Социалистік Еңбек Ері, Халық мұғалімі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Ағарту саласының үздігі. Осыншама жоғары дәрежелі атақтар мен марапаттар бір ғана адамға емес, өз ісіне шын берілген, еңбегі сіңген бірнеше педагогтар мен тәрбиешілерге де жетер еді. Бірақ, Жақия Шайжүнісовтың панасыз қалған жетім балаларға қалай қызмет етіп, оларға өз бойындағы барлық жылуы мен даналығын, рухани күш-қайратын аямастан ақырына дейін жұмсағанын білгеннен соң, оның «Ұстаз» деген биік атқа нағыз лайық жан екеніне көзіңіз жетіп, жаңағы атақ-даңқтың, тіпті де, көптік етпейтінін ұғасыз.
Кейінгі ұрпақққа жарқын да өшпейтін ұлағат қалдырған, тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған Жақия Шайжүнісұлы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының тумасы. 1914 жылы табиғаты көркем, ырысы мол Архат тауының баурайындағы Жабағы қыстауы деген жерде дүниеге келген ол, әрине, болашақ тағдырынан бейхабар еді. Аяғын апыл-тапыл басып, енді ғана тілі шығып келе жатқанда майдандағы қара жұмысқа алынған ауылдағы абзал азаматтармен бірге оның әкесі де кетіп, жыл толмай Шайжүністің Петроград түбінде қаза тапқаны туралы қара қағаз келген. Қайғы мен қасіреттен назаланған анасы Ләтипа ауыр науқасқа шалдығып, 1922 жылы дүние салды. Сөйтіп, Жақия 3 жасында әкеден, сегіз жасында анадан айрылған еді. Немере ағасы Ілияс Байсалбайұлы мен ақ ниетті жеңгесі Қайни кедейлігі мен жалшылығына қарамастан, қарапайым адамгершіліктің зор үлгісін көрсетіп, өздерінің шиеттей үйелмелі-сүйелмелі перзенттерінің қасына оны да қосып тәрбиелеп өсірді.
Мектепте алған білімін Семей қаласындағы педагогикалық техникумда жалғастырған Жақия 1933 жылы оқуын тәмамдап, жолдамамен Көкпекті балалар үйіне тәрбиеші болып келеді. Әлі де жұмыс тәсілдері қалыптасып үлгермеген жаңа ашылған, тың мекемеге келген бойда, балалардың дене, киім жүдеулігі мен көңілсіздігін бірден байқаған болатын. Аласапыран өмір талқысынан, оның ауыр сынынан өзі де өткен Жақия жетім балалармен іш тартып, шүйіркелесіп кету оңайға соқпағанмен өз тобындағы балалармен түсінісіп, ортақ тіл табуға бар күшін жұмсаған. Осылайша, уыздай жас жігіт қамкөңіл балалардың жай-күйін жан-жүрегімен сезініп, жауапкершілігі үлкен істі қатардағы тәрбиешіліктен бастап, Көкпекті балалар үйінің оқу ісінің меңгерушісі болса, ал 1938 жылдан бастап 1976 жылға дейін, яғни зейнеткерлік жасқа толғанша осы мекеменің директоры қызметін атқарды.
Өмір бойы тапжылмастан балалармен, тәрбиешілермен қоластындағы қамту қызметкерлерімен әртүрлі ұлттың балалары тұратын үлкен отбасында 43 жыл бойы үздіксіз қызмет еткен ол, бар ғұмырын балалардың тұрмыс-жағдайын жақсартып, тәлім–тәрбиесі мен оқу-білімін жетілдіруге арнады.
