Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға  топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.

Бүгінгі әңгімеміз осындай бала бағбанының бірі – Жанғасинова Мейрамгүл Түсіпқызы туралы болмақ. Мейрамгүл Түсіпқызы қазіргі Тарбағатай ауданы Жантікей ауылының тумасы. 1971 жылы Қ.Сәтпаев атындағы мектеп табалдырығын аттаған талапты қыз оқушы кезден-ақ өзінің спортқа жақындығын көрсете бастады. Мейрамгүл Семей қаласында өткен облыстық оқушылар спартакиадасында 800 метр қашықтықты 2,16 секундта жүгіріп өтіп, спорт шеберіне кандидат нормасын орындады. Орта мектепті тәмамдаған соң Ермак қаласындағы физкультура техникумына түскен жас бойжеткен 15 одақтас республика арасында өткен спартакиадаға қатысып, 1500 метр қашықтықта бас бәйгені иеленіп, Павлодар облысының мәртебесін үстем етеді. Сондай-ақ, Львов қаласындағы жоғары әскери училищеде (ЛВВПУ) 6 айлық курстан өткен жас таланттың запастағы офицерлік шені бар. Ұстаздық жолын 1985 жылы Егінбұлақ сегізжылдық мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімдігінен бастаған Мейрамгүл Түсіпқызы 2000 жылдан сол мектептегі мектепалды даярлық тобында тәрбиеші бола жүріп, 1-6 сыныптарға музыка пәнінен сабақ берді және кітапханашы қызметін қоса атқарды.

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. 2004 жылы оның «Қазақстан мектебі» журналында жеке шығармашылығынан «Туған жерге сағыныш», «Тарбағатай таулары» атты өлеңдері жарық көрген. 2005 жылы аймақтық семинарда «Ойын және оның түрлері» баяндамасын жасаса, 2006 жылы «Ауылдың үздік мұғалімі» деп танылып, аудан әкімінің марапатына ие болды. 2007 жылы «Тәрбие құралы» журналында «Анамызға мың алғыс», «Төрт түлік» тақырыптарында сабақтары жарық көрді. 2008 жылы «мектепалды даярлық» журналына «Құстар – біздің досымыз», «Сөз анасы - сәлем» сынды сабақ әзірлемелері жарияланды. Ұстаздардың аудандық тамыз Кеңесінде «Халықтық педагогика – асыл мұра», аудандық педагогикалық оқуларда «6 жасарларды коммуникативтік тұрғыда тәрбиелеу» тақырыптарында баяндамалар жасап өз тәжірибесін ортаға салды. Міне, осылайша ауыл мұғалімі - Мейрамгүл Түсіпқызы өзін ізденіспен жұмыс істейтін, бала жүрегіне жол тауып, жаңашылдықты ұстаздық іс-әрекетіне үнемі енгізе білетін қырларынан көрсетті десек артық емес. 2010 жылы денсаулығына байланысты Алматы қаласындағы емдеу орталығында ем қабылдап, уақытша зейнеткерлікке шықты.

2012 жылы Ауданның білім жүйесінің болашағы жарқын болуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі және жеке адамды қалыптастыруға, сапалы білім алуға жағдай жасаудағы ізденістері мен табыстары үшін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай АББ бөлімінің мақтау грамотасымен марапатталған ұстаз еңбегі лайықты бағасын алды.

Қазіргі күні Мейрамгүл жан жары Қайрат екеуі берекелі отбасында Медет, Әли атты арыстай екі ұл өсіріп отырған бақытты ата-ана. Үлкені Алматыда тұрады, үйленіп екі немере сүйгізіп отыр. Ал, кішісі Семей шаһарындағы педагогикалық колледжде музыка мамандығы бойынша грантта оқиды.

Отбасының ұйытқысы, саналы өмірін өз балаларының тәрбиесі мен шәкірттерінің білімді, тәрбиелі азамат ретінде қалыптасуымен қатар алып жүруге арнаған, өзі спорт шебері Мейрамгүл Түсіпқызын 50 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Сізге шығармашылық табыстар тілей отыра, мықты денсаулық, бала-шағаңыздың ортасында, шәкірттеріңіз үшін шаттанып, бақытты да ұзақ өмір сүруіңізге тілектеспіз.

Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз