Бала деген – отбасының шырағы, ата-ананың шуағы, әр үйдің еркесі, таусылмайтын қызығы мен қуанышы, берекесі. Әр ата-ана өзі дүниеге әкелген кішкентай бұзықтарының алаңсыз ұйқысы, тыныш өмірі үшін тіршілік етіп, қазақтың ел сүйсінер қызы мен жігітін өсіруді армандайды. Сонымен бірге, әр балдырған Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегін алға апарар ұрпақ, ең қымбат құндылық. Қазақстан Республикасында бала болашағы үшін бар мүмкіндік жасалған, олардың құқықтары мен қауіпсіздіктері мемлекеттің қамқорлығында.
Көкпекті ауылының орталық алаңында жаз маусымының бірінші күнімен бірге келген шуақты мереке биылғы жылы ерекше жоғары көңіл күйде өтті. Мерекелік шараға ата-әжелерімен, ата-аналарымен бірге жиналған кішкентай бүлдіршіндердің қолдарына ұстаған қызылды-жасылды шарлары, бақытты күлкісі мен былдырлаған тәтті үні балаларды қорғау күнінің мәні мен мағынасын тереңдете түскендей.
Алғашқы құттықтау лебізімен мереке шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Әкімова алаңға жиналған болашағы кемел елдің шат көңілді тұрғындарына, яғни көкпектілік балдырғандар мен олардың ата-аналарына ақ тілегін арнады.
– Құрметті аталар, әжелер, ата-аналар және бүлдіршіндер, халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Ел ертеңінің еңсесін көтерер ұрпақтарымыз ақыл-білімді бойына жинаған, жаңашыл, денсаулығы мен рухы мықты, еңбексүйгіш және патриоттық сезімі терең азаматтар мен азаматшалар болып өсуіне тілектеспін. Әрқашан егемен мемлекетіміздің көпұлтты халқы бейбіт аспан астында береке-бірлікпен, тату-тәтті тіршілік етіп, балаларына толыққанды лайықты тәрбие беріп, әрбір отбасында сәбилердің саны артсын. Баршаларыңызды баланың пәк көңіліндей ашық, жайдары жаздың жарқын мерекесімен құттықтаймын, - деді Алмагүл Жанахметқызы.
Ата-аналар атынан құттықтау сөз кезегін алған немерелерінің сүйікті атасы Мәркелен Әңкебаев: «Халықаралық балалар күні мерекесі құтты болсын! Періштедей пәк көңілді балаларымыз бен немерелеріміз аман-есен, дені сау, оқымысты, білімді де білгір, сегіз қырлы, бір сырлы, бойларына ойлары сай, келбетті де саналы болсын. Болашақ еліміздің жоғары мәртебелі азаматтары мен азаматшалары болып қалыптассын. Біздің елде ешбір бала ұлтына, түсіне, тағы басқа белгілеріне қарап бөлінбейді Қазақ елінде мамыражай тірлік кешіп жатқан сан түрлі ұлт балалары бір шаңырақ астында тату-тәтті, бір отбасының балаларындай өсіп келеді. Осы татулығымыз ұзағынан болып, ұрпақтарымыз тыныштықта алаңсыз өмір сүрсе екен деп тілеймін», - деген игі тілегін арнады.
Балалар мерекесіне арнап аудандық білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйі қызметкерлерінің бірлесіп өткізген ауқымды бағдарламасы жиналғандардың көңілінен шығып, үлкен-кішіні риза еткені рас. Сахна шымылдығын тартымды музыкалық композициямен ашқан Шәріптоғай НМ бастауыш сынып балғындары көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, алаңның екінші шетінде Балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Өнерлі ұрпақ – жарқын болашақ» көрмесінде балалар қолынан салынған суреттер, ағаштан жасалған бұйымдар, фетро матасынан заманауи үлгіде тігілген ұлттық ою-өрнектері бар киімдер және «Балаларға базарлық» атты аудандық кітапхана қызметкерлері қойған кітап көрмесі көздің жауын алады. Ал келесі бір жерде дойбыдан, арқан тартудан, БЖСМ жаттықтырушыларының жетекшілігімен спорттық көпсайыстан жарыстар өтіп, өнерлі балалар асфальт бетінде сурет салу байқауында шеберліктерін паш етуде.
