Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аптап ыстық жаз айларында жиі бой көрсететін дала өрті билік органдарын ғана емес, тұрғындарды да әбігерге салады. «Өрт – тілсіз жау» деп үнемі айтқанымызбен, көпшілік оның зардабын, болдырмау маңыздылығын толық ұғына бермейді. Тілсіз жаудың шабындық, жайылым жерлер мен орман-тоғайды отқа орап, табиғат келбетіне де нұқсан келтіретіні анық. Оған қалай тосқауыл қоя аламыз? Шілде айындағы күннің қатты ысуы бүгінде осы бір өзекті мәселені туындатып отыр. Айтып келмейтін апаттың алдын алуда ауданда не жасалуда, жүзеге асқан шаралар қандай? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Өткен жылы ауданда 21 дала өрті тіркелген екен. Оның ішінде бірнеше мәрте қайталанған округтер баршылық. Аудан аумағында дала өрті биылғы жылы сәуір айынан бастап тіркеле бастады. Ғарыштық мониторинг хабарламасы бойынша осы күнге дейін 5 дала өрті орын алған. Палатцы, Самар, Биғаш, Үлгілімалшы округтерінің аумағында жалпы 115 гектар жер өрт құшағында қалды.

 

- Маусым айының екінші жартысынан бастап ауданда ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріліп тұр. Шілде және тамыз айларында осындай ыстық болып, жауын - шашын түспесе дала өртінің белең алуына әкеліп соғады. Сондықтан да, округ әкімдері мен телекоммуникация торабы барлық елді мекендерді үзіліссіз телефон байланысымен қамтамасыз етіп, демалыс күндері жауапты тұлғалардың кезекшілігін ұйымдастыру қажет. Аудан әкімінің «Табиғи өрттердің алдын алу шаралары және дайындық жағдайы туралы» қаулысы құрылып, бекітілген болатын. Ол барлық округ әкімдеріне жеткізілген. Қазіргі уақытта Теректі округінен басқа бір де бір ауыл әкімі аталмыш қаулыда бекітілген шаралар мен жоспарды орындамай отыр. Осыдан-ақ дайындық деңгейін анық аңғара беріңіз. Өрттің алдын алу және жою шаралары кезінде кейбір мекеме немесе ұйым басшылары жауапсыздық танытып, ұйымдастыру ісіне бейжайлықпен қарайды. Бұл, әрине, қынжыларлық жағдай. Тілсіз жаумен тізе қосып күреспесек болмайды. Қоршаған орта мен табиғи ресурстарға орасан зор шығын алып келетін табиғи өрттерді өшіру келелі мәселе, - дейді аудандық төтенше жағдайлар және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Қуаныш Әңкебаев.

Оның айтуынша, табиғи өрттердің пайда болуы-на негізгі себептер тұрғындардың өзіне байланысты. Тұрғындардың отты абайсыз қолдануы, техникаларды, автокөліктерді пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауы, ауыл шаруашылық субъектілерінің  шабындық қалдықтарын және құрғақ шөптерді қасақана өртеу жағдайынан орын алады.

Бүгінде «тілсіз жаумен» күресу үшін жергілікті жерде 4 мекеме – Көкпекті өрт сөндіру бөлімі-58, Самар өрт сөндіру бөлімі-35, Үлкенбөкен орман шаруашылығы және Самар орман шаруашылығы қызмет етуде. Аталмыш мекемелердің 24 өрт сөндіруге арналған автокөлігі, 269 өрт сөндіру құралы және 95 адамды құрайтын жеке құрамы әзір тұр.

Жалыны жанына келгенді шарпыған өртпен күресу оңай емес. Құтқарушы-сарбаздардың өз қызметінде нағыз ерлік көрсететінін көбіміз, шын мәнінде, сезіне бермейміз. Арнайы киіммен тез қимылдай жүріп, өрттен адамды құтқару және өртті сөндіріп үлгеру асқан ерлікті талап етеді. Тілсіз жаумен жан аямай күресуге қашан да дайын құрамның әрбір сарбазы бейбіт күннің батырлары.

Құрметті аудан тұрғындары! Алдымызда жылдың ең ыстық айлары келе жатыр. Сол үшін бәріміз ұқыпты болайық. Өйткені, бізге табиғат сыйға тарқан туған өлкеміздің әсем де керемет бұрыштарын қаз-қалпында сақтап қана қоймай және біздің балаларымызға, немерелерімізге мирас етіп қалдырғымыз келеді.

Егерде өрт шығу қаупі бола қалған жағдайда, міндетті түрде өрті сөндіруге асығу қажет. Жайылып бара жатқан өртті құм немесе топырақ себу, сумен  сөндіру, кенеп бөлшектерімен жабу және де өртті сөндірудің ең қолайлы әдісі талдардың бума шыбықтарымен немесе киіммен ұру арқылы сөндіруге болады.

Егерде өз күшіңмен өртті сөндіре алмасаң, міндетті түрде жақын жерде орналасқан өртке қарсы қызмет бөлімшелеріне немесе орман шаруашылығы қызметкерлеріне және билік органдарына тезірек хабарлау керек. Әрине, тілсіз жаумен күресу - ортақ міндет. Сондықтан, айтып келмейтін апаттың алдын алу мен сақтық шараларын ширатудан ешкім де сырт қалмауы тиіс. Сонда ғана, тілсіз жауға тосқауыл қоя аламыз!

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз