Үлгілімалшы ауылына 1962 жылы мамыр айында ат басын тіреп, керуенін тоқтатып, теңін шешіп, үйін тіккен Тарғыбатайдың арғы бетінен келген қандастарымыздың бірі Шөмшекұлы Сыдық атаның әулеті болатын. Шекарадан аса сала әркімді әр тарапқа бөлгенде осы жанұяға Семей облысы Көкпекті ауданы Үлгілімалшы ауылының дәмі мен топырағы бұйырыпты. Бүгінде сол кезде 18 жаста келген Сәбит Шөмшеков тірі болғанда 78 жасқа келер еді. Сәбең журналистикада қырық жылдай қалам сілтеген Қазақстанға әйгілі журналист. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағындай «Семей таңы» газетінің меншікті тілшісі болуы да көп жайттан хабар береді. Ендеше ардақты ағамыздың Көкпекті ауданында жасалған салтанатты кешіне ауыссақ.
Сәбит Шөмшековтің әдеби-журналистикалық мұраларын аудан тұрғындары арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл шара Сәбеңнің рухани замандас-ұстазы Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.
Жиналысқа аудан әкімі Раджан Сейтқанов, Көкпекті ауданының құрметті азаматы Мұқан Ағзамов, қоғам қайраткері Серікқазы Садуақасов, Сәбит Шөмшековтің жары, кеудесінде Үржар ауданының 90 жылдық, Әсет Найманбаевтың 150 жылдық медальдары жарқыраған Меңзифа Шөмшекова, Сәбеңнің ұрпақтары мен туыстары, ауданның сыйлы ақсақалдары, замандастары, жергілікті ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Армысыздар, бүгінгі Сәбит Шөмшековтың шығармашылығына арналған әдеби кешке жиналған құрметті зиялы қауым! Сіздер жерлесіміз, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Сәбит Шөмшековты еске алып, ардақтауға қош келдіңіздер», - деп шараның бастауына аудан әкімі леп берісімен, елімізге әйгілі айтыскер ақын Фархат Маратұлы Сәбит Шөмшековке арнауын айтты.
Сәбит Сыдықұлы еңбек жолын Көкпекті аудандық "Жұлдыз" газетінде бастағанда жанында болған замандастары, Қазақстанға әйгілі алып тұлғалар Мұрат Қалматаев, Қалихан Алтынбаев, Тұрсын Жабаев, Қажет Сатыбалдин, Виктор Тупицындер еді. Бүгін аға туралы естеліктерге кезек беріп, естеліктерді Мұқан Ағзамов, қоғам қайраткері Серікқазы Садуақасов, жазушы Бейсен Ақанов, мемлекеттік қызмет ардагері Клара Смаилова айтты. Сәбит Шөмшековтің өмірі мен қызметі туралы журналист, өлкетанушы Қайрат Малгаждаров баяндап берді.
- Сәбит Шөмшеков Үлгілімалшы ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінде әдеби қызметкер ретінде еңбек жолын бастаған. Әскери борышын Карелияда атқарған Сәбең сол заманғы жастардың көшбасы алдында болады. Тіпті Қытайдан келе салып, 20 күнде трактордың оқуын оқып біліп, атақты Еңбек ері Назкең (Сәбит ата өзі солай атап кетіпті) Назарбек Саяхимов басқарған кеңшардың тракторына мініп, ауыл шаруашылығы жұмыстарына да араласып кетеді. Назарбек Саяхимовтың алтын жұлдызды кеудесіндегі мейірімді кең жүрегі талай қазаққа жылу беріп, мейірін төккен еді. Сол ағалық қамқорлықты көрген біздің журналист Сәбит Шөмшеков болатын.
Сонымен қатар Мұрат Қалматаев та еңбек жолының бастауынан бастап, әбден аяққа тұрып сақайғанша өз назарында ұстаған азаматтардың бірі осы Сәбең еді.
Ел ағылып, арғы бет пен бергі бет қосылғанда қазақ қоғамына жаңа леп, жаңа толқын қосылды. Әдебиет, ағарту саласында классик жазушы Қабдеш Жұмаділ, Несіпбек Айтұлы, Жәркен Бөдеш келсе солардың қатарында інілі-ағалы болып Сәбит Шөмшеков те тұрды.
