Қазақтың зергерлік өнері - тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол - атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.
Дәстүрлі зергерлік өнерде шеберлер әр түрлі құрал-саймандарды өздері жасап пайдаланған. Оларға мыналар жатады: көрік, қышқаш, төс, сым тартқыш.
Зергерлердің аса көп жасайтыны - әйелдердің әшекей бұйымдары. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан.
Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көз тартарлық әсем болады. Қатар-қатар тізбектелген тастар қондырылып жасалған тамақ алқа асыл матамен әдіптеледі. Ал інжу-маржан қадалған тамақшалар - қыздар жиі тағатын бұйымдар.
Кеудеге тағылатын әшекейлер қатарына түрлі-түсті, сәнді түйреуіштерді, асыл тасты тұмарларды, небір қымбат тастармен безендірілген таналар мен күмістен соғылған түймелерді, ілгешектерді жатқызуға болады.
Көкпекті ауданында құнды бұйымдарды жасап, халық арасында өнерімен танымал болған жас зергер – Оралбек Бекқалиұлы. Ұлттық қолөнерді дамытып жүрген шебер 1988 жылы дүниеге келген. Кіндік қаны тамған жері – Қытай Халық Республикасының Алтай аймағы. Оралбекке өзінің айтуы бойынша зергерлік, ұсталық өнер әкесі Бекқали Ниашұлынан дарыған екен.
- Зергерлік өнерге нақты ден қойып, кәсіп қылғаныма 6-7 жыл болды. Ұсталық біздің әулетімізде ежелден бар қасиет. Әкем Бекқали мен атам Ниаш Сексейұлы да ұсталық еткен адамдар. Негізінен ат әбзелдері мен қару-жарақ жасаған шеберлер. Бұл қасиетті өнер адамға қанмен келеді екен. Одан бөлек Алматы қаласы Абай атындағы педагогикалық университетін бітірерде дипломдық жұмысым «Зергерлік өнер» тақырыбы болғаны көп әсер етті. Көркемсурет факультетінде дәріс берген Болат Атамқұлов деген алғашқы ұстазым көп дүниені үйретті. Зергерлік өнердің қыр-сырын, әдіс-тәсілін меңгеруде Болат ұстазымнан көп тәлім алдым, - дейді зергер.
Қазіргі уақытта Самар ауылында тұратын Оралбек Бекқалиұлы ұстаздық еңбек етуде. Жұбандық Болғамбаев атындағы мектепте «Еңбекке баулу» пәнінің мұғалімі. Зергерлік өнер мен ұстаздықты қатар алып жүрген шебердің қолөнер бұйымдары аудан көлемінде өтетін түрлі көрмелердің төрінен орын алуда.
Оралбек шебердің қолынан шыққан алтын, күміс бұйымдармен «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Oralbek Bekkaly» парақшасында танысуға болады.
- Ұлттық нақыштағы күміз білезік, алтын оюлы неке жүзігі, ерлер жүзігі, сырға, асыл тастармен көмкерілген алқа, әйелдер топтамасын алушылар «Instagram» парақша арқылы тапсырыс бере алады. Әр бұйымды жасауға көлемі мен сапасына қарай 1 аптадан 1 айға дейін уақыт кетеді. Болашақта дайын бұйымдарды сатылымға қоятын арнайы сауда нүктесін ашу жоспарда бар. Әзірге үйдегі шеберханада жасалатын бұйымдар алдын ала тапсырыспен орындалады, - дейді Оралбек Бекқалиұлы.
Оралбек Бекқалиұлы жасаған зергерлік бұйымдар ата-бабаларымыздың он саусағынан өнері тамған, өздері сері, жандары сұлу болғанын паш етіп, ерекше дәлелдей түседі.
Зергерлік өнерді халық өнері деудің мәнісіне келсек, жасалған сәнді бұйымды баяғыда бір ұста жасап, безендірген, өз заманында оның аты-жөнін халық білген, бірақ көп уақыттан кейін оның аты ұмытылып, жасаған бұйымы халықтыкі болып кеткен. Шебер түрлі материалдарды өңдеу үшін құрал-саймандарды пайдаланып, өз қол күшімен көп еңбек етіп, сәнді бұйымдар жасаған. Қолөнермен айналысқан ұсталар, көшпелі елмен бірге көшіп-қонып жүріп өнерлерін дамытып отырған. Бұл ұсталардың құрал-саймандары көлемі шағын, саны аз ғана болғанымен, олардың жасаған сәнді бұйымдары ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, бүгінгі күнге жеткен.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.