Асхат Сайдахметұлы Смаиловтың ауданымызға әкім болып тағайындалғанына 100 күн өтті. «Үш айдың жүзінде не атқарылды, қандай шаруа жоспарланбақ, нендей іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы өткен қысқа мерзімде әкім нені анықтады, қандай жағдайды бажайлады, болашаққа нені меңзеп барады» - деген сауал, елім-жерім деген әрбір азаматтың көкейінде, әр азаматшаның жүрегінде болар деп сенеміз. Бізде осы сұрағымызбен Көкпекті ауданы әкімінің қабылдауында болған едік.
- Асхат Сайдахметұлы, аудан әкімі ретінде алғашқы жұмыс күндеріңіз неден бас-талды?
- Мен ауданға келе салысымен ауданның ауылдық округтерін аралап, тұрғындардың жағдайымен танысудан бастадым. Кейбір ауылдардың мәселелерін шешу үшін оларға екі-үш мәрте баруға да тура келді. Сонда бірінші байқағаным, ауданның мемлекеттік мекемелерінің дүниелері – теңгерімде тұрған клуб ғимараттары, мектептің үйлері, қызметтік пәтерлер, бұрынғы балалар лагері қаңырап бос жатыр. Кейбіреуінің қирандысы ғана қалуға таяған екен. Бірінші кезекте – салалық бөлімдер бойынша мемлекет мүлкін түгендеуді мақсат еттім. Мұндағы тізімге 44 елдімекен арасындағы аудандық маңызы бар жолдар, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер суғаруға арналған каналдар, тоғандардың иесіз қалғандарының барлығы кіреді. Сонымен бірінші мақсат қайталап айтқанда – мемлекет мүлкін түгендеу, бүлініп, қираудан сақтау. Талан-таражға түсірмеу.
Үнемшілдік - басты міндет
- Үнемшілдік – қазымырлық емес. Үнемшілдік адам бойындағы жақсы қасиет. Не нәрсені де атам қазақтай үнемдеп ұстасақ, байлыққа кенелеміз. Табиғат байлығында, жер байлығында, тіпті өзінің тапқан табысыңды да үнемдеп ұстау – мінез-құлқыңды тәртіпке келтіреді. Ең бастысы өзгені де, өзіңді де сыйлау - басқаның уақытын үнемдеуден басталады. Екінші мәселе – аудан бюджетін толтыру үшін жан-жақты, қажетілігінше үнемдеуге көшу. Бір ғана мысал – Көкпекті ауылындағы Абай–Абылайхан көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмыстары. Егер оны аудан мекемелерінің емес, басқа шет мекемелерден мамандар келіп жөндесе, ондаған миллиондаған теңге шығын шығар еді. Ал жергілікті мекеме үш есе арзан, сапалы жұмыс жүргізіп жатыр. Төбесінен тамшы тамып, су өткен Преображенка, Биғаш, Аққала мектептерінің шатырын жөндеу жұмыстарын да осылай қолға алып, аудандық бюджеттің қаржысын үнемдеп, нақты кажет еткен салаларына жұмсауды жолға қойдық. Тағы бір мысал – Шәріптоғай негізгі мектебінің жылыту жүйесін оңтайландыру. Жылыту қазандығы сұйық отынға арналған екен. Маусымына шығыны орта есеппен 5-6 миллион теңге. Ал енді соны қатты отын-көмірмен жағып жылыту 2 есе арзан, үнемделетіні - 4 миллион бюджет қаржысы.
Таза ауыз су мәселесі
Қызметке тағайындалғаннан кейін, облыс басшынан алған бірінші тапсырмам – Көкпекті ауданындағы ауыз су мәселесін түбегейлі шешу болды. Ауыз су мәселесіне келгенде қарапайым жұрттың – «ағып жатқан өзен, тұнып тұрған бас-тау барда, қазулы құдығым тұрғанда мен суды не қыламын» - дегендері шығуы мүмкін. Таза ауыз су ол тұрғын үйге дейін құбырмен келеді. Ішуге жарамдылығы, тазалығы, сапасы жүйелі түрде тексеріліп тұрады. Бұл судың жеткізілуіне, сапасына белгілі бір мекеме жауап береді. Ал техникалық, ауылшаруашылық қажеттілікке өзен, бастау, құдық суларын пайдалана беруге болады. Қазіргі күнде аудан бойынша тек кана Тассай ауылындағы су құбыры тұрғындарға лайықты қызмет көрсетіп тұр. Түтін саны 20-30 үйге жетпейтін шағын ауылдарға қарапайым су таратқыш павильондар қою жоспарланды. Бұл пилоттық жоба ретінде Ажа, Көкжота ауылдарында биылғы жылы іске қосылады. Сонда таза ауыз сумен аудан көлемінде 12 елдімекен қамтылмақ.
