Көкпекті ауданында 16 қараша күні белгілі айтыскер ақын, журналист, зерттеуші, тіршілігінде қаншама еңбектерін жарыққа шығарып, ауданның рухани дамуына қомақты үлес қосқан Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығы құрметпен аталып өтілмекші. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ақын рухына тағзым етуге байланысты іс-шаралар легі аудан көлемінде жыл бойы өтіп жатқаны баршаңызға мәлім.
Жарма ауданының тумасы болған Қалихан Қалиасқарұлы 13 жасынан «бала ақын» атанған. Өзінің шығармашылық жолында екі ауданда тел өскен дара тұлғаның соңғы ұрпаққа қалдырған мұрасы мол. Десек те, өлең сөздің бесігінде тербеліп, ұтқыр ойларын қиыннан қиыстыра білген айтыс өнерінің ақтаңгерінің шығармашылығының басым бөлігі көркейген Көкпектісімен тығыз байланысты.
Ол өз шығармашылығына Шығыс Қазақ-станның, көрікті өлке Көкпектінің табиғаты мен жер-суының әсемдігін, Қалба тауларының боз жоталарын, оның жан-жануарлары мен өсімдіктер дүниесін арқау етті, олармен сырласа білді.
Аудандық газет редакциясында қызмет еткен ұзақ жылдарда Қалихан Қалиасқарұлы оның беттерінде өз қолтаңбасын қалдырып, сол кезеңдегі оқырмандарын мағыналы да мазмұнды мақалаларымен сусындатқан. Ақындық өнерге баулып, соңынан ерткен сандаған шәкірттері оның салған сара жолын, шыншылдығын, бәйгеден озып шығып, қолма-қол суырып салатын тапқырлығын таңдана еске алады.
Құрметті жерлестер!
Тамаша жазушы, дара ақын Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығына орай, сіздерді шын жүректен құттықтауымызды қабыл алыңыздар! Қалихан Қалиасқарұлының шығармашылық жолы соңынан өсіп келе жатқан болашақ ақындар үшін жарқын үлгі болсын. Олар Қалихан аталарындай туған елі мен жерін жан-тәнімен сүйетін азаматтар болып өссін!
Р.Сағандықов, аудан әкімі
Т.Сарманов, аудандық мәслихат хатшысы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.