Балалардың ісіндегі қабілеттілігін қалыптастыру үшін оған сауатты да шебер басшылық қажет. Жақия аға өзінің жұмыс бөлмесінде шағын кітапхана, методикалық бұрыш ұйымдастырды. Тәрбиеші педагогтардың жұмысын ұйымдастырып бақылаумен қатар өз міндеттерінің бір буыны етіп балалар үйі советінің жұмысын алды. Балалар үйі советінің тұңғыш председателі болып сайланған Әлжан Исабаевтан бастап, буыны қатып, біршама ержетіп қалған Әнуар Ибрагимов, Қабден Нұрмұханов, Құмар Раев, Виктор Речной балалар үйінің сенімді ұйытқысы дәрежесіне көтерілді. Балалар кеңесі, әсіресе, тәрбиеленушілердің ішкі күн режиміне байланысты тіршілік әрекеттерін басқаруды міндеттеріне алып, тәрбиешілерді осы шаралардағы жұмыс бастылықтан жеңілдетуге мүмкіндік жасады.
Аумалы-төкпелі заманда түрлі қиындықтардың салдарынан тағдырдың соққысына ұшыраған қамкөңіл жетімдермен ұзақ жылдар бойы тапжылмастан еткен үздіксіз де қажырлы еңбегі үшін Ж.Шайжүнісовке әуелі «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалім», ал 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қазіргі таңда кезінде Жақия Шайжүнісұлының шарапатына бөленген, ел шаруашылығының сан саласына кірпіш болып қаланған түрлі ұлт өкілдерін құрайтын азаматтар мен азаматшалар жүздеп, мыңдап саналады. Мәселен, Орсаева Галина, Солтанбек Өріспаев, Өгізбаева Гүлнар, Қабден Нұрмұханов, Алексей Трунов, Құмар Раев, Халел Әкімжанов, Төлеш Ахатов, Жанна Оразбекова, М.Сополева және тағы да басқа жүздеп саналатын түлектердің есімдерін мақтанышпен атай аламыз. Ұстаздың жарқын бейнесі олардың санасынан ешқашан өшпек емес.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдардың өзінде балаларды бос уақытында түрлі үйірмелерге қатыстыруға мүмкіндік жасап, олардың өнерге, білімге деген құлшыныстарын оятуы ұстаздың үлкен жетістігі екені белгілі. Балалар үйінің үрмелі аспаптар оркестрін еске алмай кету мүмкін емес. Мерекелік шерулерде үрлемелі аспаптар оркестрі үнемі топтың алдында жүретін. Көркемөнерпаздар үйірмесін өз ісіне шебер мамандар басқарғанмен, Жақия аға бас дайындықтарды, көбінесе, жеке өзі жүргізетін. Оған ұсақ-түйек деген болмайтын, ол үшін балалар өмірінің барлық жағы басты болды. Қыздардың шаштарын тексеріп, ұлдардың етіктерінің ішіндегі шұлғауларын қарап, мектеп формаларын киюін үнемі қадағалайтын. Әрине, бұл жалғыз кісінің ғана қолынан келетін іс емес, ол кісінің жанында үнемі әріптестері Галина Федоровна Винтовкина, Солтанбек Өріспаев, Менташ Жакуповна Искакова, М.З.Құсайынова т.б. болды.
Көкпекті балалар үйінің атын бүкіл Одаққа паш еткен қосалқы шаруашылықтың болуы Жақия Шайжүнісовтың ерен еңбегінің нәтижесі еді. Қосалқы шаруашылықты дамытуда ерен еңбегімен көзге түскен адамдарды айтар болсақ, олар қосалқы шаруашылықты ұйымдастырушы Әбділманов Жұмажан, жылқышы Жүрсін Қорлыбаев ақсақал мен оның жұбайы Шәріпжамал апа, Базарбай Иманбаев, Сергей Нестеронко сынды қарттар белдіктерін бір ағытпады деуге болады.
Балалар үйіндегі еңбек тәрбиесінің үш бағыты қалыптасты. Олар – өзін-өзі қамту еңбегі, оқу еңбегі және қоғамдық пайдалы еңбек. Еңбекке үйрету шаралары алғаш қарапайым әрекеттерден басталған. Мәселен, «түйме», «жаға», «оқулық», «дәптер» атты арнаулы операциялар, жиі-жиі мақсатты конкурстар өткізіп отыру әдетке айналдырылды. Олар балалардың қоғам мүлкіне деген жауапкершілігін арттыруға көп септігін тигізді.
