22 желтоқсан күні Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің кіші залында «Жаңа Қазақстан жастары» атты жастар форумы өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Алижан Артықбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Рахымбаев қатысты. Сондай – ақ ауданның түкпір-түкпірінен белсенді жастар мен жастар саясаты мамандары, спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, еріктілер, «Жасыл ел» жауынгерлері, полиция қызметкерлері, энергетика саласының мамандары, кәсіпкерлер және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері басқосты.
Форум өңіріміздегі жастар саясаты саласындағы жұмыстарды айқын көрсететін тақырыптық бейнероликпен басталды. Одан әрі аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы сөз сөйледі. Өз сөзінде ол жастардың аудан дамуындағы рөлін атап өтті. Аудан басшысы жас мамандарға жасалып жатқан қолдаулар мен оның аясында атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға да кеңінен тоқталды.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлы сөз сөйледі. Ол сондай-ақ жастардың қоғам өміріндегі ерекше маңызы туралы айтты. Сонымен қатар, баяндамада қазіргі жастардың мәселелері қозғалды. Біріншіден, жастардың қоғам өмірінің түрлі салаларында табысқа жетуі үшін қажырлы еңбектің маңыздылығы атап өтілді. Өйткені, олардың әлеуетін, әсіресе, ауылдық жерлерде дамытуға жағдай жасалып жатыр. Екіншіден, патриотизм мен патриоттық тәрбие туралы айтылды, оны одан әрі күшейту керек. Өскелең ұрпақ өз елінің тарихын есте сақтап, жауапкершілікті толық түсініп, өз отбасына, қоршаған ортаға, тұтастай алғанда кіші Отанға қамқорлық жасап, сол арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Сөз соңында Сләмбек аға Көкпекті ауданының ұл-қыздарының түрлі салалардағы жетістіктеріне тоқталып, оларға табыс тіледі.
Осыдан кейін әр түрлі саланың жас мамандары сөз сөйлеп, өздері жайлы және жұмыстары туралы қысқаша айтып берді.
Жастар аудан басшысына өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Мысалы, аудан орталығында жаттығу залын ашу, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысуға квоталар санын ұлғайту, жастардың қатысуымен көбірек іс-шаралар өткізу сынды тақырыптар көтерілді. Барлық айтылған сұрақтар мен ұсыныстар хаттамаланды, олар бойынша тиісті бөлімдер мен мекемелер жұмыс жүргізетін болады.
Іс-шара жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін жастарды марапаттау рәсімімен аяқталды. Әр саланың үздіктері аталып, аудан әкімінің "Алғыс хаты" табысталды.
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ҮЗДІК ЖАСТАР
«Жылдың үздік жас спортшысы» - Маратов Бексұлтан
«Жылдың мәдениет саласының үздік жас маманы» - Бекмұхамбетов Ернат
«Жылдың үздік жас медицина қызметкері» - Жұмажанов Қуаныш
«Жылдың үздік жас педагогы» - Дүйсешова Жансая
«Жылдың үздік жас еріктісі» - Калибасов Арман
«Жасыл ел» жасағының «Жылдың үздік жас жауынгері» - Мусенова Арайлым
«Полиция бөлімінің үздік жас қызметкері» - Өмірзақов Жасұлан
«Энергетика саласының үздік жас қызметкері»- Ташубаев Марат
«Жылдың үздік жас кәсіпкері» - Серіков Заңғар
«Төтенше жағдайлар бөлімінің үздік жас маманы» - Алтаев Диас
«Жылдың үздік жас хореографы» - Оспанова Нарқыз
«Жылдың үздік жас журналисті» - Гармашова Виктория
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.