштығын, тәртібін сақтап, міндетін адал атқарып жүрген Ә.Ақаев, Қ.Алғазинов, С.Құнафин, Б.Адылханов, А.Сапаров марапатталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.
Әрбір таңымыз тыныш болып, адамдардың алаңсыз өмір сүруі үшін сақшылар қажырлы еңбек етіп келеді. Ендеше, туған елінің тыныштығын табандылықпен қорғап жүрген аудандық ішкі істер қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен тағы бір мәрте құттықтай отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда азаматтардың бостандығы мен құқық мүддесін қорғау қызметтеріңіз табысты болып, Отанымызды өркендету жолындағы еңбектеріңіз жаңа берсін демекпіз.
Жібек ЕРЛАНҚЫЗЫ
Атам қазақ ықылым заманнан бері өзінің қасиетті салт-дәстүрлерін ардақ тұтып, аруақтарына құран бағыштап, дүркіретіп ас беріп, көкпар ойнатып, аламан бәйге шаптыратын. Қазақы ойын-сауықтар да орын алып, кең иықты батыр палуандарымыз күреске түсіп, мәре-сәре болып жататын.
Осындай қазақ халқының салт-дәстүрін қайта жаңғырту үрдісі сенбі күні Биғаш ауылында болып өтті. Бұл игілікті іс биыл бірінші рет өткізіліп отырмағандығын айта кеткен жөн. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткен «Ауыл күні» мерекесін ауыл халқы биыл бесінші жыл атап отыр. Бір заманда құтты қоныс болып, кейіннен ауыл шаңырағы шайқалған кезде жұмыс іздеп, көшіп кеткен бұрынғы ауыл тұрғындарының құлағы түрік жүргендері мерекеге түгелге жуық келген екен. Ауыл тұрғындарының да төбелері көкке бір жетіп, қуанып қалды. Ескі достар, көршілер, бұрынғы әріптестер және сыныптастар қайта қауышып, бейне бір қырық жыл бұрынғы ауылдың кейпін қайтадан қалпына түсіргендей болды. Мерейлі мерекенің жай-жапсарымен біздер де танысып, куәсі болып қайттық.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді басшылыққа алған халық, ең алдымен, мектеп үйінде қатым түсірді. Аудандық мешіттің наиб-иманы Кенжебек Қалиақпарұлы фәниден бақилыққа көшкен аруақтарға құран бағыштағаннан кейін, алыс-жақыннан жиналған азаматтар мен ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырудың басында жүрген ауыл әкімі Р.Наурызбаева мен бастама көтерген Нұрлан мен Қайырғазы сынды ардақты азаматтарға алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Г.Ақшабаева сөз алып, шараға қатысты өз ойымен бөлісті.
Қатымнан кейін бүкіл халық ауыл шетінде орналасқан ипподромға ағылды. Себебі, нағыз қызық думанның барлығы осы жерде еді. Бұнда қазақтың салт-дәстүріне сай қазақша күрес, тай жарысы, аламан бәйге, қол күресі және ерлер мен әйелдердің, балалардың жаяу жүгіру жарыстары өткізілді.
Жаяу жүгіру бойынша ұйымдастырылған жарыста 8 жасқа дейінгі қыздардан А.Тоқтағанова, 8-ден 12 жас аралығында А.Құрмашева, 20 жасқа дейінгі қыздардан А.Болатжанова, 30 жастан жоғары аралықта М.Көпесова жеңіс тұғырынан көрінсе, 8 жасқа дейінгі ұлдардан А.Сейітжанов, 8-12 жас аралығынан Ж.Жұмақанов, ерлер арасынан А.Тұрсынғазы жүйріктіктерін көрсетіп, бас жүлделерге ие болды.