Қалихан Алтынбаевтың ақындық журналистік мек-тебін көрген Сәбең, сол кездегі замандастары Мұха-метсадық Әңкебаев, Нәкен Серікбаев, Виктор Тупицын, Болат Юсуповтар мен бірге шығармашылықтың болатын қорытып, көрігін қыздырып, балғасын соқты.
Сәбеңнің сол заманда орыс тілінен аударуда қазақы тілмен мәнерлеуі тіпті ерекше болатын. Орыстың «превосходить» деген сөзін – көркем аударғанда «бір тон, бір кілем артық» депті, «дорогу осилить идущий» деген тіркесті «жолды жүрген өндіреді» деп бірақ қайырыпты. Сәбеңнің осындай тапқырлығы тілімізге кірме сөздерді бейімдеп кезінде аталарымыз қол-данған атауларды пайдаланып отыру әр мақаласында, кез келген очеркінде кездеседі. Ел жылмасын, жұрт шежіресін, халық тарихын күнделікті хатқа қалтырушы журналист жазушы болса, соны өрнектеп, оқуға жеңіл, түсінуге оңай етіп жазғандардың бірі осы Сәбит Шөмшеков. Сәбиттің тілі, Сәбиттің стилі, Сәбиттің жазу мәнері жеке қалыптасқан мектеп. «Семей таңының» шыққан нөмірінен Шөмшеков не жазыпты деп іздейтін де күндер болғанын аға журналистерден естідік. Журналист Көкпекті, Үржар аудандық газеттерінде басшы қызметтер атқарады. Семей таңы газетінің меншікті тілшісі болады. «Ақтаңгер азамат», «Алтын діңгек», «Бедеу бесік», «Өскен өркен», «Өмір өзен», «Өмір Өрнектері» атты кітаптардың авторы. «Көкпекті көктемім менің» - бұл автордың аяқталмаған соңғы шығармасы.
Ауданымыздан шыққан журналистер Мұрат Қалматаев, Тұрсын Жабаев, Марат Манаспаев, одан кейінгі жас буын Анел Есенбердина, Дархан Бердібек, Олжас Сайлаубек бәрі де осы Көкпекті топырағында өніп жеткен азаматтар.
Биылғы жыл Қалихан Алтынбаевтың 95 жылғы мерейтойы мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгін Сәбит Шөмшековтің кеші өтіп жатыр. Ендеше дүние көшінен Көкпекті елі қалмай, сол керуеннін жүгі аумаған, малы шашылмаған, шашауы шықпаған етіп басқарып келе жатқан басшысы Раджан Сейтқанов. Бүгінгі салтанатты шараны да өткізуді қадағалап, қосшыларына атқартып, ұйымдастырғанына мың алғыс.
Ал енді Сәбем ұрпақтары әкелеріңді ел ардақтайды, жұрт біледі. Сендер әкелеріңмен мақтанып өздерінің де жақсы аттарынды шығарыңдар. Аяулым Сәбитқызы шығарған «Есімі ел есінде» атты өмірбаяндық кітапта журналист ағамыздың өмір жолы толық қамтылған. Қашанда ел туралы, өзге жайында жазатын қаламгерлердің өміріне арналған ерекше туынды десе болады. Кезінде үзеңгілес болған Рысхан Мусин, Риза Молдашова, Мұрат Қалматаев, Қалихан Алтынбаев қатарындағы ағалардың жылы лебіздерін осы кітаптың бетінде келтірілген екен.
Сәбит Сыдықұлының өмірбаяндық повесті «Көкпекті көктемім менің» аяқталмай қалып еді. Сүйген жары Меңзифа Шөмшекованың ұсынысымен осы шығарма жарық көріп отыр. Ендеше кітаптың тұсауы кесіліп Көкпекті ауданының оқырмандарына ұсынылды. Артынан Меңзифа Сағадоллақызы төркінінен ала келген үржарлық елдің дастарханынан дәм таттырып, келелі отырыс, салиқалы мәжіліс болды.
Сәбит Шөмшеков аталарының кешінде Оқушылар шығармашылық сарайының Абай әлемі клубының (жетекшілері Архат Қабден, Клара Туенбаева) оқушылары Сабина Пиктарова, Төлеуғазы Нұрсұлтан, Жаңыл Беден «Журналист қайда жүрмейді» деген өлеңін оқып берді.
Қайрат Бесбайыс
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.