Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Асқар Жомартұлы Самар ауруханасында отыз жылдан артық еңбек етті. Биыл алпыстың асуынан асқалы отырған, бірақ әлі де кез келген жас жігітке шаң қаптырып кететіндей  сергек жан бес жыл болды жеке кәсіпкерлікке ауысқан. Стоматологиялық кабинет ашып, жұбайы Жанат  Талаптанқызы  (ол да дәрігер) екеуі жұмыс істей бастады.

Асқар Нұрғазинді көпшілік адам ұзақ жылдан бері тіс дәрігері, хирург-стоматолог-ортопед ретінде біледі, ал оның домбырашы, әнші әрі аңшы, спортты сүйетін - бір сөзбен айтқанда қазақтың нағыз сері жігіті екенін ілуде біреу ғана білер. Біздің әңгіме осылар төңірегінде басталды.

-Сізге осы домбырашылық пен әншілік кімнен дарыған?

- Менің анам Тәнзила Досжанқызы кезінде Алматыда ТЮЗ-да жұмыс істеген. Ұстаз болса да әкем де ылғи өнер адамдарымен араласып, ғалымдық жолға бет бұрған, бірақ ауылдағы үлкендерінің ұйғарымымен Шыңғыстайға оралып, туған ауылының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан.

 

-Ал аңшылыққа кім баулыды, әлде Катонқарағай жерінің  ерекшелігі әсер етті ме?

-Ол да бар, бірақ мен атамнан дарыды деп ойлаймын. Ол кісі оның үстіне ағаштан түйін түйетін шебер болған. Кезінде аю, қасқыр алған адам ғой. Ол кісі туралы біздің елде аңыз көп.

-Мұражайға атаңыздың қолынан шыққан ерді тапсырыпсыз, жақында көрдім.

-Иә, мен ат жалын тартып мінген, яғни бес жасымда атам Нұрғазы Оқышұлы осы ерді қашап жасаған. Содан бері мен оны көзімнің қарашығындай сақтап келдім. Қолдан қашалған қазақи ер қазір жоқ десек те болады. Біздің, балаларымыздың мінетіні темір көлік. Үйде босқа тұрғанша, басқалар да көрсін, қазақта осындай қолөнер туындылары болғанын біліп жүрсін деген мақсатпен ауылдағы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырғанмын. Кәдеге асатынына сенімдімін.

-Кабинетті ашқан кезде қиындық көрмедіңіз бе?

-Жеке кабинет ашу менің ойымда болған емес, бірақ заң талаптары бойынша ауруханада протездеу кабинеті болмауы керек деген ереже шықты. Басында неден бастарымды білмегенім рас, содан кейін тәжірибесі бар әріптестеріммен, достарыммен ақылдастым. Бір иен пәтерді сатып алып, оған жөндеу жұмысын жүргізіп, тағы да сол достардың көмегімен, өз қаражатыммен заман талабына сай қондырғы алып орнаттым. Екі кабинет және зертханалық бөлмеден тұратын осы жерде екі адам жұмыс істейміз.

-Тіс - адам көркі және денсаулық кепілі дейміз, адамдар көп келетін шығар?

-Мен өмір бойы адамдар үшін жауапкершілікті жұмыс атқаруға дағдыланған адаммын. Сондықтан да болар, ауруханадан жеке шығып кетсем де, келушілер өте көп. Кейде бұрынғы әріптестерім де кейбір адамдарға емдік шараларын жасатуға маған жібереді. Оларға әрине көмек беремін.

-Тістің тасын алу-сканері, барлық қызмет түрі қамтылған стамотологиялық қондырғы  бұрынғыға қарағанда көп мүмкіндікке қол жеткізуге жол ашқан шығар?

-Әрине, қызмет саласындағы бәсекелестік көп нәрсеге қол жеткізуге көмектеседі екен.  Бірақ біз бұрын әріптестерім К.Сиковой, В.Тюрин, М.Абылқайыров, кейінгі буын Б.Нұрпейісовпен жұмыс істегенде де халықтан ешқандай сөгіс естіген жоқпыз. Қазір де мені стоматолог-хирург ретінде кейде шақырып науқасты қарап беруді өтінеді. Олардан көмегімді аямаймын.

-Жекеменшік болып кеткен соң қоғамдық жұмыстардан қол үзіп қалған жоқсыз ба? Теннис, шахмат ойнаушы едіңіз ғой.

-Жоқ, сол баяғыдай, спорттық, мәдени шаралардың барлығына қатысамын. Аураханаға да, Мәдениет үйіне де барып тұрамын. Концерттерде күй шертемін, сайыстарға қазылық жасауға да шақырады. Ал спорт мектебінде күнделікті кешке жаттығамыз. Теннистен қол үзіп көрген жоқпын.

-Кәсіпкерлерден көбіне қайырымдылық шараларына қатысыңдар деп талап етіп жатады, ол жағына қалай қарайсыз?

-Жоқ мен өзім қайырымдылық жасағанды, достарыма, туыстарыма қол ұшын бергенді ұнататын адаммын. Бізді солай тәрбиелеген, үлкендерден соны көріп өстік. Сондықтан да мен біреудің нұсқауынсыз-ақ қайырымдылық шараларын жасай беремін. Бірақ оны айқайлап айтудың қажеті қанша. Бірақ нәрсені айта аламын, өйткені онда мен жолдастарыммен бірге үлес қостым. Былтыр Шыңғыстай ауылында мешіт салдық. Бұл менің ғана емес, сол ауылдан шыққан қалталы азаматтардың борышы деп білемін. Соған үлес қоса алғанымды мақтан тұтамын.

 

-Мереке жақындап келеді, әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?

-Құрметті әріптестер, сіздерді өздеріңіздің төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Маған бүгін осындай мүмкіндік беріліп отырғанына қуаныштымын. Сіздерге соны пайдалана отырып, өмірлеріңзге тек сәттілік  серік болсын, Алла қуат, зор  денсаулық берсін деп тілеймін.

-Рахмет. Өзіңізге де соны тілейміз.

Міне, біздің сұхбатымыз аяқталды. Асқар Жомартұлы туралы айтар әңгіме көп. Адам ет пен сүйектен жаратылған соң кемшіліксіз болмайды бірақ, мен бүгін бір азаматты тек жақсы жағынан танытуға тырыстым. Ол кісінің аңшылық туралы әңгімелері тағы бір мақалалар топтамасына арқау болар. Ал әзірге үш немеренің атасы, отбасындағы үлгілі, қамқор отағасы, қаншама қайғы көрсе де жасымайтын, қиындыққа мойымайтын, достарын жамандықта тастамайтын осындай азаматтар ортамызда саусақпен санарлықтай. Сондықтан да, Асқар аға, мерекеңіз құтты болсын, асқаралы алпысыңызда мынадай болсаңыз, жетпіс пен сексеннен де сүрінбей өтіңіз деп тілейміз.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз