Бүгінгі күннің басты талабы – билік бұқараға жақын болуы керек. Мемлекеттік қызметшілер алдына келген тұрғынның мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев 18 шілде күні «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын басшылыққа ала отырып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Аптаның алғашқы күні жеке қабылдауға келген тұрғындар ауыз су құбырын баспанаға кіргізу, әлеуметтік баспана кезегі, атаулы әлеуметтік көмек алу, кәсібін дамытуға жеңілдікпен несие рәсімдеу жөнінде сөз қозғады.
Көкпекті тұрғыны, зейнеткер Дәметкен Жабаева аудан басшысына 1 аптаға жуық уақыт ауыз сусыз отырғанына шағымданды. Дәметкен апаның айтуы бойынша аймақтық электр желісі қызметкерлері үйдің жанына бағана орнату барысында су құбыры желісін бұзған. Соның салдарынан қарт ана аптаға жуық уақыт сусыз қалған. Енді электр жарығын да өшіріп қойды деп мұңын айтты.
Аудан әкімі орынбасары Жасұлан Майкенов пен коммуналды шаруашылыққа шұғыл іске кірісіп, Дәметкен апаның мәселесін оңды шешіп беруді тапсырды. Электр желілері басшысымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде түйінді мәселе 1-2 күнде шешілетін болды.
Осыған ұқсас мәселені ауыл тұрғыны Күлаш апай да көтерді. Су құбыры желілерін тартқан құрылысшылар тұрғынның үйіне кіретін су құбырын қате орналастырған. Сол себепті жаңа су құбырын пайдалану мүмкін емес. Бұл мәселе шешу де аудан әкімінің орынбасары мен тұрғын үй, коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне жүктелді.
Баспана сұрап келген Светлана Әшімқызына тұрғын үй алудың заңды тәртіптері түсіндірілді. Шәріптоғай ауылының тұрғыны Кенже Сарымсақова құс өсірумен айналысады. Көпбалалы ана кәсібін дамытуға жергілікті билік тарапынан қандай көмек болатынын сұрады. Аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын қолдау шаралары туралы түсініктеме беріп, кәсібін жүргізуге жеңілдетілген несие рәсімдеуді ұсынды.
- Ешкім де бізден аспандағы айды алып бер деп сұрап отырған жоқ. Мемлекет қолдауына мұқтаж болған соң қабылдауға келеді. Сондықтан да тұрғындар өтінішін орындауда жауапкершілікті сезіну керек. Әрбір тұрғынның өтініші ескерусіз қалмасын. Орындалуын қатаң бақылауда ұстайтын боламын, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Қабылдау соңында аудан әкімі жауапты орынбасарлары мен дербес бөлім басшыларына тұрғындар мәселесін шешу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.