Сондай-ақ, ересек балалардан құрылыс бригадаларын құрып, жазғы каникул кезінде кірпіш құйдырып, жаңа оқу жылы қарсаңына ағаш және тігін цехтары бар шеберхана іске қосылған. Осы цехтарда арнайы дайындығы бар мамандар Әмина Шалабаева мен Чилажитден Махмутовтың жетекшілігімен, өз істеріне тиянақтылығы мен шеберліктерінің арқасында балалар еңбек пен кәсіпке жетік үйрене бастады.
Өз тәжірибесінде Жақия аға балалар үйіне педагогтық және қамту қызметшілерін қабылдауға ерекше жауапкершілікпен қарады. «Тәрбиеші болу үшін тәрбиелі бол» деген қағидаға Жақия Шайжүнісұлы ешқашан қиянат жасаған ұстаз емес. Басына сәбилік күнінен тағдырдың өзі берген аяусыз жазасы аздай, тәрбиешіден жәбір көрген жарым көңіл балалардың келешегі оны қатты алаңдатты. Ол кісі балаларға жәбір көрсеткен, дене жазасын қолданып, балалардың ар-абыройына тіл тигізген адамдармен аяусыз күресті.
Уақыт өте келе балалар үйі, тұтас алғанда, қанша күш пен қабілет жұмсалған тынымсыз еңбектің нәтижесінде танымал тәрбие мекемелері қатарынан орын алып, қалыпты арнасына келді.
Жақия ағаның жан-жары – Александра Викторовна Хлыновская атты орыс қызы. Көкпекті өңірінің үлкендері құрметпен Шура апай деп атап кеткен. Жақия аға мен Шура апай 4 ұл - Мәркен, Тоқан Жағыпар, Сержан, 4 қыз - Балхис (1934ж.т.), Надежда, Найля, Гүлсім атты 8 баланы өсіріп, тәрбиелеген бақытты отбасы. Александра Викторовна ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өмірден түйгені мол, үлкен-кішіге қадірлі, өте байсалды жан болды. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін, тіпті айтатын ойын мақал-мәтелді қосып, әрлендіре жеткізетін, қазақы салт-дәстүрді қалт жібермейтін-ді. Ұлағатты ұстаздың өміріне серік , демеу болған абзал ана 2008 жылы дүниеден қайтқанда қазақ салтымен Семей қаласында жерленді. Ардақты әке атын арқалап жүру балаларына оңай соқпасы рас. Алайда, балалары әке атына кір келтірмей, бәрі де жоғары білімді мамандық алып, еліміздің әр жерінде жауапты да мәртебелі қызметтерін адал атқара білді. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін айта кетсек, үлкен қызы Балхис Алматыдағы мұражайда еңбек еткен, қазір зейнеткер. Ұлы Мәркен республикада, Семей, Павлодар, Маңғыстау облыстарында, Москвада жоғары лауазымды қызметтерде болған. Қазір зейнеткер Астанада тұрады. Надежда - дәрігер болған, қазір Алматыда, зейнеткер. Тоқан (1944 ж.т.)Өскеменде, «ҚАЗГИПРОЦВЕТМЕТ» АҚ Президенті. Жағыпар (1947 ж.т.) – педагогтық еңбекпен шұғылданған, зейнеткер Семейде тұрады. Найля – (1950 ж.т.) Семей медициналық университетінде сабақ береді, дәрігер. Гүлсім – Алматыда бизнес колледжде сабақ береді, Сержан (1957ж.т.) – мамандығы дәрігер, Семей қаласында бизнеспен шұғылданады.
Артына өшпес із қалдырып, мың баланың әкесі атанған еңбегі жанған ұлы ұстаз 1983 жылы 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.