Оң жағында құрылыс, сол жағында құрылыс,
Қызу еңбек қайнаған, бұл не деген құбылыс?!
Алдыңда да құрылыс, артыңда да құрылыс
Әр ауылда жүруде аңыздаған бір ұлы іс.
Арқаның ардагер ақыны Мұрат Жүнісұлының бұл өлең жолдары күн санап көркейген Көкпектінің бүгінгі тіршілігін анық сипаттап тұрғандай. Қай ауылға барсаң да қайнап жатқан қызу еңбекті көресіз. Барлық ел еңбекке жұмылған. Келген күннен «Көкпекті даму жолына түсу керек» деген нақты бағыт-бағдар ұстанып, осы жолда елді ортақ мүддеге жұмылдырған аудан басшысы Асхат Смаиловтың бастамасы халықтың шынайы қолдауына ие болғаны көрер көзге көрініп тұр.
Көше бойы жұмыстан бас алмай, өткен-кеткен кісіге назарын да салмайтын «Комхоздың жігіттеріне» көз үйреніп алды. Құрылыс маңында тұнып тұрған техника әркімді де еріксіз «бәрекелді» дегізеді. Ауылдардың ажары ашылып, жолдардың ой-шұңқыры бүтінделді. Түрлі жобалар енгізіліп, ауылдар етек жеңін жинап қалды. Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы әр шаруаның басы-қасында болып, әр жобаның сәтті жүзеге асуына тікелей бақылау жасауда.
«Ауған соғысы жауынгерлері» стадионы
Аудан орталығының «Заречка» аумағындағы ескерусіз тұрған «Ауған соғысы жауынгерлері» мемориалы бұрынғы «Дорожник» стадионына көшірілді. Халық «Дорожник» деп атап кеткен спорт алаңының атымен бірге «заты» да өзгерді. Мағжан Жұмабаев көшесінен асфальт жол тартылып, көлік тұрағы жасалды. Көрермендерге арналған 500 орындық алыстан «мең мұңдалап» көз тартады. Футбол алаңының сыртынан жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолы, стадион аумағына жарық шамдары орнатылды. Өткен жылы егілген шыршаларды суғару және басқа да абаттандыру жұмыстарына деп 2 құдық қазылуда. Таяу күндері футбол алаңының жасанды жабындысы да төселмек. Сонымен бірге, стадион аумағында волейбол және баскетбол алаңдары, «Street Workout» жаттығу кешені болмақ. Нысанға жауапты болып, шаруаға бас-көз болып жүрген спорт бөлімінің басшысы Ержан Кәрібаевқа жұмысты уақытында әрі сапалы жүргізу тапсырылды. Бір қызығы бұрынғы «дорожниктің» жаңарту жұмыстарын Гүлназ Нұрғалиева басқаратын жолшылар ұйымы жүргізуде. Іскер қабілетімен танымал Гүлназдың «Көкпекті жолдары» ұйымы Құдайберген Нұрғалиев атындағы көшені меншік қаражатына толық абаттандырып жатқанын атап өткен жөн. Көшеде бой көтерген жаңа саябақ та кәсіпкердің туған жеріне деген сүйіспеншілігінің жемісі деуге әбден лайық.
Орталық алаңға ұласатын «Ұлы дала елі» көшесін абаттандыру шаралары жоспарланды. Әуезов көшесіндегі қиылыспен тұйықталып, Маяковский көшесіне дейінгі жолда мүлдем қырылмаған, асфальт төселмеген аралық жөнделетін болды. «Белгісіз себептермен» жолдың қақ ортасына орнатылған электр бағанының орнын ауыстыру туралы АЭЖ басшылығымен келісім жасалды. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, көлік және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жылқышевқа көше басындағы 1-ші үйге дейін жол салып, асфальт төсеу туралы шұғыл ұсыныс енгізу тапсырылды.
Жұмыстың сапалы болуы – бақылаудан
Биғаш, Үлгілімалшы, Көкжайық және Тассай ауылдарына жұмыс сапарының барысында аудан әкімі Асхат Смаилов әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға баса назар аударды.
