13 желтоқсан күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Үлгілімалшы ауылында қайта жөндеуден өткен мәдениет үйінің ашылу салтанаты өткізілді. Ұзақ жылдардан соң қайтадан есігін айқара ашқан мәдениет үйіне ақын Елеусіз Асылханов есімі берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Раджан Сейтқанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Мәдениет үйінің сахнасында «Азат елдің ақындары» атты облыстық айтыс өткізілді.
Үлгілімалшы ауылдық мәдениет үйі 1978 жылы салынған. Алғашқы күннен бастап ауылдың мәдени өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, талай өнерпаз жас қанаттанып шыққан киелі ордаға айналды. 1984 жылы бұрынғы Семей облысында Абай театры, атақты "Қаламқас" театрларымен бір қатарда Үлгілімалшы халық театры "Халықтық" атағын алды. "Үлгілімалшы халық театры" сахналаған "Қыз Жібек" қойылымы әлі күнге дейін өнерсүйер көпшілік жадында. Сол уақыттарда "Үлгілімалшы халық театрындағы" тамаша өнерімен халықтың шынайы сүйіспеншілігіне ие болған аға буын өкілдері де қайта жөндеуден өткен мәдениет үйінің ашылуына қатысты.
Ұзақ уақыт қаңырап бос тұрған Үлгілімалшы ауылдық мәдениет үйі қайта жөндеуден өткізіліп, Тәуелсіздік тойының қарсаңында ел игілігіне берілді. Осы ауылдың тумасы, ауылдағы өнер саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ақын Елеусіз Асылханов есімі мәдениет үйіне берілді. Саналы ғұмырын туған жерінде қажырлы еңбек етуге арнап, ауыл мәдениетінің отын сөндірмеген, маржан жырымен халықтың жүрегінен орын алған Елеусіз Асылханов есімі қашан да халық жадында. Қайта ашылған мәдениет үйіне Елеусіз Асылханов есімінің берілуі Үлгілімалшы ауылы тұрғындарының қалауы.
Ашылу салтанатын ұйымдастыруға мәдениет үйінің меңгерушісі Мақпал Мырзабекова мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахан Тұрсынханов көп еңбек сіңірді. Ақынның қызы Жанар Елеусізқызы Өскемен қаласынан арнайы келіп, кіреберіс залға ақын портретін орнатты. Ауыл ажарын аша түскен мәдениет үйінің лентасын ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты аналар кесті. Әжелер шашу шашып, жастар шаттық жырын шырқатты.
Кең әрі сәулетті көрермен залы лық толды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай аудан экономикасын дамытуға зор үлес қосқан, қоғамдық өмірде белсенділік танытқан Үлгілімалшы ауылдық округінің бірқатар тұрғындары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жырсүйер қауым жаңадан ашылған мәдениет үйіне алыс-жақыннан тайлы-таяғы қалмай жиналды. Топты ортада дуалы сөз бастап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатқан ақындарды ел бастаған азаматтар қай заманда да әспеттей білген. Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейтқанов көпшілікке жүрекжарды лебізін арнап, жыр додасына түсетін айтыс ақындарына сәттілік тіледі.
- Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын Көкпекті ауданы жарқын жетістіктермен қарсы алуда. Бүгін міне тарихы тереңнен бастау алатын, өнер мен мәдениет дәстүрі нық қалыптасқан, ауданымыздағы іргелі елді мекендердің бірі де бірегейі Үлгілімалшы ауылында Тәуелсіздік тойына тамаша тарту жасалуда. Қайта жөндеуден өткен мәдениет ошағы өнерсүйер қауымға есігін айқара ашып, Үлгілімалшының дарынды да талантты тұрғындары өнердің отын маздатуға мүмкіндік алды. Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, - деді Раджан Қайрқанұлы.
Сөз кезегі туған елі «Төки» деп еркелетіп атап кеткен Елеусіз ақынның замандастарына келді. Кезекпен сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ақынның үзеңгілес серігі Шахан Тұрсынханов пен аудандық мұражай қор сақтаушысы Клара Смаилова тарихи деректерді тереңнен тарқатып, Үлгілімалшы ауылының мәдени өмірі туралы әдемі естеліктерді тілге тиек етті. Сілтідей тынған залда сүйсініп тыңдамаған жан болмады. Бұл күнгі халықтың шат-шадыман шаттығы мен ыстық ықыласынан-ақ Үлгілімалшы ауы-лы үшін өнер ордасының қаншалықты қымбат екенін байқау қиын емес.
