Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Президентіміз Қасым - Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар облыстар мен аудандар қайтадан құрылып, кейбірі бұрынғы мәртебесіне қайтадан ие болды. Бұлардың ішінде осыдан ширек ғасыр бұрын Көкпекті ауданына қосылған Самар ауданы да бар.
Өз тізгінін өз қолына алып, жаңадан ту көтерген Самар ауданы халқының көңіліндегі көрікті ойды, жүректеріндегі қуанышты айтпай-ақ түсінуге болады. «Аудан» деген мәртебені қайтадан иеленген жері құтты, ел-жұрты берекелі өңірдің тұрғындары осынау айтулы мерекені есте қаларлықтай етіп атап өтуге бел байлаған еді. Соған орай тиянақты дайындық жасалып, алыс-жақыннан арнайы қонақтар шақырылған болатын.
11 маусым күні ауыл жұрты, сондай-ақ, әдейілеп келген той қонақтары барынша көркейтіліп, гүлге оранған Абай алаңына жинала бастады. Сағат тура 11.00-ді соққанда салтанатты жиын басталып кетті.


- Президент Жарлығымен Абай облысы құрылған соң, ауданымыз бұрынғыдай Көкпекті мен Самар болып екіге бөлінді, - деді алдымен сөз берілген Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Теміржанов. - Екі аудан бірлесіп, өткен 25 жылда еліміздің егемендігін нығайтып, нарықтың қыспағынан, өтпелі кезеңнің ауыртпалығынан сүрінбей өттік. Облыста, республикада маңдайалды аудандардың бірі болдық. Ауданды басқарған Баянды Қожамбетов, Дүйсенғазы Мусин, Рамил Нығметжанов, Асхат Смайылов, Серікқазы Сәдуақасов, Раджан Сейітхановтардың жетекшілігімен қашан да алдыңғы орындардан көрініп отырдық. Көкпекті ауданының алға қойған жоспарлары әрдайым орындалып келді. Бүгін де аудандағы шаруа қожалықтары жоғары аграрлық технология мен жаңа техникаларды пайдалана отырып, істерін өрге бастырып отыр. Облыс бойынша ауданымыз егін егуден, асыл тұкымды ірі қара өсіруден үнемі алдыңғы қатарда. Осы жетістіктерге көкпектілік, самарлық ағайын болып ынтымақтаса қол жеткіздік. Көкпектілік бәйге, көкпар, волейбол дегенде Самар өңірі спортшыларының мерейі қашанда үстем болып келді.
Самар мен Көкпекті аудандары біріккен жиырма бес жылда 350 пәтер, емханасымен 120 орындық аурухана, 4 жаңа мектеп, 3 балаларды сауықтыру кешені ашылып, Бұқтырма су қоймасының сарыбелдік жағалауы кәдімгідей туризм ошағына айналды.
Осы ширек ғасыр ішінде аудан спортшылары көкпардан 5 рет, волейболдан 10 рет облыстың чемпио-ны атанып, Көкпекті ауданының қоржынына спорттың әр саласынан әртүрлі деңгейдегі жарыстарда 2,5 мың алтын, 3 мың күміс, 5,5 мың қола медаль салды. Самар ауданында алдыңғылардың бірі болып Денешынықтыру-сауықтыру кешені, бассейн салынды. Бүгінгі күні екі ауданда 2 денешынықтыру кешені, 5 спорт залы, 17 футбол алаңы, 20 хоккей корты бар.
Осы 25 жылда Самар мен Көкпектінің шаруа қожалықтары ақ бидайдың элита тұқымын, қазақтың ақбас сиырын, жылқының қазанаты мен арғымағын шығаруды қолға алды. Қалба бойында жатқан көшім, мұғалжар, жабы, қарабайыр жылқысының қостары даламыздың сәнін келтіріп, еліміздің байлығын арттырды. Алдағы уақытта да ағайыншылығымыз, береке-бірлігіміз үзілмесін! - дей келе, ол жиналған қауымды осынау айтулы мерекемен құттықтады.