Төл спортымыз қазақ күресіне әр ауылдың небір азуын айға білеген, бабы мен бағы келіскен күрес өнерінің нарқасқалары жиналды. Жарыстың бас төрешісі қазақша күрес ережесін түсіндіріп өткеннен кейін алдымен төменгі салмақтағы палуандар белдесіп, боз кілемнің шаңын қақты. Әр ауылдың намысын қамшылап келген палуандар аянып қалмады. Екі салмақ дәрежесі бойынша бір-бірімен белдескен 30-ға тарта палуан қарсыластарының осал тұсын аңдып, намысқа тырысып бақты. Ереже бойынша өз салмағы бойынша жеңіске жеткендер келесі айналымға жіберілді. Сонымен, «күш атасын танымас» дегендей, төрешілердің ортақ ұйғарымдарымен өз салмақ дәрежелері бойынша 60 кг дейінгі салмақта Үлкенбөкен ауылының тұрғыны Д.Данабеков жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, боз кілемде шалт қимылдап, қарсыласты шақ келтірмей, кілемге шаншылдырған биғаштық Ерзат Юсупов алаңда жанкүйер болып тұрған анасының қолдауымен күрестің түйе палуаны атанып, бас бәйгені қанжығасына байлады.
Білек күшін сынға салған қол күресі жарысында ерлер арасында О.Жанабеков, нәзік жандылардан Д.Жақсыбаева бірінші орынды иемденіп, жүлдегер атанды.
Бәйге десе, тұлпар десе делебесі қозып, қаны атойлап шыға келетін қазақ емеспіз бе?! Сол себептен, көрермендерге нағыз жүйрік тұлпарлар бәйге алаңына шығатын сәт ерекше де қызықты болғаны анық. Тіптен, әр аймақтың тарпып тұрған жүйрік тұлпарлары бәйгеге қосылып, желдей ескенінің өзі қаны қазақ әрбіреудің делебесін қоздырды-ақ. Ең алдымен, жұрт тай жарысты тамашалады. Бұл жарыста Жарма ауданының Жарық ауылынан келген А.Омаржановтың аты қара үзіп келді. Екінші бәйге он шақырымға шаптырылды. Бұл қашықтықта Тассай ауылынан З.Слямовтың сәйгүлігі дара келді. Жануардың бітімі мен аяқ алысы тым ерекше екен. Ал, 15 шақырымдық бәйге жолында Қ.Вақасовтың тұлпары біраз жүйрікті шаң қаптырып кетті. Жұртшылықтың арқасын қоздырған 25 шақырымдық аламан бәйгеге 15 шақты тұлпар қатысты. Ауыздығымен алысқан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» аттар жарыс алаңында қатар түзеп, көрермен қошаметінің соңын ала желдей есіп кетті. Аттың бауырында ойнап өскен көрермендердің кейбірінің сәуегейлік танытқан тұсы да осы кездер еді. 3 – 4 айналымда шаптарын аша шаба бастаған, тері шыққан тұлпарлардың көмбеге алғаш боп келуге шамалары байқала бастады. Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, нағыз жүйріктер легінде оза шауып Жарма ауданы арғымағы топ жарды. Алғашқы боп көмбеге жеткен шабандоз М.Смаиловқа теледидар мен кілем табыс етілді.
Осылайша, жылқы десе ішкен асын жерге қойып, бәйге десе атын баптап қосуға асығатын қазақы қанымызға сай аламан бәйге де дүбірлеп өтті.
Және осы ауыл спорты ойындары жайында сөз болғанда қаржылай көмек көрсетіп, барынша ауылдың мерейін үстем етуге тырысқан аптал азаматтардың атын атап өтпеуге болмас. Олар – Д.Көпесов, Қ.Насиев, Ж.Қалиев, С.Смағұлов, С.Момбаев, Д.Бекбусинов, Д.Геккель, Б.Тоғжанов, Е.Смағұлов, Н.Түлегенов, Қ.Есімов, Б.Аттиев, Қ.Бөпиев, М.Таныспаев, Р.Юсупов, Б.Сәбитов, Александр және Владимир Щентимировтар, С.Жақсыбаев, Е.Қалиев, Әлімбаевтар мен Жатаковтар отбасылары сынды қайырымды жандар ауылда өткен жарыстардың қаржы жағын өз мойындарымен көтергендігі азамат аттарын асқақтатқаны рас.
Ауылдан ұшқан төл перзенттердің ұйымдастыруымен жасалынған бұл іс-шара осымен тоқталып қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мұра болып қала беретін шығар деген сенімдеміз.
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.