Айтыс тізгінін қолына алған Манарбек Бекішев аузымен құс тістеген жүйріктерді сахна төріне шығарып, көрерменге таныстырып шықты. Сөз сайсына Болат Ақатаев, Нұрлан Ермек, Азамат Халық, Шахан Тұрсынханов сынды ел сыйлаған ардақты азаматтар әділқазылық жасады. Бұл жерде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Азат елдің ақындары» айтысын өткізудегі Үлгілімалшы ауылы тұрғындарының ауызбіршілігіне еріксіз тәнті болдық. Ауылдық мешіт имамы Әлімбек Батай бастаған игілікті іске әрбір тұрғын қаржылай үлес қосқан екен.
Бірінші жұп көкпектілік Фархат Маратұлы мен облыс орталығынан келген Қуаныш Еркінұлының айтысы көпшілік күткен деңгейде өрбіді. Айтар ойларын жарасымды қалжыңмен айшықтаған қос ақын тақырыпты да аша білді. Сыр мінез ақындардың бұрын топқа түскендері көрініп тұрды. Ұлтымыздың қонақжайлық салтын тағы бір мәрте әдемі әспеттеген Фархат ақын Қуаныш інісіне жолын берді. Десек те әділқазылар алқасы Фархаттың өнерін жоғары бағалап, екі ақын да ақтық сынға толық ұпаймен жолдама алды.
Алғашқы кезеңнің тартымды, қызу айтысы көкпектілік Жасұлан Мақаев пен аягөздік Әлібек Мұратұлының сөз қағысы болды. Белгілі айтыс ақыны Қазыбек Байжұмановтың шәкірті алғашқы үлкен аламанда өзін жақсы қырынан көрсетіп, айтыстың «жас перісі» атанып үлгерген Жасұлан Мақаевпен терезесі тең дәрежеде сөз қағыстырды. Дегенмен жыр додасына жастай кіріп, «Жүрсіннің жүйріктері» қатарына қосылып үлгерген тәжірибелі Жасұлан қамшы салдырмай ақтық сынға шықты.
Үшінші жұп Баян мен Аянның айтысы жұртшылықты бір желпіндіріп тастады. Қос ақын құлашты кеңге сермеді. Бұл жұп та ұтымды жауаптарымен, қарсыласты тұқыртар тапқыр теңеулерімен көпшіліктің көзайымына айналған Баян Бағдатұлы жеңіп шықты. Ал, қылыштың жүзіндей қылшылдаған Әлішер мен киелі Түркістаннан келген Гүлжан ақындар қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетіп, айтысқа сусаған көпшіліктің мейірімін бір қандырды.
Ақтық сынға шыққан ақындар нағыз суырып салма таланттарын ортаға салды. Шаппа-шап айтыс қызғанда ақындардың ой шапшаңдығы, сөзге жүйріктігі сынға түсті. Ел Тәуелсіздігін жырлауда айтыс ақындары еш аянып қалмады. Халқына қадірі артқан Төки ақынның туған жерінде жыр маржаны төгіліп, жырдан шашу шашылып жатты. Сахнаға шыққан ақындарды белгіленген уақытта тоқтату мүмкін болмады. Домбыраны күмбірлетіп, қара өлеңмен жыр төккен ақындарға көрермен де тұс-тұстан ысқырып, қиқулап жатты. Бір күнге созылған тартысты додада мықтылар сараланып, жыр мәресіне сүрінбей жеткен ақындар белгілі болды.
Бас жүлдені Аягөз ауданының ақыны Әлішер Қыдырбек қанжығасына байлады. Бірінші орынды Түркістаннан келген Гүлжан Ықыласқызы иеленсе, екінші орынға Зайсан ауданынан келген Баян Бағдатұлы жайғасты. Аламан жыр додаларында топ жарып жүрген Биғаштың тумасы Жасұлан Мақаев үшінші орынды қанағат тұтты. Өскемен қаласының ақыны Қуаныш Еркінұлы да үшінші орынды иеленді. Көкпекті ауданының намысын ту еткен Фархат Маратұлы ұйымдастырушылар шешімімен Елеусіз Асылханов атындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды. Көкжотадан келген Аян Қалымбек пен аягөздік жас өрен Әлібек Мұратұлына ынталандыру сыйлығы бұйырды. Жыр бәсекесіне түскен барлық ақындарға қаржылай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Үлгілім – жыр гүлім» деп жырлап өткен Елеусіз Асылханов есімі қара орман халқымен бірге уақыт көшіне ілесіп, болашақ ұрпақ есінде мәңгі сақталмақ.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.