Биғаш ауылындағы білім ордасының шатырын жөндеу жұмыстарын «Касенов Мәлік» ЖК жүргізуде. Бюджет қаражатынан бөлінген 22 миллион теңгені тиімді игеру үшін білім беру бөлімінің басшысы Шолпан Мұстафинова мен мектеп директорының міндетін атқарушы Нұрлан Мақановқа бақылауды күшейту қажеттігі ескертілді. Қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанымен кейбір кемшіліктер бар. Жергілікті табиғат ерекшеліктері ескеріліп, әр шегенің қалай қағылғанына дейін қатаң бақылау жүргізілуі керек. Жұмыс сапырының барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыр Сембаев ауылда дәрігер маманы жетіспеу мәселесін көтерді. Бұл мәселені шешу ауыл әкімі Жарқын Бауедимовке жүктелді.
Жыл сайынғы аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде Үлгілмалшы ауылының тұрғындары мәдениет үйін іске қосу туралы өтініштерін айтқан. Биылғы жылы мемлекеттік бюджеттен 59 миллион 625 мың теңге қаражат бөлініп, мердігер ұйым анықталды. 17 маусым күні жұмыс сапарымен ауылға барған аудан әкімі Асхат Смаилов мердігермен кездесіп, жұмыс көлемін нақтылады. 20 жыл бойына бос тұрған мәдениет ошағының жөндеу жұмыстарына жауапты «Айзат Құрылыс» ЖШС басшысы Дәулет Төлеубеков пен тапсырыс беруіші мекеме мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев ауыл ақсақалдарын жоспармен таныстырды. «Үлгілім – жыр гүлім» деп төгіле жырлаған Төки ақынның ауылындағы мәдениет саласы қайта түлейтін уақыт та жетті. Өнерлі өрендері өлеңмен өрнектеген ауылдың тіршілігі түзелді деген осы.
Көкжайық және Тассай ауылдарында қатты желдің салдарынан шатыры ұшқан нысандарда жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстары қаралды.
Ынтымақты ауылдың ырысы артады
Халық ең көп қоныстанған Самар ауылы бүгінде жұрт қызыға қарайтын мекенге айналып келеді. Жергілікті қоғамдастық мүшелерімен кездесу барысында аудан әкімі Асхат Смаилов алдағы уақытта қолға алынатын жобаларды тілге тиек етті. Ауылға кіреберістегі арканың жаңа нұсқасы талқыланды. Ой алмасу нәтижесінде ең бастысы сапалы әрі көрікті болуы керек деген байлам жасалды. Бұл байлам жеке меншік қаражаты есебінен салынатын тұрғын үйлердің құрылысына де қатысты. «Найман Құрылыс» ЖШС басшысы Марат Қожамжаров бес 2 пәтерлік тұрғын үй салу жобасын таныстырды. Өз кезегінде қоғамдастық мүшелері құрылыс барысына жергілікті атқарушы билік тарапынан бақылауды қамтамасыз етуді сұрады.
– Самарда тұрғын үй салу мәселесінің шешіліп жатқаны өте маңызды деп білемін. Бірақ бірінші кезекте құрылыстың сапалы әрі жан-жақты ойластырылған болуы шарт. Бұл жоба сәтті жүзеге асатын болса самарлықтар үшін үлкен қуаныш болады, - дейді жергілікті қоғамдастық төрағасы Ержан Қабдуалиұлы.
Құрылыс бөлімінің басшысы Талант Бақытбекұлына инвестиция салушы компаниямен бірлесіп, ауыл ішінен барлық инфрақұрылысы жеткізілген жер телімін қарастыру міндеттелді.
Самар ауылдық округінің әкімі Ахмет Күдербаевтың абаттандыру жұмыстарына барлық мекеме мен ұжымдарды жұмылдыру нәтижесі көшелердегі тазалықтан-ақ көрініп тұр. Орталық Абай алаңынан өрбіген жұмыс әрбір көшеге ұласып, тұтас ауылдың көлемін қамтып жатыр. Ынтымақты ауылдың ырысы артып, көркі күн санап кіріп келе жатқаны тайға таңба басқандай.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.