Жеңіс күнінің қарсаңында Көкпекті ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында, қызмет алушы балаларға Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің қасиетін ұғындыру мен патриоттық тәрбие беру мақсатында «Мың тағзым, сізге, ардагер» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге аталған мекемеден қызмет алушы қарттар мен Көкпекті ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмұхамбет Семізбайұлы Ақчалов құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Дөңгелек үстел басталар алдында балалар өнер мектебінің қызметкері Равиль Рашидұлы Қияқпаев ардагер құрметіне «Темная ночь» әнін орындап, оған қарттар мен бүлдіршіндер қосылды. Ұлы Отан соғысының ардагерімен кездесуде қызмет алушы балалар белсенді қатысып, ардагерге өздерін толғандырып, қызықтырып жүрген сұрақтарын қойды.
Нұрмұхамбет ата бастан кешкен оқиғаларды толғаныспен еске ала отырып, тебірене әңгімелеп берді. – Соғысқа аттанғаннан кейін мен Бауыржан Момышұлының дивизиясында болдым. Ол кісі тәртіпке қатал азамат еді. Жалпы соғыста, ең бірінші, қатаң тәртіптің арқасында жеңіске жеттік деп есептеймін. Москва түбіндегі шайқаста, 1943 жылдың 12 қаңтарында аяғымнан қатты жараланып, госпитальда орын болмаған соң сол жылдың 23 тамызында елге оралдым, - дейді қарт жауынгер.
Ардагердің әр сөзін таңдана тыңдаған балалардың жүзінен ержүрек батырларға деген сүйіспеншілік анық байқалғандай. Қарт жауынгерге Расул, Артем, Сара, Мадияр, Динара сынды жаңа буын өкілдері жарыса сұрақ қойып, жауынгер өміріне қызығушылықтарын білдіріп жатты. Дөңгелек үстел арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің қонақтарға арнап жайған дас-тарханынан дәм татумен аяқталды. Орталық қызметкерлері Нұрмұхамбет Семізбайұлына арнайы сыйлық табыстап, ізгі тілектерін білдірді.
Ұлы Жеңіс үшін өткенді ұмытпай аға ұрпаққа алғыс білдіру баршамыздың парызымыз. Себебі, ол мыңдаған өмір, жақындар мен ағайындардың көз жасымен төленді.
Жанерке АБЫЛХАН
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.