Концерттік бағдарлама барысында сахнада би билеген «Русский самовар» (Шуақты шұғыла балабақшасы), «Шақырады көктем» (Балерке балабақшасы), «Локо-локо» (Балалар өнер мектебі), «Павлин» биі - Гүлім мен Айым, үнді биі, «Бабушки-старушки» сахналық қойылымындағы кіп-кішкентай балақандардың өнеріне сүйсінбеген жан қалмады. Қызыққа толы думанды әрі жалғастырып, «Ағайынбыз бәріміз» (мәдениет үйінің вокалдық тобы), «Ертегілер» (Гүлім мен Айым, Преображенка ОМ) «Қазақтың ерке қызымын» (Кәусар, Преображенка ОМ), «Ән саламын» (Алтынжан, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ), «Мама» (Нұрай, М.Әуезов атындағы ОМ), «Крылатые качели» (Нұржан, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ, «Дружба» (Тоғжан, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ) әндерін орындаушыларды көпшілік ду қол шапалақпен қолдап тұрды. Бұл күні сахнада өнер көрсетіп, қызықты ойын жарыстарына қатысқан балақайлардың баршасына мақтау қағаздары мен бағалы сый-ойыншықтар тапсырылды. Осылайша, мерекелік шараларға атсалысып мадақталған бала да, оның ата-әжесі де, әкесі мен шешесі де мәз-мейрам.
Балалардың сыңғыр күлкісі мен телегей теңіздей шат көңілі шалқыған мерекелік шараның қорытынды кезеңінде сәби жүректерді толқытқан әдемі сәттің куәсі болдық. Бұл - сурет салудан байқауға қатысып, жүлделі орын алған балғындарға ауданымыздың бетке ұстар атпал азаматтарының өз қолдарымен бағалы сыйлық пен мақтау грамотасын табыстауы еді. Атап кетсек, аудан прокурорының м.а. Бақытбек Қарымсақов - Д.Тоқтарғазинге (Ж.Шайжүнісов ОМ), АІІБ басшысы Қайрат Бытебаев – А.Өміржановаға (Көкпекті ОМ), аудандық соттың төрағасы Әділ Бақытбек – М.Аманбаеваға (Көкпекті ОМ), Көкпекті аудандық кірістер басқармасының басшысы Қуаныш Умаров – С.Исламинге ішіне оқу құралдары мен тәтті жемістер толтырылған сөмкелерді ұсынды. Қоғам өкілдерінің еліміздің ертеңіне деген мұндай қайырымдылығы аудандағы басқа тізгін ұстар азаматтарға өнеге болар деген ойдамыз.
Әрине, мұндай ауқымы үлкен шаралар қаржылай демеушілік пен қолдау көрсету аясында өтетіні белгілі. Бүкіл жер шары балалары қуанып, шаттыққа бөленіп жатқан мереке күні біздің аудан балаларының да ешкімнен кем қалмай бақытқа бөленуіне белсене қатысқан мәдениет және тілдер бөлімі, аудандық прокуратура, аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі, жастар орталығына көкпектіліктердің алғысы шексіз.
Сәния Аяпбергенова, Көкпекті ауылының тұрғыны:
- Аружан, Айару, Асан Әсеновтердің әжесімін. Немерелерім Ж.Шайжүнісов атындағы білім ордасында оқиды. Орталық алаңға балалардың мерекесін қызықтасын деп немерелерімді ертіп келдім. Биыл балаларды қорғау күнінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына риза болып тұрмын. Барлығы көңілді, ең бастысы балалар шат-шадыман. Үлкендер үшін балалардың қуанышынан асқан ештеңе жоқ қой. Бүлдіршіндеріміздің қабағына ешқашан көлеңке түспей, бейбіт елдің бақытты ұландары, Отанын сүйетін азаматтары болып өссе екен деп тілеймін.
Гүлмира Сыдықова, көп балалы жас ана, Көкпекті ауылы:
- Бүгін аудан орталығында балалар мерекесі өте қызықты өтіп жатыр. Бір қызым би байқауына, ұлым көңілді старттарға қатысып, бақтарын сынауда. Әр жерде балмұздақтар, тәтті кәмпиттер, тәтті мақта, сусындар сатылып, мәре-сәре болуда. Бұл - шараның көркіне көрік қосып, онан сайын әрлендіруде. Бала – өмірдің гүлі деген рас екен. Оған өзіміз балалы болғалы көзіміз жетті. Балаларымның былдырлаған үнін, мөлдір күлкісін, еркеліктері мен тентектіктерінсіз бір күнімнің де мәні болмас еді. Жолдасым екеуміз балапандарымызбен бақыттымыз. Барша көкпектілік бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтаймын. Жарқын да шуақты мерекелік күнді ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.
Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.