Ауыл әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері Көкпекті ауданында 17 ақпан күні басталды. Бұл күні Шұғылбай, Теректі және Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округ әкімдері халық алдында атқарылған жұмыстардың есебін беріп, жоспарланған жобалармен таныстырды. Есептік кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сарманов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин, аппарат басшысы Талант Бақытбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары Владимир Виничук, Гүлназ Нұрғалиева және Гүлнұр Садыкова қатысты.
Ауылды сақтап тұрамыз десек...
Шалғайдағы шағын ауыл Шұғылбайдағы кездесу сұрақ-жауап форматында өрбіді. Ауылдық округ әкімі Ержан Күзембаевтың есептік баяндамасы аудандық газетте жарияланған. Слайдта көрсетілген нақты ақпараттарды, қордаланған мәселелер мен олардың шешу жолдарын атап керсету арқылы ықшам да түсінікті есеп берген округ әкімінің сөзін тұрғындар асқан ықыласпен тындап отырды. Баяндама аяқталған соң кездесуге келген әрбір тұрғын өзін толғандырған мәселесін көтеруге, пікірі мен ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алды.
Тұрғындар көтерген негізгі мәселелер жайылым және шабындық жер телімін алу, апаттық жағдайда тұрған ауыл клубын жөндеу, кітапханаға ғимарат беру, медициналық қызмет көрсету, мал сою алаңының жұмысын жандандыру төңірігінде тарқатылды.
Ауыл тұрғыны Шәкен Байжакупова интернет жылдамдығы төмен деген шағым айтып, әкімшілік тарапынан «Қазақтелекомға» қызмет көрсету сапасын арттыру туралы талап қойылса деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ, Шұғылбай ауылында электр жарығы жиі өшіріледі және ешбір ескерту жасалмайды екен. Бұл мәселе бойынша ауылдық округ әкімі Ержан Күзембаев жуап берді. Ауыл әкімінің сөз бойынша қазіргі уақытта «4G» байланыс жүйесіне қосылу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байланыс операторы тарапынан антенна орнатылып қойған. Бүгінгі күні рұқсаттама құжаттары рәсімделуде. Ақпан айының соңына дейін «4G» байланысы қосылса жылдамдық артады деп күтілуде.
Жастар атынын сөз алған Бақытжан Мұқатаев ауылда қордаланып қалған біршама мәселені тілге тиек етті.
- Шұғылбай сияқты шағын ауылдарды сақтап тұрамыз десек бірінші кезекте халық тұрақтау үшін жағдай жасау керек. "Шұғылбай - болашағы жоқ ауыл" дегенге сенбейміз. Мемлекет тарапынан әртүрлі жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың орнымен жұмсалуына, әр жобаны жүзеге асырушы мердігер ұйымдардың жұмысты сапалы атқаруына талап қойылуы керек, - деді ауыл тұрғыны.
Бақытжанның «Шұғылбай сынды шағын ауылдарды сақтап қалу, халықты тұрақтандыру туралы нақты дамыту жоспарларыңыз бар ма?» деген сұрағы есептік кездесу барысында жауапсыз қалды.
Қалған сұрақтар бойынша ауыл әкімі нақты жауаптар беріп, жүзеге асырылу барысы үнемі тұрғындарға хабарланып отыратынын жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин кездесуде көтерілген сұрақтардың барлығы бақылауға алынып, кейбірінің оң шешімін табуына тікелей атсалысамын деп уәде етті. Мектеп ғимаратының қолданылмай тұрған бөлігін клуб және кітапхана орналастыруға беру туралы облыстық білім беру басқармасымен келесім жасалмақ.
Ауыз судың тұзы көп, Тәлмеңкенің суы аз
Теректі ауылдық округіндегі ауыл әкімінің кездесуіне келген тұрғындар қарасы көп болды. Ежелден түтіні түзу, тірлігі тиянақты Теректі ауылындағы есептік кездесу барысында жұртшылық кезекпен көкейіндегі сұрағын қойып, оларға берілген орнықты жауаптарға көңіл толтырды.
Ауылдық округ әкімі Талғат Шаймарданов есептік баяндамасын слайдпен әрлеп, әр сөзін нақты деректермен шегелеп отырды. Атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ағымдағы жылы қолға алынатын жобалармен бөлісті. Бүгінгі есептік кездесуде айтылатын ұсыныстар мен өтініш-арыздарды да назардан тыс қалдырмайтынын айтты.
