Көкпекті ауданында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қатысқан мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығының өткен еңбек маусымы қорытындыланып, еселі еңбек етіп, мол өнімге қол жеткізген ауыл еңбеккерлері құрметке бөленді. Үлкенбөкен ауылында өткен шараны Көкпекті ауданының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі ұйымдастырды.
Расында да, биылғы жыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін аса бір ауыр кезең болып отыр. Биыл алқаптағы егін бітік шығып, диқандар жер ырыздығы берекелі болар деп күткен еді. Өкінішке қарай, егін әбден пісіп, жетіле бергенде басталған жауын-шашын егін жинау жұмыстарына көп кедергі келтіріп, өнімнің сапасын құлдыратып жіберді. Осылайша, шаруашылықтар біршама шығынға ұшырады. Жиын барысында бұл жайтты шаруа қожалық басшылары да атап өтті. Алайда, туған жерін адал еңбегімен гүлдендіріп жүрген еңбекқор жандардың көңілдері көтеріңкі, ертеңгі күнге деген сенімдері мол.
Мерекелік іс-шараға ауыл еңбеккерлері, агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері мен ардагерлері шақырылды. Бүгінгі таңда Көкпекті ауданында 500-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істейді. Биылғы жылы қиындықтарға қарамастан, аудан шаруалары жақсы өнім жинады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдарына құйылған инвестиция-лар ағыны еселеп артып отыр, техника жаңартылды, жаңа технологиялар қолданылуда, ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев ерекше еңбек еткен, жауапкершілікті талап ететін және жоғары құрметке лайық аграршылардың ауыр еңбегін атап өтті. Ділдәбек Тәжібайұлы сала ардагерлеріне ерекше алғысын білдірді.
- Құрметті ауыл еңбеккерлері және ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері! Сіздерді ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ауыл шаруашылығы Көкпекті ауданы экономикасының маңызды саласы болып табылады. Соңғы жылдары республикалық деңгейде ауыл еңбеккерлеріне сенімді қолдау көрсетуді және сала кәсіпорындарының серпінді дамуын қамтамасыз ететін бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданды. Бүгінде біздің алқаптарымызда заманауи техникалар жұмыс істеп, фермерлік шаруашылық саласы қарқынды дамуда. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамыта отырып, алға қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Сіздерге шын жүректен денсаулық, амандық, болашаққа деген сенімділік, ауданымыздың, еліміздің игілігі үшін жаңа жетістіктер тілеймін, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Ауыл шаруашылығы саласының озаттарын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет грамотасы», Абай облысы әкімінің «Алғыс хаты», Облыс әкімінің бірінші орынбасарының «Алғыс хаты», Аудан әкімінің «Асыл ана», «Еңбек ардагері», «Толағай табыстары үшін» медальдарымен және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» атап өтті.
"Алекс" шаруа қожалығының механизаторы Шаров Сергей Григорьевич Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
- Бүгінгі марапат мен үшін ғана емес, бүкіл шаруашылығымыз үшін үлкен құрмет. Бүкіл өмірімді ауыл шаруашылығы секторына арнадым. Мерекеге қатысушылардың барлығына одан әрі табысты еңбек және бақытты өмір тілеймін, - деп құттықтады әріптестерін Сергей Григорьевич.
Үлкенбөкен ауылы «Табиғат» шаруа қожалығының басшысы Баймолдин Қайрат Капезұлына қажырлы еңбегі үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың «Алғыс хаты» табысталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының «Алғыс хатымен» Тассай ауылындағы «Ағайынды» шаруа қожалығының басшысы Жанат Ибрагимов марапатталды.
Аудан әкімінің «Асыл ана» медалімен ауыл шаруашылығы саласына ерекше еңбек сіңіріп жүрген нәзік жанды кәсіпкерлер марапатталды. Бұл күні құрметке бөленгендер қатарында сала ардагері Стефанида Виничук, "Султ-ман" шаруа қожалығының басшысы Бижамал Бейсенгулова, "Табыс" шаруа қожалығының басшысы Күляш Оразбаева, сала ардагері Чайзат Оразбаева және "Қалима" шаруа қожалығының басшысы Зайтуна Кабиеваның есімдері зор мақтанышпен аталды.
Нарықтық қоғамның қиындықтарына мойымай, ата кәсібіміз - ауыл шаруашылығын қайта өрлете отырып, аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқан ардагерлер назардан тыс қалмады. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев «Еңбек ардагері» медалін тау тұлғалы сала майталмандарына табыстады. Бұл күні лайықты құрметке бөленген ардагерлер қатарында Карим Кененбаев, Өміртай Сұлтанов, Құмар Орсаев, Нұрбек Аубакиров, Асыл Тапалов, Түсіпбай Бекбердинов, Владимир Вакуленко, Құдайберді Мазыбаев, Месер Габдрахманов, Жұмақан Аубакиров, Серік Малгаждаров және Мирон Лискевич болды.
Аудан әкімі «Толағай табыстары үшін» медалін қажырлы еңбектерiмен аудан экономикасының дамуымен қатар қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып жүрген жерлестерімізге табыстады. Қайратты еңбегімен ел ырысын еселеген Болат Бекбердинов, Юрий Виничук, Жұмабек Күшікпаев, Мұхаммед Хабидолданов, Мұрат Жакупов, Ерлан Қойгелдин, Ерлан Ниязбаев, Александр Чинтимиров, Дәулет Қарыкболов, Ғалым Байжуминов, Қанатбек Айдаргазин, Бауыржан Түсіпжанов, Бауыржан Қоныспаев, Мейрамғазы Аубакиров, Нұрлан Қайракбаев, Дәлелхан Далбин, Александр Макаров, Ерлан Мұсағалиев, Болатхан Азимбаев, Мұрат Оспанов, Айтжамал Оразбаева, Марат Байжуманов, Мұрат Садықов, Степан Панов, Кенжетай Хощянов, Сагит Айсин, Кадылбек Айдарханов, Жандарбек Ботабаев, Бахытхан Маутказинов, Медет Акежанов, Шабан Құнанбаев және Әділхан Қалиқанов «Толағай табыстары үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен бірге мерейлі мерекеде еңбектегі зор табыстары үшін 97 жерлесімізге аудан әкімінің «Алғыс Хаты» табысталды.
Жиын соңы Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты. Кеш жүргізушілері Фархат Маратұлы мен Аяжан Амантайқызы мәнерлі дауысымен салтанатты шараның мәні мен сәнін аша түсті. Айдана Есполованың орындауындағы «Ауылым» әні жүректерге жылу, жүздерге шаттық ұялатты. Киелі сахнаға жаңадан қадам басқан «Асыл ана» ансамблінің тамаша өнеріне көпшілік қауым тәнті болды.
Ауыл еңбеккерлерінің абыройын асқақтатқан шара ақ дас-тархан басындағы жарасымды басқосумен түйінделді.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.