Су да байлықтың көзі
Көкпекті ауданы территориясынан ағатын Көкпекті, Кіндікті, Шегелек, Үлкен және Кіші Бөкен, Тентек, Еспе, Құлынжон, Лайлы, Қайыңды өзендері жазғытұрым қарғын судың 30 миллион текше метрін Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына құяды. «Әне тасыды, міне бұзды» - деп елді үркітіп, жұртты шулатады. Атам заманында салынған тоғандар мен арналар пайдаланбағаннан кейін ескіріп тозған. Елдімекендерге қауіп туғызатын да сол гидроқұрылғылар. Олардың иесін анықтап, арналарын түзетіп, бір жүйеге келтіріп отырса, егістік, жайылымдық, шабындық, бақшалық жерлерді суландыруға пайдаланса - пайдасы шаш етектен болар еді. Сол пайда аудан бюджеті қорына түскен салық ретінде де ел игілігіне жарар еді. Тағы бір айта кетер жайт – жайлау, қыстаулардағы жайылымдық жерлерді суландыру бойынша мемлекеттік бағдарламаны пайдалану. Аудан бойынша бұл күнде бірде-бір құдық қазылмаған. Тапсырыс беріп жайылымдығымды суландырамын деген ешқандай тұлғаның өтініш, ниеті болмаған. Көршілес аудандарда жайлау, қыстауларға құдық қаздырып, суландыру ерекше белсенділікпен атқарылып жатқанын көзіміз көріп жүр.
Бұл саланың жұмысы шаруа қожалықтарының, аграрлық кәсіпкерлердің, жергілікті атқарушы биліктің бірлесіп әрекет етіп, жетер жетістігі болса керек.
Спорт, мәдениет, өнер
Бір ғана спортшының жеңісі дүйім елдің даңқын асырады, қалың жұрттың мерейін үстем етеді, әлемге танытады. Аудан спортына көңіл бөлгенде – «Ат спортының, күрес пен таэкводоның дамуына, волейболдың өркендеуіне баса назар аудару керек» - деп, бөле-жармау керек. Бірінші нәтижеге жұмыс істеу керек. Көкжота ауылында ашылған ат спорты мектебі: ат спортына байланысты бар саланы қамту керек. Таспа тіліп - қамшы өргенді, арқан есіп - шылбыр байлағанды, таға соғып - ат тағалағанды да үйретер - өмір мектебі болуы шарт. Алдағы уақытта мұндай мектепті Көкпекті ауылында ашу ойыма алған іс.
Самар ауылы мен Көкпекті ауылының адал бәсекелестігін тудыратын ол өнер. Сондықтан балалардың өнер мектебін екі ауылда да аштық. Енді саз мектептерін жеке құруды жоспарлау үстіндеміз. Сонымен қатар, екі ауылдың Мәдениет үйлерініңде бюджеттерін саралап, «қай жақта қандай нәтиже бар, қай ауылдың әртістері халыққа жақсы қызмет көрсетеді, байқауларға қатысып жүлде алды ма» - деген критерийлерге қараймыз. Кітапханалардың қызметі де кітабының саны емес оқырманының келуіне, қызмет алушыларға көрсеткен қызмет сапасына, халықтың пікіріне қарай бағамдаймыз.
Көкпектіні көркейтер жоба
Әрбір елді мекеннің мәдени орталығы, тұрғындарының сүйікті демалыс орындары болатыны сөзсіз. Аудан орталығы тұрғындарының орталық Даңқ аллеясынан басқа барар жері болмағаны мыңдаған тұрғыны бар, екі жүз жылдан аса тарихы бар мекеніміз үшін келіспейтін жағдай екен. Осыны ескере отырып Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі, ауылдық округ әкімшілік ғимараты, Астана көшесі, мұражай үйі бәрін біріктіретін – «Астана алаңын» жасақтауды қолға алып жатырмыз. «Бітер іске өз үлесімді қосам, аудан орталығын көркейтуге атсалысамын» - деген белсенді азаматтар болса қуана қолдаймыз. Бұл орын Көкпекті ауылының қала болған кезіндегі де орталығы болғанын, тіпті Шәуешек пен Өскеменді, Семейді жалғап жатқан сауда жолының солтүстік қанаты болғанын біреу білер, біреу білмес. Біздің Көкпектіні көркейтер жобамыз осы –«Астана алаңын» салумен бітпейді. Әрбір мемлекеттік мекеме өзінің ғимаратын, жапсарлас көше территориясын гүлдендіріп, көркейтіп отыруы міндеттеледі. Осындай жұртқа жағымды, елге пайдалы істен аудан тұрғындары шет қалмас.
Осы өткен 100 күнде айқын мақсатқа бастар жоба-жоспарларымды, аудан тұрғындарының игілігі үшін атқарып жатырмын деген – Асхат Смаилов кім? – деп сұраушыларға айтарым:
- Мен Қызылкесік ауылында көп балалы отбасы Смаилов Сайдахмет ата әулетінде дүниеге келгенмін. Әкеміз 1904 жылы туған, Ұлы Отан соғысында 2 Қызыл жұлдыз орденін алған ардагер. Анам Нағима екеуі 10 бала өсіріп, түгелін оқытып, жоғарғы білім алдырған. Ауылымыздың сыйлы азаматтары болып дүниеден өткен. Көрген-білген тәрбием - алдымдағы ағаларымнан азаматтықты, ерлікті үйренсем, апайларым ұқыптылық пен бауырмалдылықты жаныма сіңірді. Мен он баланың ішінде ұлдың кенжесімін. Бүгінгі күні ел басқарып, халық қамын ойлатын, туған елдің туын көтертер азаматы болсам, ол – ұяда көрген тәрбиемнің арқасы.
Аудан әкімінің 100 күнінің бір ғана парағы міне, осы.
Қайрат БЕСБАЙЫС
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.