Түтіні түзі десек те түйінді мәселе, қордаланған сұрақтар баршылық екен Теректіде. Соның ең бір маңыздысы халық пайдаланып отырған ауыз су соңғы уақытта тұзданып кеткен. Тұзы көп суды пайдалану адам ағзасына зиян келтіретіні баршаға аян. Ауыз су мәселесін көтерген ауыл азаматы Жәнібек Даярбеков су құбыры желісін тартқан мердігер ұйым қазылған ордың орнын тегістеп, құлаған құдықтарды қайта тұрғызуға кепілдік бергенін айтады. Бүгінгі күні су тарту кезінде қазылған шұңқырлар опырылып, құдықтар құлағалы тұр екен. Су құбыры желісінің басындағы су сорғыш мотордың бірі істен шыққан. Ауыл тұрғындары соңғы уақытта ішіп жүрген ауыз судың тұзы көбейгенін байқаған.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин шұғыл шара қабылдау туралы нақты тапсырма берді. Тұрғын үй, коммуналды шаруашылығы, автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Рахат Әбуғалиге 3 күннің ішінде комиссия құрып, арнайы мамандарды тарта отырып, судың тұздану себебін анықтауды міндеттеді. Комиссия жұмысының қорытындысы Теректі тұрғындарына міндетті түрде хабарланады.
Тәлмеңке өзенінде судың тартылып, Теректіге жетпей жатқанын айтқан Шаймұрат Баяхметов есімді тұрғын шұғыл шара қабылдауға шақырды.
- Тәлмеңке өзенінің суын барлық ауылдар ортақ пайдалану мәселесін реттеу өте маңызды. Себебі өзеннің бойындағы Үкіліқыз, Черноярка, Ақой, Үлкенбөкен, Преображенка ауылдарының шаруа қожалықтары суармалы жерлеріне өзен арнасын бұрып алады. Теректі мен Қызылжұлдыз, Өрнек ауылдарына жазғы уақытта өзен суының жетпей жатқанының басты себебі осы. Ауылымыздың әкімі былтырғы жылдың өзінде 6-7 рет арнайы трактор жалдап, судың арнасын бұрып берді. Бірақ бұлай жалғаса беретін болса үлкен дау туындайды. Ел арасында шу шығады. Осы мәселені аудан тарапынан мамандар реттеп берсін деген өтінішіміз бар, - деді ауыл тұрғыны.
Өзен суын жалпыға ортақ ретпен пайдалану туралы «КазВодХоз» ұйымына және Төтенше жағдайлар бөліміне тапсырма берілетін болды. Сондай-ақ, есептік кездесу барысында Қасым Амаанжолов көшесіне жарық шамдарын орнату, интернет жылдамдығын арттыру, есепте тұрған адамдарға тегін дәрі-дәрмек беру сұрақтары көтерілді.
Жас мамандарға жаңа баспана қажет
Қойгелді ауылдық округіндегі есептік кездесу мәдениет үйінің ғимаратында өткізілді. Халық алдындағы есептік кездесуге жақында тағайындалған Көкпекті ауданының прокуроры Олжас Нұрланұлы Қалматаев арнайы қатысып отырды.
Ауылдық округ әкімі Ерлан Ниязбаевтың мазмұнды баяндамасын мұқият тындаған тұрғындар жұмыс нәтижесіне оң бағаларын берді. Сұрақ-жауап бөлімінде әрбір тұрғын көкейінде жүрген мәселесін ортаға салуға мүмкіндік алды.
Кездесуде көтерілген басты мәселе – ауылға келетін жас мамандарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету. Құқыққорғау органдарының ардагері Иван Новиков және «Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгелдин бүгінгі күні ауылды дамытудың басты шарты жас мамандарды тарту, оларды жергілікті жерде тұрақтандыру екенін атап өтті. Ержан Тұрсынханұлы Көкпекті ауданында халық саны бойынша аудан орталығы мен Самардан кейінгі орындағы елді мекен Преображенкада жаңадан тұрғын үй салу маңыздылығына ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығының мамандары, дәрігерлер мен мұғалімдер қажеттілігі бар. Бірақ та оларды ауылға тарту үшін бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин түсініктеме берді. Қазіргі уақытта «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Көкпекті және Самар ауылдарында әлеуметтік баспана салу мүмкіндігі бар. Алайда бұл бағдарлама бойынша басымдық аудан орталығы мен бұрынғы аудан орталықтарына ғана беріліп отыр. Дегенмен қазіргі уақытта «Өрнек» ЖШС жас мамандарға мемлекеттік –жеке меншік серіктестік аясында тұрғын үй салу туралы өтініші облыстық басқармада қарастырылуда.
Сондай-ақ, есептік кездесу барысында Үкіліқыз ауылындағы су тоғанын қалпына келтіру, Предгорное көшесіне тас-құм төсеу, су құбырын тарту жұмыстарынан кейін қазылған көшелерді қалпына келтіру, мәдениет үйіне музыкалық аппаратура сатып алу туралы сұрақтар көтерілді. Барлық сұрақтар бойынша түсініктеме және түбегейлі жауаптар берілді. Орындалу барысы бақылауға алынды.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.