Еспе бойындағы Аққаладан ат қосып, әппақ жеңіл көліктермен шеру бастаған жастар Мариногоркалық омарташылар мен Бастаушының көкпаршыларын, Кұлынжонның балықшыларын, Сарыбелдің қайықшыларын, Палатцы мен Миролюбовканың диқандарын аудан орталығы - Самарға бастап келді. Самар ауылының орталығы Абай алаңында шоғырланып тұрған қауым «Самар ауданы» деген жазуы бар байрақ пен қасиетті көк туымызды қошеметпен қарсы алды.
Той қызығы орталық алаңда тігілген 12 киіз үйде, сән-салтанаты жарасқан дала сахнасында жалғасты. Сөз кезегі Самарды, кейіннен Көкпекті ауданын 13 жыл бойы басқарған Баянды Қожамбетов ақсақалға берілді.Бұдан соң Самар ауданының керегесін кең жаюына атсалысқан Баянды Қожамбетов, Виктор Лопаткин, Сайлаухан Күдербаев, Александр Федосов, Ержан Дүсіпов, Самархан Жотабаев, жаңа ауданның маслихат хатшысы Гүлнар Шаймарданова, Евгений Болде, Есенбек Мәмбетов, Асқар Қажығалиев, Бауыржан Рапеков және басқаларға Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейітхановтың атынан шапан жабылып, сый-сияпат беріліп, алғыс хаттар табыс-талды. Сөз алғандардың барлығы дерлік самарлықтарды қуанышты күндерімен шын жүректен құттықтай келе, осы өңірді 20 жыл бойы басқарып, ел-жұртқа лайықты басшы бола білген, бүгінгі тамашаны ұйымдастырып, бастан-аяқ жетекшілік жасап жүрген Ахмет Күдербаевтың еңбегін бөле-жара атап, алғыстарын арнап жатты. Өз кезегінде ол барлық жетістікке ауызбіршіліктің арқасында қол жеткенін мәлімдеді.
- Осындай атаулы күннің өз деңгейінде өтуіне сүбелі үлес қосқан аудан азаматтарына алғысым шексіз, - деді Ахмет Фазылұлы. - Жүректері әр кез «елім-жерім» деп соғатын самарлықтар ежелден еңбекқор әрі қажырлы жандар. Соның арқасында төрт түлігі ой мен қырын толтырып, егіншілік мықтап дамып отыр. Алдымыздан тек жарқын сәттер мен жаймашуақ күндер тосып тұрғай!
Өскемен қаласынан келген Самардың тумасы, белгілі кәсіпкер Әлхан Байсақов ел-жұртын құттықтай тұрып, бірқатар адамдарға шапан жауып, сый-сияпат ұсынып, құрмет көрсетті. Осыдан соң ол өзінің тапсырысымен сазгер Қайырбек Оразбеков пен ақын Хасен Зәкәрияның шығармашылық одағынан туған «Самар вальсі» атты әуенді орындауды сұраған еді. Аталған әнді Қайырбек пен өскемендік әнші Зүлфия Дүсіпова нақышына келтіре шырқағанда, алаңда сүйсінбеген жан қалған жоқ.
Осы торқалы тойға ең шалғай жерден келіп отырған құрметті қонақ - Ленинград облысының тұрғыны Адольф Эленберг өзінің іргедегі Екпін ауылында туып-өскенін, әкесінің қазақ отбасында тәрбиеленгенін баяндай келе, мұндағы жерлестеріне шын пейілімен тыныштық, молшылық, береке-бірлік тілейтінін ортаға салды.
Дүркіреген ұлы тойда әсем әндер шырқалып, күміс күйлер төгілді. Самарлық бишілер ырғала билеп, жыршылар жалынды жырларын төкті. Айтыскер ақын Фархат Маратұлы, жас жыраулар Аян Қалымбектегі, Әлібек Әбілғазы ауылдастарын көркем жырларымен тербеді.
Той салтанатын жүргізген Айымгүл Ықай мен Лариса Вебер бар өнерлерін салып, тыңдаған жұртты тамашаға кенелтті. Осындай өнерпаздардың арқасында Қарт Қалбадағы Жаңа Самардың тойы түн жарымына дейін жалғасып, соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Қайрат Мәлгаждаров

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз